Өміршеңдігі жоғалмайды

0 20

Бүгінгі таңда бұқаралық ақпарат құралдары қоғам мен биліктің арасын жалғастыратын алтын көпір іспеттес. Оның ішінде газет еліміздегі саяси жүйенің және қоғамның жандануына әсер ете отырып, әлеуметтік тіршіліктің іс-қимылына жаңалықтар әкеліп, серпін береді, жан бітіреді, әлеуметтік топтардың көзқарасымен, мүдделерімен байланыстырады.

Міне, осындай міндетті мінсіз атқарып келе жатқан «Астана ақшамы» елордамыздың бас газеті болып шығып, қазақ баспасөз қатарына 30 жыл толып отыр. «Астана ақшамының» отыз жылдық тарихына үңілсек, ол Нұр-Сұлтан қаласының іргетасы қаланғаннан бастап, бас шаһардың әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуымен біте қайнасып, бірге жасасып келе жатыр. Егер газеттің өткен жылдардағы «подшипкасын» парақтайтын болсақ басылым беті тарихи және саяси оқиғаларға толы дер едім. Онда елордада бой көтерген зәулім ғимараттар құрылысының алғашқы басталу сәттерінен жазылған түрлі репортаждардың бәрін-бәрін көруге болады.
Мен «Астана ақшамына» бас редактор болып қызметке келген 2000 жыл ел экономикасы жаңа мүмкіндіктерге енді ғана бағыт алып келе жатқан кезең болатын. Астана қаласы бюджетінің қалтасында қаражат аз еді. Осыған орай, сол кезеңде «Астана ақшамы» газетіне бюжеттен бөлінетін бір жылдық қаржысы небары 5-8-ақ миллион теңге болатын. Қазіргі күнмен салыстырсаңыз бұл күлкілі нәрсе сияқты. Сол кезеңде қатардағы газет тілшілерінің айлық жалақысы 5 мың, техникалық қызметкерлердікі одан да төмен, ал, бас редактордың жалақысы 12 мың теңге болатын еді. Осыған қарамастан газет ұжымының көңіл-күйі қашанда жоғары, жұмысқа деген ынта-ықыласы ерекше болатын. Журналистердің негізі – жас жігіттер мен қыздар. Бәрі жарыса жазады. Көпшілігі көз майын тауысып, материалды түнде үйде жазып келеді. Ол кезде мақала қолмен жазылатын. Тілшілерде қазіргідей жеке-жеке компьютер жоқ. Дегенмен біздің секратариатта төрт компьютер болды. Оның екеуінде мақала басылса, екеуінде газет беті қатталады. Осы мүмкіндікпен газетті уақытында шығарып келдік. 2003 жылы газетке кілең жастар келді. Бәрі фанатик, күрделі тақырыптарға қалам тартқылары келеді. Жас журналистердің жазғандарын негізінен «күзейтін», «түзейтін» екі адам бар. Олар газет редакторының орынбасарлары Талғат Батырхан мен Ғалым Қожабеков. Екеуі де жас тілшілердің қабілет-қарымына тұсау салмай ренжітпеу­дің жолдарын таба білді. Мен Астана қалалық мәслихатының депутаты болғандықтан, үнемі жиналыстарға жиі қатысамын, сондықтан орынбасарларға көп міндет жүктелетін. Ілездемелерде бір нәрсені батырып айту менде болмайтын. Марқұм Ақселеу Сейдімбеков «осы баланың болашағы бар» деп университетте оқып жүрген студент Аманкелді Құрметті жарты ставкаға жұмысқа ал деп, қолқа салды. Аманкелді Ақаңның үмітін ақтап оқу бітірісімен «Астана ақшамына» тілші болып жұмысқа келді. Қалай болғанда да қаржылық қиыншылықтарға қарамастан жарнамадан түскен тиын-тебенге, шама-шарқынша қызметкерлерге қосымша жалақы, аздап сыйақы төлеп отырдық. Ең бастысы, редакцияның шағын ұжымы «бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай» ұйымшыл, тату еді. Сол жылдары газетке қызметке келіп шыңдалып, бүгінде алмастай өткір журналистер қатарына қосылған Аманкелді Қияс, Ерлібай Қадірбай, Аманкелді Құрмет, Қымбат Тоқтамұрат, Дастан Кенжалин,Төлен Тілеубай, Әдебиет Жұманов, Сұлугүл Бакесовалар «Астана ақшамынан» шыңдалып шықты. Тәжірибелі журналистерден Аманкелді Жұмабеков, марқұм Төлеген Ілдебаев, Гүлбаршын Өкешқызы, марқұм Ерғазы Әсембеков табанды қызмет жасады. Газеттің дизайнын жасайтын мамандар ол кезде ауадай қажет еді. Іздеп жүріп Теміртау қаласынан газет сатып, әр жерде жұмыс істеп жүрген ерлі-зайыпты журналистер Батыр Танзила мен Лиза Шекенқызын тауып алдық. Олар жандарын салып күні-түні еңбек етті. Қазір екеуі елордада жеке үлкен баспахана ашып, өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр.
Сол жылдардағы қала әкімі Әділбек Жақсыбеков «Астана ақшамы» газетінің беделін көтеріп, оны республикаға танымал ету үшін мәдени шара ұйымдастыруды тапсырды. Біз болсақ, «Астана ақшамы» газетінің жүлдесі үшін қазақша күрестен жасөспірімдер арасында республикалық жарыс өткізуді қолға алдық. Жарысқа жыл сайын еліміздің облыстары мен қалаларынан 10 шақты команда қатысып отырды. Бірінші жарысымызға атақты спортшылар Жақсылық Үшкемпіров бата беріп, Дәулет Тұрлыханов өз атынан сыйлық тағайындады. Сөйтіп, газет қазақша күрес жарысын бес жыл бойы өткізді. 2005 жылы «Астана ақшамы» әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани тақырыптарды кең қамтыған басылым деп танылып, Қазақстан журналистер Акедемиясының «Алтын Жұлдыз» сыйлығына ие болды.
«Астана ақшамының» 1000-шы нөмірінің шығуы да ерекше аталып өтілді. М.Горький театырында өткен салтанатты бас қосуға қаланың зиялы қауымы мен оқырмандар жиналды. Кеште атақты гитарашы, әнші жаңаарқалық Қорабай Есенов ағамыз өнер көрсетті. Көптеген тілшілер әкімдіктің «Алғыс хатына» ие болды.
Қазіргі заманда ғаламтор желісінің қарқынды белең алуына байланысты еліміздің ақпарат айдынында газеттің рөлі қандай? Осы сұрақ көпшілікті мазалайды. «Газет не керек, интернет бар емес пе» деген кейбір шенеуніктердің сөзін де жиі естіп жүрміз. Қазіргі билік басындағылар газетке тек ақпарат жеткізуші құрал ретінде қарайды. Бұл дұрыс емес. Егер газет хабар таратумен ғана шектеліп қалса, басылымның өміршеңдігі жоғалады. Олай дейтініміз, қазіргі техниканың, интернеттің дамыған заманында сіздің ақпаратыңызға оқырман зәру емес. Ақпаратты газет беттерінде ең ерте бердім дегеннің өзінде кемінде бір күннен кейін жарық көреді. Ал, бұған дейін радио, теледидар мен әлеуметтік желінің өзінде сол сәтте шығып кетеді, яғни, ақпарат ескіріп, маңызын жоғалтады. Сондықтан газет ақпарат жеткізуден бұрын ұлтқа, салт-дәстүрімізді, мәдени-әлеуметтік және рухани құндылықтарымызды таратушы болуы қажет. Газет ежелден құқықтық ізгілікті ортаны қалыптастыруға қалтықсыз қызмет етіп келеді емес пе?! «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген қағида бар. Жөн-жосықсыз пікір айтумен пәрменді қоғам құра алмаймыз. Сондықтан әлеуметтік желілер ешқашан ортақ істің мүддесін көздейтін идеология жасай алмайды. Идеологияны жасайтын – газет. Рухани сөз бос­тандығы тәуелсіздігімізбен бірге келгендіктен жалпы сөздің құнын және жауапкершілігін берік сақтап келе жатқан қазақ газеттерінің қатарында өзінің отыз жылдық тарихымен «Астана ақшамы» бар десем артық айтқандығым емес. Әлихан Бөкейхан айтқан төрт қағида бар: «Бірінші, газет – халықтың көзі, құлағы, тілі. Екінші, газет – жұртқа қызмет ететін құрал. Үшінші, газет – халыққа білім таратушы. Төртінші, газет – халықтың жоқтаушысы». Олай болса, газеттің өміршеңдігі ешқашан жоғалмайды.
Газеттің 30 жылдығы абыройлы белес, бұл деген тарих. Олай болса «Астана ақшамының» мерейтойын жоғары дәрежеде өткізу тек редакция ұжымының борышы ғана емес, газет құрылтайшысы – Нұр Сұлтан қаласы әкімдігінің де абыройлы міндеті болуы тиіс. «Астана ақшамы» газетінің алар асулары әлі алда деп білемін. Газеттің өзі бір күндік болғанымен, сөзі мың күндік. Сондықтан бұл газеттің алдағы болашағы бұдан да жарқын болатындығына сенімдімін.

Мағжан САДЫХАНҰЛЫ
«Астана ақшамы»
газетінің Бас редакторы
(2001-2006 жж.)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − eight =