«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Он жасар өрен

0 233

Кеше «Астана Опера» театрының үлкен залында аталған өнер ордасындағы балалар студия­сының солисі, он жастағы Қажымұрат Еркін сахнада алғаш рет К.Орфтың атақты «Кармина Бурана» сахналық кантатасының тенор партиясын орындады.


Расында, бұл – елеулі жаңалық. Он жасар өрен жеке нөмірмен солист ретінде қойылымға қатысып, дебют жасады. Оның өнеріне көрер­мендер риза болып, ұзақ уақыт қол шапалақтады. Әрине, жас өнерпаз сахна сиқырын әбден меңгерген. Дауысы да әуезді. Партияны сәтті алып шықты. Ол бұдан бұрын да Дж.Пуччинидің «Тоска» операсында Бақташы бала рөлін, «Богема» операсында солоны орындаған. Аға буын өкілдерімен түрлі концерттік бағдарламаларға қатысқан. Қысқасы, болашағынан көп үміт күтетін жас дарын. Белгілі дирижер Абзал Мұхитдинов: «Карл Орфтың осындай бірегей бала-әртісі болғанда, ол бұл партияны соған арнап жазар еді» деп айтады. Осыдан-ақ Қажымұраттың жоғары кәсібилігін, әртістігін, айрықша музыкалық қабілетін көре аласыз.
«Ол қарапайым емес вокалдық партияны керемет игеріп қана қоймай, жаңа сахналық бейнені де сәтті жасады. Мұндай тәжірибе өмірде бұрын болған емес еді» деді қойылым режиссері Наталья Кагадий.


Атақты композитордың ең танымал шығармасы симфониялық оркестр, хор, балалар хоры мен опера труппасы жетекші солис­терінің орындауында шырқалды. Сопрано партиясын Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Альфия Каримова орындады.
Бұл либреттосының негізінде ортағасырлық поэзия жинағынан алынған латын және көне неміс тілдеріндегі жиырма төрт өлең жатыр. Сахналық кантата бүгінгі күннің де өзекті тақырыптарын қамтыды. Әсіресе, өмірдің қас-қағым сәті, табыс пен байлықтың тұрақсыздығы, асқақ махаббат пен пенделік қуаныш секілді күнделікті тіршілікте сапырылысып жататын жағдайлары шынайы өрілген.
Қойылымды тамашалауға келген көрермендер жас талант Қажымұрат пен басқа да солис­тердің өнеріне тәнті болып, риза көңілмен тарқасты.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды