Он бес мың шар ұшырылды

0 136

Қала күні «Жастар» сарайы алаңында төрт мың адамның қатысуымен шеру өтті. Бұл – жай шеру емес, салтанатты шеру.  Сап түзеген шерушілерді үрмелі аспаптар оркестрі бастап жүрді.

Биыл Астана тойына тұңғыш рет Түркияның «Мехтер» әскери-этни­калық үрмелі аспаптар оркестрі келді. Әлемдегі ең ежелгі әскери оркестр қала көшелерінде кернейлетіп, патриоттық әуендерін паш етті. Бұдан бөлек, Қор­ғаныс министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің әскери оркестрлері де қатысты. Арнайы сахнамен жасақталған үш көлік астаналықтардың назарын бірден аударды. Халық әр көлікте сах­наланған көріністерді, ән-биді та­машалады. Саптағы музыканттар бір-біріне кедергі келтірмес үшін жүз метр ара қашықтықты сақтап жүрді. Бі­рінші көлікте шоу-бизнес өкілдері шоғырланса, еліміздің спортшылары мен эстрада жұлдыздары екінші көлікке жайғасқан. Олар жол бойы патриоттық әндер шырқап, елордалықтарға мере­келік көңіл күй сыйлады. Шерудің үшінші легі – инновациялық топ. Әр топтың өзіндік түсі бар. Үш көліктің соңынан мыңдаған жаяу жүргіншілер ерді. Салтанатты шеру Республика даңғылын бойлап, «Самал» ықшам ауданына аялдады. Жастар осы жерде флеш-моб өткізді. Әрі қарай шерушілер мемлекеттік рәміздер алаңына жетті. Ашық аспан астында рух тербететін әндерін қалықтатқан шерушілер Қабанбай батыр даңғылын жүріп отырып, Қонаев көшесіне түсті. Ал, соңғы бекет «Бәйтерек» монументі болды. Осы арада халық өнер адамдарымен жүзбе-жүз кездесіп, тілдесуге мүмкіндік алды. Салтанатты шара отандық жұлдыздардың қатысуымен мерекелік концертке ұласты. Кеш соңында аспанға он бес мың шар ұшырылды.

Айнұр ҚАРАМЕНДИЕВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − 15 =