ӨНЕГЕЛІ ОТБАСЫ

0 496

төлеуовтер

Ұлттық отбасылық құндылықтарымызды дәріптейтін «Мерейлі отбасы» сайысына қатысуға тілек білдірушілердің саны артып келеді. Соның арасында дәрігерлердің, теміржолшылар мен спортшылардың әулеттерімен бірге өскелең ұрпақтың тәрбиесіне атсалысып ерекше жүрген азаматтың отбасы бар. Ол – Нұрсұлтан мен Гүлшат Төлеуовтердің шаңырағы. Нұрсұлтан орта мектепте технология мен сызудан сабақ берсе, Гүлшат – қазақ тілі мен әдебиетінің маманы. Ержетіп қалған ұлының екеуі де оқу озаттары. Әке қолының шеберлігі екі ұлдың да бойына біткен. Одан қалды, «спорттан да алатынымыз бар» деп жүрген жалынды жеткіншектер екен. Екі жасар Нұрай ағаларының сүйкімді қарындасы, ата-аналарының қуанышы болып өсіп келеді.

Гүлшат пен Нұрсұлтан отбасында бұзыл­май­тын дәстүр бар. Кешкісін бәрі бас қосып, күні бойы атқарған істері мен болған уақиғаларды талдап отыруды әдет еткен. Әрбір кеште ұлдары ақтарыла сөйлеп, ойларын бүкпей айтып, алған әсерлерімен бөлісіп отырады. Онда тұрған не дерсіз?! Алайда, осылайша ашыла сөйлескен са­йын араларында сыйластық пен сенім орнайды. Балаларының достары кім екенін де білмейтін ата-аналар үшін бұл үлкен өнеге дер едім.

Жалпы, қазақ отбасында әкенің орны бөлек. Әсіресе, қазіргі балалар үшін әке – қол жетпес асқар тау емес, қиналғанда қол ұшын беретін, ақылымен жол көрсетіп, жетістіктері үшін арқасынан қағып, арманына қанат бітіретін жақын жанашыры болуы керек. Нұрсұлтан – тек қос ұлының ғана емес, мектептегі жасөспі­рімдердің де сенім артатын ардақты ұстазы.

– Отбасында бала тәрбиелеудегі тәжірибемді жиі қолданамын. Ал, жұмыстың түйткілдерін есіктің сыртында қалдыруға тырысамыз. Мек­тептен тыс уақытымыз өзімізге, қос қолқа­наты­мыз бен қызымызға арналуы керек. Отбасында қандай шешім қабылдайтын болсақ та ұлда­ры­мызбен кеңесіп, пікірлерін ескереміз. Жалпы, бала тәрбиелеудің құпиясы біреу ғана: оларды мына қоғамның бір мүшесі ретінде бағалап, тыңдай білу керек, – дейді отанасы Гүлшат.

Арқалық педагогикалық институтының түлектері Нұрсұлтан мен Гүлшаттың тұңғыш­тары анасының диплом алған күнінің ертесіне дүниеге келген екен. Нұрсұлтанның ата-анасы ертерек қайтыс болғандықтан, тұңғыштарын Аңсаған деп атайды. Төлеуовтер отбасының баспаналы болып, қоныс тойы шілдеханаға ұласуына себепкер болған екінші ұлы – Самат. Ал, еліміздің тәуелсіздігі күні – 16 желтоқсанда дүние келген Нұрайдың туған күні – барлығы үшін ерекше дата. Себебі, жас отбасы арманы мен үмітін еліміздің болашағымен байланыс­тырады. Қазақстанның лайқатты азаматын тәрбиелеуді Нұрсұлтан мен Гүлшат мерейлі міндетіміз деп санайды.

Әзірге Аңсаған мен Самат отбасының да, мектебінің де мақтанышы болып өсіп келеді. Қалада болып жататын қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді. Жақында республикалық «ЭКСПО-2017» бәйге-көрмесінде 3-орынды иеленді. Олар байқауға ойлап тапқан қоқыс өңдеу зауытының жобасын ұсынған еді. Қазылар алқасы бала қиялдан шыққан үздік жобаны Түркияда өтетін жарыстың екінші кезеңіне жіберу керек деп шешті.

– Ұлдарымыз – біздің мақтанышымыз. Олар мейірімді, ақылды және көпшіл болып өсіп келеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөз бар ғой. Отбасында еңбекке төселіп, жақсылық пен жамандықты ажырата білген бала өмірдің шиыр да шытырман жолында адаспайды. Отбасының шуағын өздерімен бірге алып жүретін болады, – дейді Нұрсұлтан.

Шаңырағы биік, босағасы берік Төлеуовтер отбасы мүшелері мыңдаған елордалықтай таң атса, бірі – қызметіне, бірі – оқуына, кеш батса, үйіне асығады. Әр кеш сайын сағынып кездескендей шүйіркелесіп жатқаны. Кішілері – үлкендерін, үлкендері кішілерін қуантып, жақсы жаңалықтарымен бірінші болып бөліскісі келеді. Олардың әңгімелерінен бір-біріне деген құрмет, сыйластық пен сүйіспеншілік есіліп тұрады. Төлеуовтер отбасының өзгелерден өнегесін арттырып тұратыны да осы ерекшелігі болса керек.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 5 =