Он екі мың аттың күші бар

0 152

Қазақ қауқарлы электровоздың да иесі атанды. Бұрын мұндай тегеурінді темір көлікті құрас­тыру өзгелердің ғана қолынан келетіндей көрінуші еді. Жақындағы Ресей, Украинаның өндірісіне жалтақтайтынбыз. Тіпті, қосалқы бөлшектердің өзі солардан тасымалданатын. Енді, керісінше, ТМД мемлекеттері қазаққа қызыға қарайтын болды.

KZ8А сериялы теміржол көлігінде 12 мың аттың күші бар. Бір тартқанда 9 мың тонна жүкті еңсере алады. Көмір, жанар-жағар май, басқа да тауарларды тасымалдауға таптырмайтын көлік. Өзі жүрдек. Жылдамдығы сағатына – 120 шақырым. Отынды да 27 пайызға үнемдейді, экологиялық талаптарға да сайма-сай.

Қазақстанның тапсырысымен Францияның «Альстом Транспорт» компаниясы жасап шығарған қуатты локомотив өзіміздің және ТМД мен Балтика елдерінің табиғатына бейімделе жасалған. Елу градус аптап ыстық пен елу градус шыңылтыр аязға төтеп бере алады.
Электровоз жүргізушінің кабинасы да заманауи үлгіде жабдықталған. Жылы да жайлы кішігірім үй дерсің: микротолқынды пеш, тоңа­зытқыш, жұмсақ орындық, бәрі бар. Еденінің өзі арнайы жылытылады.

Мұндай қуатты электровозды құрастырып шығаратын Астанадағы зауыттың аумағы 27 522 шаршы метрді құрайды. Іргетасы 2010 жылдың маусым айында қаланған. Жылына екі секциялық 50 электровоз шығара алады.

Бұған дейін еліміздің жүк және жолаушылар тасымалына темір жол вагондары жетіспей, барының өзі ескірген болатын. Енді, міне, осы қажеттіліктің орнын электровоз құрастыру зауыты толтыратын болды. Технологиялық тұрғыдан өнімділігі өте жоғары өндіріс ошағы­ның баламасы әзірге әлемнің өзінде аз. Шойын жолдарда жоситын қазақстандық көліктерге қазірдің өзінде сұраныс бар. Электровоз құрастыратын зауыт келешекте Кеден одағы елдерін теміржол көлігімен қамтамасыз ететінін ескерсек, бұл зауыт экономикамызға тың серпін беретін ірі жоба болары анық. Әзірше бұл теміржол көліктері тек жүк тасымалдаса, 2014 жылдан бастап зауыт жолаушыларға арналған электровоздар шығаруды жоспарлап отыр.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 4 =