«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«ӨНДІРІС» ҚАШАН ӨРКЕНДЕЙДІ?

0 140

4

«Өндіріс» тұрғын алабында Сарыарқа ауданының әкімі Павел Кулагиннің есеп беру кездесуі өтеді дегенде алдын ала қамданыс жасауға тырыстық. Ең бастысы, жету жолын ойлап, елдімекенге қандай автобустар қатынайтынын білу үшін аудан әкімдігінің ішкі саясат бөліміне хабарласқанбыз. Біз телефон шалған қызметкер соны білмейтін болып шықты. Ғаламтордан да сәйкес ақпаратты таба алмадық. Амал жоқ, есеп беру кездесуі өткен сейсенбі күні «Өндірісте» аудан әкімі халықпен кездескен орын – № 49 орта мектепке таксилетіп жеттік. Тұрғын алапта қоғамдық көлік мәселесі өзекті тұрғанын сонда анық көз жеткіздік.

«Қоғамдық көлік бағдарлары көбейсе игі»

Халқының саны қырық мыңға жуықтайтын аталған елдімекенде жолаушыларды тасымалдаумен №6 автобус паркінің №24 және №30 бағдарлары ғана айналысады. Біз осының алдында барған «Көктал» тұрғын алабының өзінде осыншама халық тұрмайды. Алайда, «Көкталға» шағын автобустарды қоспағанда, кемінде үш үлкен автобус (№5, 8 және 46 бағдарлар) келеді. Оң жағалауды айтпағанда, өзіміз тұратын сол жағалаудан бұл елдімекенге №46 бағдармен жетуге болады. Ал, «Өндіріске» қаланың Есіл ауданы аумағынан қатынайтын қоғамдық көлік атымен жоқ. Жақсы, біз бұл тұрғын алапқа осындай есеп беру кездесуі кезінде жылына бір-ақ рет барармыз, жергілікті халықтың жайы назар аударуға тұрарлық.

Елорда басшысының  орынбасары Қосман Айтмұхамбетов қатысқан «Өндіріс» тұрғын алабындағы Сарыарқа ауданының әкімі Павел Кулагиннің есеп беру кездесуінде халық осы қоғамдық көлік мәселесін біраз қаузады. Өзін Галина Тимощук деп таныстырған тұрғын бірнеше түйткілді көтере келіп, осы мәселені де айналып өте алмады.

«Біздің елдімекенде жол инфрақұрылымы дамымаған. Бұл жағдай өзімізді айтпағанда, балаларымызға қиын тиіп жүр. «Өндірісте» балалардың бос уақытын жабатын, пайдалы іске үйретіп, шығармашылығын шындайтын, спортқа баулитын үйірмелер жоқтың қасы. Мәселен, менің балам қаладағы көптеген үйірмелерге қатысамын десе, көп уақыты жолға кетеді. Кептелісте біраз уақыт тұрады, оның үстіне көлік ауыстыруына тура келеді. Сабақтан кейін шықса, қалаға кешке бірақ жететін түрі бар. Сондықтан аталған жағдай баламды үйірмеге қатысуға кедергі келтіріп отыр» деді ол.

Тұрғын алабындағы Ақбидай көшесіндегі емханаға тіркелгендердің саны тиісті нормадан асып кеткендіктен, елдімекендегі үш отбасы қаладағы «Достық» отбасылық орталығына тіркеуге алынды. Қаладағы осы орталыққа жету жағынан да сабылыс туатыны айтылды.

Бұл сұраққа жауап беруге тырысқан қалалық Жолаушылар тасымалы басқармасы басшысының орынбасары Әбдіхамит Тамабаев жарытып ештеңе айта алмады. Тек «тұрғын алабының даму жағдайына қарап, бағдарларды біртін-біртін қосып отырамыз» деді. Аудан әкімі осы жауапқа қанағаттанбаған болуы керек, «мәселені тез арада қарап, шешуге тырысыңыз. Немесе тұрғындарға сұрақ туындамайтындай  жауап беріңіз»  деді ренішін жасыра алмай.  Ал үйірмелерге қатысты жергілікті жерде оларды көбейту керектігі жөнінде пікірін білдірді.

Осы жағынан алғанда, тұрғындар тарапынан елдімекенде спорттық даму орталығын ашу ұсынысы енгізілді. Бұған жауап берген қалалық Мәдениет, мұрағат және құжаттамалар басқармасының өкілі бұған қаржы қарастырылмағынын айтты.

Қалаға қатынау жағынан қиындық туындайтыны бір мәселе, тұрғын алабының  кейбір аумақтарын  қоғамдық көлік бармайды екен. Халық «Мұнайшылар» аталатын кентке автобус бармайтынына шағымдарын жеткізді. Сондай-ақ, №24 бағдарды «Лесозавод» аумағына дейін ұзартуды сұрады.

Ескі үйі бұзылғанның есесі кетпейді

Тұрғындар көтерген екінші бір үлкен мәселе апатты жағдайдағы ескі үйлерді сүруге қатысты болды. «Мен қазір сүрілуге кететін 41 шаршы метрлік 2 бөлмелі үйде тұрамын. Алайда, маған оның орнына 1 бөлмелі пәтер беріп жатыр. Неге бұлай болып тұр?» деген сұрақты қойды бір тұрғын. Ойыл көшесінде тұратын, өзін Сәдуақасовпын деп таныстырған адамның сұрағы да осыған ұқсас болды. Ақсеңгір көшесіндегі  1- үйде  тұратын бір мұғалима да апатты ескі үйде тұрып жатқанын тілге тиек етіп, «мен тұратын үй сүріле ме?» деген сұрақты қойды. Оған бұл үйді сүру мерзімі  наурыз айына белгіленгені  айтылды. Ал, алдындағы екі тұрғынға қалалық Тұрғын үй басқармасының басшысы Руслан Ахметов жауап беріп, «ережеге сәйкес жаңа баспана сүрілетін үйдің шаршы метріне сәйкес беріледі. Яғни, қазір тұрып жатқан баспаналарыңыздың аумағы қанша болса, жаңадан берілетін үй соншама аумақта немесе одан үлкендеу болады. Әйтеуір, ескісінен аз көлемде емес» деді.

Әдеттегі жолдарды жөндеу, кәріз жүйесі, ауыз су, жарықтандыру мәселелері де көтерілді. Кездесу өткен мектептегі оқушыларға берілетін тамақтың қымбаттығы айтылды. Барлық сұрақтарға рет-ретімен жауап берген аудан әкімі түйткілдерді шешуге тырысатынына уәде берді.

 

 КӘСІПКЕРЛЕР  КӨП  МӘСЕЛЕ  КӨТЕРДІ

 

Былтыр елордада бағдарларды жаңғыртудың бағдарламасы жүзеге асырыла бастап, біраз автобустардың бағыттары өзгертілді. Алайда, бұл жағынан кемшіліктер жіберілген сияқты. Бұған бір мысал ретінде «Өндірістегі» жағдайды келтіруге болады. Кеше Павел Кулагиннің Сарыарқа ауданы әкімдігі гимаратында кәсіпкерлермен кездесуінде осы мәселе бойынша жетпейтін тұстар қайта қаузалды. Кездесуді қалалық мәслихат депутаты, С. Сейфуллин атындағы агротехникалық университеттің ректоры Ақылбек Күрішбаев ашты. Осындай есеп берудің маңыздылығына тоқталған ол кездесуге өзінің депутат әріптестері қатысып отырғанын жеткізді.

«Баяғы-бағзы замандамыз ба?»

5

Сарыарқа даңғылыан батыс аумағына қарай тұратын халық сапаржайға бір автобуспен жете алмайды. Вокзалға бару үшін оларға көлік ауыстыру керек. Әсіресе, «Көктал» тұрғындары бұл жағынан қиындық көруде. Кәсіпкерлер көтерген жалпыға ортақ бір мәселе осы болды. Бұған жауап берген Павел Кулагин қалалық Жолаушылар тасымалы басқармасына «осындай мәселе туындап жатса, жаңғыртылған бағдарлар туралы халықтың хабары аз шығар, БАҚ арқылы бұл ақпаратты елордалықтарға тағы жеткізіңіз» деген тапсырманы жүктеді.

«Көкталдағы» Таңжарық көшесіндегі инфрақұрылым мүлде нашар екен. Мұны көтерген тағы бір кәсіпкер бұл көшеде дұрыс жол жоқтығын, су мәселесінен де қиындық көріп отырғандығын, жарықтандыру жағынан да түйткілдер бар екенін,қарапайым телефон байланысы жоқтығын, сәйкес желі тартылмағанын, баяғы бағзы заманда тұрып жатқандай халде екенін жеткізді. Осы сұрақтарға жауап берілгенде, осы елдімекендегі жол мәселесі биылша күте тұратыны, себебі тиісті жоспар  жоқтығы айтылды. Жарықтандыру жағынан мәселе қарастырылатыны, телефон бойынша жауапты мекемеге сұраныс жіберілетіні жеткізілді.

«Жедел жәрдем» зорға жетеді

Кәсіпкерлер мәселе көтергенде, біраз сұрақ «Астана Су арнасы» кәсіпорыны жұмысына қатысты болды. Мәселен, Мәскеу көшесіндегі  4-үйде тұратын тұрғын суық су жоғарғы қабаттарға әрең көтерілетініне налыды. Оған : «7-ші су стансасы бұл аумақтан алыс емес. Айтып отырған үйіңіз 5 қабатты. Сондықтан негізінен мәселе туындамауы тиіс еді. Бар кілтипан ПИК-те сияқты. Су диаметрі 90 мм құбырдан тарайды. Ал үйге келгенде ПИК басшылары диаметрі 40 мм құбырды орнатуы мүмкін. Қысым аз болғандықтан, судың жоғарыға қарай көтерілмеуі  мүмкін» деп жауап берді кәсіпорын өкілі.

Абай 11 мекенжайының шатыры әбден тозғандығы айтылса, осы көшенің 18 үйінің тұрғыны жедел жәрдем жұмысына шағымданды. Оның айтуынша, олар дәрігерді үш рет шақырған. Бірінші көлік «біздің аумақ емес» деп сылтау айтыпты. Екіншісі «сіздерді ауруханада бәрібір қабылдамайды» деп білгішсініпті, үшіншісі болса шақырған жерге 2 сағат 40 минут жүріпті. Шағымданушының мәселесін қалалық Денсаулық сақтау басқармасы қарастыратын болды.

Барды бағалай білейік

Бізде өзімізде барды бағаламай, өзгенің қаңсығын таңсық қылу жиі кездеседі. Суретшілер Одағының Астана қалалық филиалының басшысы Тоқтар Ермековтің жанайқайынан кейін бізге осындай ой келді.

«Біздің одаққа 90 адам мүше. Бәрі білікті адамдар. Алайда,  кейінгі кезде еленбейтін болдық. Қалада орнатылған жылқылардың мүсіндері Қытайда боялады. Қазіргі мұз қалашығы да солардың қолынан шыққан. Біз олардан кем жасаумашы едік. Негізінен қытайлықтармен екі жыл бұрын келісімшарт жасалғанын естідік. Біз үш жыл бұрын қаланың бұрынғы әкіміне аталған жобаны таныстырған едік. Ол ұнатты. Бірақ біздің жобамыз қытайлардың қолына беріліпті. Бұл қалай? Сосын біз қазір кеңсені жалға алып отырмыз. Коммуналдық төлемдер қысайын деп тұр. Оның үстіне «ҚР Мәдениет туралы» заңында біз секілді одақтар жөнінде бірде-бір сөз жоқ. Сондықтан қиналып жүрміз» деді ол.

Павел Кулагин қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасы осындай шығармашылық адамдарды елегені дұрыс деген пікірін айтып, «суретшілерге қолдан келген көмекті жасаймыз» деді.

Бұл сұрақтардан өзге «Кәусар» ЖК өкілі экологиялық полиция тексеріс нәтижесінде абаттандыру ережелері бойынша өздеріне ескерту бермей, бірден 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салғанына шағымданды

Бір кәсіпкер судың бетінде сауықтыру кешенін салғысы келетінін, бірақ алдынан кедергілер шығып жатқанын жеткізді. Бұл мәселені Павел Кулагин Коммуналдық меншік қорымен бірлесіп шешуге уәде берді. Кәсіпкерлер сондай-ақ, сыртқы жарнаманы орналастыруға неге салық салына бастағанын білгісі келді. Иелігіндегі ғимарат қасбетін жақсарту бойынша сұрақтарды қойды. Бұл сұрақтардың жауабын  қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасының мамандары бермек. Сонымен бірге жазбаша сұрақтар да қабылданып, тиісті мекемелерге жөнелтілетін болды.

Есеп беру кездесуін түйіндеген Ақылбек Күрішбаев кәсіпкерлерде көп түйткіл жиналғанын көріп отырғанын жеткізді. Мұнайға сенетін дәуір өткенін, қазіргі заманда шағын және орта бизнеске арқа сүйеу керектігін айтты. Сондықтан, мүмкіндігінше олардың мәселелерін шешу керектігіне назар аударды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды