Өнегелі әкелерді ардақтайды
Жақында елордадағы Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясында «Отбасы – адамзат бесігін тербеген ұя» атты ата-аналар форумы өтті.
Форумның өтуіне қалалық ата-аналар қауымдастығы мұрындық болды. Мұндай ауқымды іс-шара алғаш ұйымдастырылып отыр екен. Форумға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова, еліміздегі Болгария мен Жапония елшілігінің жауапты қызметкерлері, «Нұр Отан» партиясының мамандары және тағы басқа қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Форумда бүгінгі жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне ата-ана мен мектеп екі жақтап ықпал жасау жайында ата-аналар қауымдастығының төрайымы Гүлнар Омарова мен Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясының директоры Базаргүл Сағындыққызы өз ойларын ортаға салды. Басқа да азаматтар тәрбиесіз білімнің тұл екендігін сөз етті.
Сондай-ақ, жиын барысында оқушылардың өз қолдарымен жасаған бұйымдарынан көрме өтіп, балалардың білім сайыстарында қол жеткізген жетістіктері жұртшылыққа көрсетілді. Өнерпаз өрендер әуелетіп ән салып, күмбірлетіп күй төкті.
Жапония елшілігінің маманы Кумари Харуси озат оқушыларды күншығыс елінде білім алуға шақырса, Болгария елшілігінің өкілі жеткіншектердің үш тілде еркін сөйлегені мен өнеріне ризашылығын білдірді.
Форум соңында ата-аналар қауымдастығы үндеу қабылдады. Онда жас ұрпақты ұлттық құндылықтармен тәрбиелеу үшін «Отбасы және мектеп» академиясын құру, қайсарлық пен ермінезді, рухты әкелерді дәріптеу мақсатында «Жүз өнегелі әке» жобасын жасау, сан ғасырлық мұраға бай ұлттық өнерімізді бастауыш сыныптан бастап оқыту секілді жаңашыл идеялар көтерілді.