Он үште кәсіп иесі

0 174

Торт пісіру тек қыздардың жұмысы деп ойласаңыз, қателесесіз. Бүгінде кондитерлік салада кәсібін өрге сүйреп жүрген жігіттер жетерлік. Небәрі он үш жасында хоббиін табысқа айналдырған Әділ Хамзин жайлы естідіңіз бе? Нұр-Сұлтан қаласындағы №59 мектеп-лицейдің оқушысы Әділдің бойында бұдан басқа бірнеше өнер тоғысқан.

Біз хабарласқан уақытта Әділ Тұңғыш Президент күніне арналған концертте дайындықта жүр екен. Шыға салысымен вокал сабағына барады. Демалыс күні болса да тыным таппайтын жас өнерпаздың әншілігінен бөлек, актерлік қабілеті де, модельдік қырлары да бар.

Кондитер бала

Он үштегі балаға біз атап өткен өнер аз емес еді. Бірақ Әділ торт, түрлі бәліштер пісіруді үйреніп алып, білек түріп кондитерлікке кірісіп кетіпті. Анасы Жанна Хамзинаның айтуынша тәттілерді бастапқыда тек отбасына ғана пісіріп жүрген. Кейін көршілер мен таныстардан тапсырыс көбейіп, Әділдің құлшынысы арта түсіпті. Тапсырысты қабылдайтын да, оны пісіріп, сәндеп жеткізіп беретін де өзі екен.
«Торт пісіру менің хоббиім десем де болады. Кішкентай кезімде ағам отбасымызға арнап әртүрлі тәттілер дайындап беретін. Кондитерлікке деген қызығушылығым сол кездерден басталды. Ас үйде анама жағаласып көмектесіп жүрдім. Кейін өзім де түрлі торттарды пісіре бастадым. Осылайша бос уақытымда аспаздықпен айналысамын. Аптасына 5-6 торт пісіріп, 20-30 мың аралығында табыс тауып жүрмін. Қалған күндерімде арнайы кесте бойынша вокал мен жүзуге қатысамын. Тапсырыс беретіндердің көбі – таныстарымыз. Ал достарыма бұл туралы әлі айтқан жоқпын. Бірақ, болашақта өзім қызығатын осы саланы дамытып, жеке кәсіп ашу ойымда бар» деді жас кәсіпкер Әділ Хамзин.
Әділ бұрыннан түрлі тәттілер пісіріп жүрсе де, кәсібін осы күзден бастаған. Өз бетінше ақша тауып көргісі келген баласының талабын ата-анасы да жерде қалдырмай, рұқсаттарын беріпті. Ал он үш жасар кәсіпкердің алғашқы торты 10 минутта сатылып кеткен. Бүгінде клиенттер тарапынан Әділдің торттарына сұраныс артып, жақсы пікірлер келіп түсуде.
«Отбасымызда екі ұл тәрбиелеп отырмыз. Әділ ағасына көп еліктеп өсіп келеді. Бірнеше жыл бұрын үлкен ұлымыз студент болса да, әпкеміздің кондитерлік дүкеніне көмектесіп жүрді. Аспаздықта үйренген білімін үйге келгенде бізге тәттілер мен тамақтар пісіріп көрсететін. Тағамың дәмді шығу үшін бар махаб­батыңды сол іске салуың керек. Мұны әйел адамдар жақсы біледі. Кондитерлік көп адамның қолынан келе бермейтін өнер. Сондықтан Әділдің торт пісіруге деген ынтасын қолдадық. Бірақ бұл оның бос уақытында ғана айналысатын хоббиі. Кейін жеке тұлға ретінде қалыптасып, қазақ сахнасынан өз орнын тапқаннан кейін хоббиін үлкен кәсіпке айналдырамын десе қарсы емеспіз» деді Жанна Хамзина.
Жас кәсіпкер әр тапсырысын ерекше ықыласпен, шынайы махаббатпен дайындайды. Сол себепті де шығар оның тәттілерінен өнер адамының қолтаңбасын байқамау мүмкін емес. Қазір Әділ тек торттар ғана емес, түрлі бәліштер, тоқаштар мен бауырсақтарды да сатылымға шығарған.

Ән өнеріндегі Әділ

Иә, талантты адам бар жағынан да талантты. Әділ 5 жасынан бастап әнші ағасының ыңылына елтіп, ән айта бастайды. Кенже ұлдарының өнерге жақындығын байқаған ата-анасы баласын вокал сабағына берген. Алғаш рет 7 жасында филармония сахнасында Әділ ағасымен бірге ән шырқады.
«Баламның ең алғаш сахнаға шыққан кезі әлі есімде. Үлкен сахнада екі ұлым тұр, зал тынышталып қалған. Мен фото-видео түсіріп алайын деп алдыңғы қатарға келіп жайғасқанмын. Іштей балаларымнан да артық қобалжып, уайымдап отырмын. Құдай қолдап әнді ойдағыдай орындап біткеннен кейін ғана көңілім орнына түсті. Әлі күнге дейін Әділ әр сайысқа қатысқан сайын тақымымды қысып, қасында жүремін. Баламның көркемдік жетекшісі де, продюсері де, визажисті де менмін. Кейде костюмдерінің дизайнын, шаш үлгісін де өзім жасаймын. Жұбайым екеуміз ұлдарымыздың барлық бастамасын қолдаймыз. Бастысы, олар аман-есен біздің бақытты жанұямызда өсіп-өнсе, өз жолдарын жаңылмай тапса болды. Уақыт ұшқан құс тәрізді. Қазіргі көріп жүрген сүйіспеншілік пен отбасымыздағы жылулық, балалық шақтарындағы ваниль мен бәліштің иісі ертең олардың да шаңырақтарында сақталып қалса деймін» деді анасы Жанна Армияқызы.
Әділ халықаралық жасөспірімдер мен үлкендерге арналған «Музыкальное созвездие» өнер байқауында 1 орын, астананың 20 жылдық мерейтойына арналған қалалық «Бейбітшілік пен мейірімділіктің 7 нотасы» ән байқауында 1-орын, Жастар жылы аясында өткізілген балалар мен жасөспірімдер «Шаттық-2019» ашық шығармашылық байқауында күміс медаль, «Бала шабыты» халық­аралық конкурстық жобасынан бас жүлде, халықаралық «Жас дарын» өнер байқауынан 2 орын иеленген. Репертуарының басым бөлігі – патриоттық бағытта. Ана тілінен басқа француз, ағылшын, орыс, украин тілдерінде ән айтады.
«Әділдің өнердегі аяқ алысы өте жақсы. Дарынды оқушыларымның бірі. Вокал сабағын бар ынтасымен оқиды. Басты мақсаты – мықты әнші болу, жақсы адам болу. Болашақта өз ісінің маманы болатынына сенемін. Өнерге, әнге деген құштарлығы ерекше. Шығармашылық адам болғандықтан талғамы да жоғары, сезімталдығы да бар» деді өнердегі ұстазы, қазақ еліне Әміре есімімен танылған Ернар Садырбаев.
Әділ белгілі актер Қуандық Қыстықбаев, Алтынай Нөгербекпен бірге «СТ.:177» филімінде басты рөлде ойнайды. Бұл оның кинодағы алғашқы рөлі емес. Оған дейін де ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мұхамеджан Тазабектің авторлық бағдарламаларына түскен.
Он үш жасар кәсіпкер баланың айтуынша шын көңілмен қаласаң, орындалмайтын іс жоқ. Әділдің арманы – қазақ өнерінің жарық жұлдызы атану. Үлгі тұтар кумирі Димаш Құдайбергенов пен Ернар Садырбаев (Әміре). Мектепте барлық пәнді сүйіп оқиды, әрі оқу озаты. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» мен шытырман оқиғаларды оқығанды ұнатады.
«Өнердегі алғашқы тәлімгеріміз – Нұрғали Тұрлыбеков. Ол Әділдің телевизия­лық жобаларға қатысуына қол ұшын созып, осы уақытқа дейін тәжірибесімен бөлісіп келеді. Биыл жазда Әділ қаламыздағы №1 музыка мектебінің эстрадалық ән айту бөлімін үздік аяқтады. Баламның өнерін одан әрі дамыту үшін жаңа тәлімгерлер іздедік. Көп ұзамай Әділ қазақ эстрадасының әншісі Әміреден, Азат Оспановтан және Рухия Байдукеновадан тәлім ала бастады. Әділ қандай да бір жетістікке жетіп, адам ретінде қалыптасып жатса, ол – мектептегі мұғалімдерінің берген тәрбиесінің арқасы. Осы орайда, Алма Алтынханқызы басқаратын №59 мектеп-лицейдің ұстаздар қауымына ерекше алғыс айтқым келеді» деді Жанна Хамзина.
Әділдің еңбекқорлығы мен дарынына қарап отырып, біз он үш жасымызда қандай болып едік деп ойланасың. «Болатын баланың» болашағынан үлкен үміт күтеміз.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine + nine =