ОНДЫҚҚА ТИГЕН ОЛИМПИАДА

0 124

физ 12

Оқушылар арасындағы 45-інші Халықаралық физика олимпиадасы өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы 3 алтын және 2 күміс медаль еншілеп, командалық есеп бойынша 85 мемлекеттің арасында үздік ондыққа енді.

Назарбаев университетінде ұйым­дастырылған білімділер додасы екі кезеңнен тұрды. Теориялық сында 383 оқушыға тапсырмалар жазылған 3 конверт таратылып, оны орындауға 5 сағат уақыт берілді. Қатысушылардың қай елден келгендігі де ескеріліп, сәйкесінше есептері де өз тілдеріне аударылды. Шетелден келген біраз профессорлардың айтуынша, Астанадағы IPHO олимпиадасының тапсырмалары әдеттегіден қиын әрі көп болған екен.

Алайда олар физиканың қарқынды дамып келе жатқандығына байланысты оқушылар да мықты болу керектігін айтып, сұрақтар деңгейін лайықты деп тауыпты.

Ауқымы кең олимпиаданы ұйым­дастырушы ел ретінде Білім және ғылым министрлігіне, қала әкімшілігі мен «Дарын» ғылыми-практикалық орталығына артылған жүк жеңіл болмағаны анық. Қазақ еліне алғаш рет ат басын тіреген әлем жастарының ғылым бәйгесін халықаралық дең­гейде өткізіп қана қоймай, мей­ман­дардың көңілін қалдырмай, ұйым­дастыру жағын кем-кетіксіз жасау қажет. Қазақстан бұл үдеден шыға білді. Ол қатысушылардың ыстық ықыластарынан айқын аңғарылды. Жас физиктер, әсіресе, Астана сәулетіне таңғалысып, оның көркі ел дамуын паш етіп тұрғандығын жасырмады. Бір аптаға созылған олимпиада кезінде олар қаланы аралап қана қоймай, Бурабай курортына да барып қайтты. Ондағы этно-мәдени ауылда тігілген киіз үйлерге бас сұғып, ұлттық тағамдардан дәм татып, бишілермен бірге қазақ билерін де билеп үлгерді.

«Бәрі өз уақытында өтті. Бізді жақсы орналастырды, оқу­шы­лармен де үнемі байланыста болдық. Қатысушылар жадында Қазақстандағы бұл олимпиада мәңгі сақталатынына күмәнім жоқ» деді Сараево университетінің профессоры Райфа Мусемич.

«Осы олимпиадаға былтыр да қатысқанмын. Алайда, жарыстан күміс медальмен оралдым. Келесі IPHO елімізде өтетінін білгенде, бір жыл бойы еңбектеніп, алдымызға «алтын аламыз» деген мақсат қойдық. Қосымша кітаптарды ақтармай, мектеп бағдарламасымен ғана дайындалған балалардың қи­налып қалғаны рас. Өйткені, осы жылы университеттің алғашқы курсында үйретілетін есептер болды» дейді алтын медаль иеленген отандасымыз Әмір Бірәлин. Сонымен қатар, ол олимпиаданың жабылу салтанатында бәрінен оза шауып, жоғары көрсеткіштен көрінген 7 абсолютті жеңімпаздың қатарына кірді.

Жеңімпаздарды Бейбітшілік және келісім сарайында ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов пен IPHO олимпиадасының прези­денті Ханс Йорданс марапаттады. Иса Данат, Нұрбек Дінмұхаммед, Тұрсынбек Нұрислам, Әмір Бір­әлин және Дәулет Құрмантаев ел мәртебесін бірінші ондықтағы сегізінші сатыға көтерді. Ал, алғашқы үштіктен Қытай, Тайвань және Оңтүстік Корея командалары көрінді.

Ендігі кезекте бұл олимпиада 2015 жылы Үндістанның Нью-Дели қаласында өткізіледі.

Мәдина ЖАҚЫП

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty + two =