ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫНДАҒЫ ӨЛІМ

0 120

АЗАЙМАЙ ТҰРҒАНДЫҒЫ – ӨТЕ ӨКІНІШТІ ЖАҒДАЙ

13_STROIII

Өндіріс ошақтарындағы қайғылы жағдайлар… Қанша айтылып, қанша жазылып келе жатса да бұл тақырыпқа қайта-қайта оралуға мәжбүрміз. Кәсіпорындарға нәпақа табамын деп келген азаматтар, керісінше, мүгедекке айналып, тіпті жақындарын еңіретіп, ана әлемге кетіп те жатыр. Және сан жағынан келсек, жылдан-жылға осындай жағдайлар азаюдың орнына көбейіп келеді. Мәселен, Астананың өзінде ағымдағы жылдың тоғыз айында өндірісте 94 қайғылы жағдай тіркеліп, 27 адам көз жұмған. Салыстыра кетсек, былтыр осы кезеңде 57 осындай факт тіркелген. Осының ішінде 19 адам өмірмен қоштасқан.

Астана қаласы Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметтерге сүйенсек, биыл осындай оқиғаларға қатысты 22 қылмыстық істің тергеуі аяқталған. Солардың кейбірін келтіре кетсек, «Ақмол Тепло Сервис» ЖШС жұмысшысының қаза табуына байланысты кәсіпорын директорының үстінен еңбектi қорғау ережелерiн бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, 19 маусым күні сот қарауына жіберілген. ҚР Қылмыстық кодексінің осы бабына сәйкес «Адал групп ЛТД» ЖШС директоры мен механигіне де айып тағылды. Тергеу анықтағандай, кәсіпорын жұмысшылары Б.Тастанбеков пен А.Өстеміров жұмыста жүріп, ауыр жарақат алып қалған. Олардың денсаулықтарына айтарлықтай зиян келуіне басшылары айыпталып, материал сотқа 5 тамыз күні жіберілген.

Бұл анықталған фактілер ғана. Ал, «жабулы қазан жабулы күйінде» қалып жатқаны қаншама. Мысалы, былтыр «Квадрострой капитал» ЖШС-де жұмыс істеп жүрген өзіміздің бір туысқанымыз жұмыста жарақат алып қалып, ауруханаға түсті. Жұмысшысы осындай жағдайға душар болғанда басшылары селт етпеді. Моральдық та, материалдық көмекті де көрсетуге жарамады. Туысқанымыз ауруханадан шыққаннан кейін тиісті орындарға шағымданып бақты. Алайда, еш жерден қолдау таппай, аман қалғаныма шүкір деп ауылына қайтып кетті. Енді «көрмегенім Астана болсын» деп отыр. Әрине, осындай жағдайларда өндіріс ошақтарының басшыларын ғана кінәлауға болмайды. Кейбір жұмысшылардың өздері қауіпсіздік техникасын сақтамай, жарақаттанулары мен ажалдарына себеп туындатып жатады. Сондықтан, абайласаңыздар игі, ағайын, дегіміз келеді.

Аманғали ШМИТҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − one =