ӨНДІРІС – ТІРШІЛІК ӨЗЕГІ

0 143

Елбасының «Жергілікті атқарушы органдар басшыларының тұрғындармен кездесу өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, Алматы ауданы әкімінің кезекті кездесуі «Астана-Көгалдандыру құрылысы» АҚ өтті. 

Аталмыш мекеменің қыста атқа­ратын жұмысының ауқымы кең. Қазіргі күнде 1300 жұмысшы екі ауысыммен еңбек етіп, көшелерді қалың түскен қардан тазалауда. Қол еңбегін жеңілдету үшін техника күші пайдаланылуда. Былтыр шығарылған қардың көлемі – 150 мың текше метр болса, биылғы желтоқсан мен қаңтар аралығында 700 мыңнан асып, былтырғымен салыстырғанда, 4,5 есе артық қар шығарылған. Осы кәсіпорынның директоры Жарқын Жұмағұлов, қар еріп көктем келгенде жұмыстары жаңа қарқынмен жаңғыратынын айтты. Аудан әкімі Сапар Ахметов ауданды абаттандыру, көгалдандыру жұмысында және ауданның санитар­лық жағдайын жақсартудағы ұжым қызметкерлерінің ерен еңбегін атап өтті. «Ауданымызда 432 аула бар, қазіргі таңда олардың 75 пайызы абаттандырылған. Тұрғындардың игілігіне бағытталған істер жалғасын табуда, есепті жылда балалар ойын кешені, кіші сәулет формалары орналастырылып, 12 мың шаршы метр аумағында кіреберіс жолдар мен автокөлік орындарына асфальт төселді» деді ол.

Әкім аудан экономикасына қа­тысты мәліметтерге тоқталды. Есепті мерзім аралығында аудан кәсіп­орындары күшімен 112 млрд 993 млн теңгеге әлеуметтік маңызы бар өнім өндірілген. Бұл қала өндірістік өнімінің жалпы көлемінің 57,5 пайызын құрайды.Өткен жылы ашылған жаңа өндіріс орындары мен жұмыс жасап жатқан кәсіпорындардың модернизациясы мен қуатының ұлғайғандығы осы көрсеткіштің негізін қалап отыр. Атап айтқанда, ауданда 139 ірі және орта өндірістік кәсіпорын бар. Оның 23-і машина жасау, ағаш өңдеу және басқа да металл конс-трукцияларын, құры­лыс материалдарын, абаттандыру бөлшектерін жасаумен айналысады. «Ұлттық экономиканың басты қозғаушы күші – кәсіпкерлікті қолдау, шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасау Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген мәселелер. Осылардың барлығын жыл көлемінде аудандық Салық басқармасымен бірлесе жүзеге асырдық», – деді Сапар Қайратұлы. Ауданда 31 321 шағын және орта бизнес субъектісі бар. Салық әкімшіліктендірілуін ымыралау бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіліп, қолайлы салық тәртіптері енгізіліп, кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстары жолға қойылған.

Мұндай жұмыстардың нәтижелі екені дәлелденді. 2012 жылы мемле­кеттік бюджетке жоспарланған 70,2 млрд теңгенің орнына 84,8 млрд теңге түсіп, жылдық жоспар 120,8 пайызға орындалған. Салымдардың басым бөлігін шағын және орта бизнес табыстары құрап отыр.

Бірқатар қалалық коммуналдық кәсіпорындар осы аудан аумағында орналасқан. Алты бірдей мекеме су, электр қуаты, жылу мен газбен қамтамасыз етумен айналысады. Олар­­дың қалыпты жұмысының қала халқы үшін маңызы зор еке­ні түсінікті. Сол себепті, кәсіп­орын­дардың күрделі және ағымдағы жөн­деу жұмыстары жоспарлы түр­де жүргізілген. Атқарылған жұ­мыстардың нәтижесінде тір­ші­лікті қамтамасыз ету бойынша тұрғындардан түскен арыздардың саны 2011 жылмен салыстырғанда шамамен 1,5 есеге төмендеген. Бұл – кәсіпорындардың қызмет сапасы артқанының белгісі.

Аудан әкімінің есебінде әлеу­меттік саладағы маңызды мәселелер де қамтылды.

Кездесу соңында Сапар Ахметов бірқатар сұрақтарға жауап берді.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 1 =