«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Өмірлік мұратқа жетелейді

0 361

Астанада 7-8 маусымда ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ұлттық академиялық кітапханасы бас қаланың 20 жылдығына орай «Балалар әлемі: өмірлік мұратқа» атты халықаралық балалар жазушыларының форумын өткізді. Мәні бар үлкен шараға алыс-жақын шетелдегі балалар әдебиетінің өкілдері, әдеби зерттеушілер, Ресейлік және отандық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының мамандары қатысты.

Екі күнге созылған форумда балалар әдебиетінің сан алуан мәселелері қозғалды. Дәлірек айтқанда, бүгінгі жеткіншектерді кітап оқуға ынталандыру, дарынды балалар жазушыларын көпшілікке таныту және отбасылық кітап оқу секілді байыпты бағдарламалар әзірлеу секілді тақырыптар талқыланып, өзекті ойлар ортаға салынды.
Бүгінгі қазақ балалар әдебиеті туралы да түрлі пікір көп. Біреуі бұрынғы деңгейден төмен­деп кетті десе, екіншісі заман талабына сай дамуда деген ойлар айтады. Қысқасы, балалар әдебиетіне мемлекеттің жанашырлығы қажет екендігі форумда көп айтылды. Осы тарапта Алаш сыйлығының лауреты, ақын Ғалым Қалибекұлы да көркемсөз зерлерінің қа­ра­шаңырағынан келген өкіл ретінде сабақты пікірін білдірді. «Жазушылар одағы жанында Балалар әдебие­ті кеңесі жұмыс істейді. Оған осы саланың белді қаламгерлері тартылған. Қазіргі қазақ балалар әдебиеті бұрынғы деңгейінен төмендеді деп айта алмаймын. Бірақ заман ығымен байырғы дәстүрлі әдебиеттен ажырап бара жатқанымыз анық. Кешегі қазақ ертегілерінің кейіпкерлерінен айырылып қалдық. Адамзатқа ортақ бейнелер пайда болды. Олардың бәрі – біздің жеткіншектерді ұлттық болмысынан айырады» деді ол. Ресейлік жазушы Ирина Краева балалар әдебиетінің балғындардың жақсы адам болып қалыптасу рөліне тоқталды. Қазіргі жеткіншектерге жаңа заман қаһармандары қажет екендігін айтты. Әсіресе, уақыт талабына сай комикстің дамығанын қалайтындығын білдірді.

Ресей мемлекеттік балалар кітапханасы директорының кеңесшісі Наталья Аракчеева түрлі-түсті суреттермен шығатын кітаптардың бояуына мән беру керектігін, арзан бояу бала денсаулығына зиян екендігін сөз етті.
Форум барысында отандық жазушылар да өздерін мазалап жүрген пікірілерін ортаға салды. Баянғали Әлімжанов заман ағымына сай балаларға арналған электронды кітапхана ашу керек десе, Толымбек Әбдірайым жеткіншектер кітап оқудан қол үзбесе деген ойын білдірді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Орынбай Жанайдаров балғындардың қиялын дамытатын фантастикалық жанрдың ерекшеліктерін сөз етті. Белгілі ақын Байбота Қошым-Ноғай өзі дайындаған он томдық балалар антологиясын шығарайық деген ұсынысын жеткізді.
Сондай-ақ, келесі күні Ұлттық академиялық кітапханасында ақын, драматург, жыршы Баянғали Әлімжановтың «жыраулық, жыршылық өнер – бабадан қалған асыл мұра атты» авторлық кеші өтті. Кеш барысында ақын қазақтың қара домбыра­сымен ескі жыр­ларды төгілдіріп, «Манас» эпосынан үзінді айтып, жиналғандардың делебесін қоздырды. Сонымен қатар ресейлік жазушы Ирина Краева балалармен интерактивті кездесу өткізді. «Оранжевый верблюд» балалар сайты жобасының жетекшісі Лев Бондарев шеберлік сағатын өткізді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды