Өмірін өнегелі өрнектеген …

0 194

Жуырда елімізге белгілі көсемсөзші-журналист, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер академиясының академигі, республикалық «Мысль» журналының бас редакторы Аяған Сандыбай жетпіс жасқа толды.

Өмірде бір рет те болса көрмеген, танымайтын жан туралы жазу қандай қиын болса, ал жақын біліп, қадір тұтатын адам туралы жазу одан да қиын. Аяған аға 2015 жылы «Астана ақшамы» газетіне бас редактор болып келді. Бұрын сыртынан есімін ғана білетін, оқырмандарға парасатты публицист ретінде танылған ардақты азаматпен бірге әріптес болдық. Сонда ол кісінің өте мәдениетті адам екендігін таныдым. Ешқашан дауыс көтеріп сөйлемейді. Асып-таспайды. Бәрін сабырлы, сыпайы жеткізеді. Шынымды айтсам, Аяған аға секілді мәдениетті адамды өмірде сирек кездестірдім. Өзім де сол кісіге ептеп ұқсағым келгенімді жасыр­ғым келмейді. Оның бәрі біздің кейіпкерімізге ата-анадан дарыған қасиет пен өмірден алған тәжірибесі деп ой түйемін.
Ал ол кісінің өмірден көргені …әрине, мол екені анық.
Аяған Өтенұлы – Тобылдың қойнауында қояндай бұйығып жатқан Елтай деген ауылда өмірге келіпті. Орта мектепті бітіргеннен кейін Қостанайдағы құрылыс техникумында оқып, алты жылдай құрылыс саласында жұмыс істейді. Алайда жасынан жазу өнерін жақын көрген ол арман қуып Алматыға барып, Қазақ ұлттық өнер университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, оны бітіргеннен кейін туған жеріне оралып, Қамыс­ты аудандық газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, редактор секілді журналистиканың алғашқы баспалдағынан бастап, лауазымды дәрежесіне көтеріліп, тәжірибе жинақтады. Белгілі ғалым Тауман Амандосов: «Адам оқып журналист болмайды, журналистің ең басты оқулығы – өмір» дейтін көрінеді. Біздің кейіпкеріміз де сөз майданына өмірден өзінен келді де, бірден ысылған маманға айналды. Содан соң Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесі жанындағы Ақпарат агенттігінде, Президенті Әкімшілігінің сектор меңгерушісі, Баспа және бұқаралық ақпарат министрінің орынбасары, «Қазақстан» телерадио» корпорациясының бірінші вице-президенті, «Қазақ теледидарының» бас директоры, «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы» АҚ-тың жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры секілді жоғары дәрежелі қызмет атқарды.
Біз бұл жерде кейіпкеріміздің атқарған қызметін бекер тізбелеп отырған жоқпыз. Осы қызметтерде ол кісінің елеулі еңбегі мен айшықты қолтаңбасы қалды. Мәселен, егемендіктің елең-алаң шағында Президент аппаратында істеп жүргенде Алматыда Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайын өткізудің басы-қасында жүріп, атамекенге алғаш табаны тиген ағайынның алғысын алды. Сонымен бірге еліміздегі «БАҚ туралы» алғаш заңын дайындауға сүбелі үлес қосып, соның ішінде журналистердің төл мерекесін белгілеуге, БАҚ саласындағы Президенттік сыйлықтың тағайындалуына, ҚазАқпарат агенттігінің қайта жандануына бастамашы болды.
Қазақстанның халық жазушысы Иван Щеголихин көзі тірісінде біздің кейіпкеріміз туралы: «Оның жұмысында қызметтер өзгерді (тас қалаушыдан, аудандық газет тілшісінен баспасөз министрінің орынбасарына, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының бірінші вице-президентіне… дейін), оның өмірінде күрделі жағдайлар кездесті, бірақ ол мектептегі жылдардан қалыптасқан қоғамға, шындыққа және әділеттілікке адал қызмет ету бағытынан еш өзгерген емес. Төңіректе көп адам өзгерді, алайда адам атына лайық азамат ең бастысы – өзінің азаматтық, патриоттық бағытынан еш өзгерген емес. Мейлі, зор дауыспен-ақ айтылсын, Аяған Сандыбай Аристотельдің: «Мемлекет мүдделерімен келісе өмір сүру бұл құлшылық емес, қайта сол мүдделерді қорғау» дейтін қағидамен өмір сүріп, қызмет етіп келеді» деп жоғары бағалапты.
Қазақ журналистикасында шығармаларын орыс тілінде шұрайлы жазған Баубек Бұлқышев, Әнуар Әлімжанов секілді айтулы тұлғалар болды. Осы асыл азаматтардың жолын сәтті жалғастыра білген қаламгердің бірі – Аяған Сандыбай. Қаламы қарымды журналист бірнеше кітаптың авторы ретінде оқырмандарға жақсы танылды. Оның 2004 жылы «Фолиант» баспасынан шыққан «Чем порадовать сердце…» («Жүректі қайтіп жұбатам») деген орыс тілінде жарық көрген жинағында ұлттық мәдениет, экономика, баспасөз саласында қордаланып қалған проблемаларды қопарып жазған. Әсіресе, «Шұғыла-нұрды бетке алып…» («Иду по линии света..») атты кітабындағы «Қазақстанның солтүстігі шынымен қатал өлке ме?» («Так ли суров казахстанский Север?») атты толғамында өте өзекті ойды қозғайды. «Шоқан Уәлиханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов және басқа ұлттың рухани басшылары, көрнекті тұлғалары дүниеге келіп, тірлік кешкен өңірдің тумасы ретінде солтүстіктің қаталдығы жөніндегі пайымның парасат ауылынан алыстығын айтқым келеді» деген автор солтүстік өлкенің сұлу табиғаты мен ерекшелерін сөз ете келіп, оңтүстік өңірден қоныс аударатын ағайындарға осы жердің мал шаруашылығы және егіншілікпен айналысуға қолайлы екендігін нақты деректермен төгілтіп жазса, «Мемлекеттік тілді қорғау» («Апология государственного языка») атты мақаласында ұлт зиялыларының көкейінде жүрген мәселені тап баса білген. Сондай-ақ Аяған Өтенұлының алыс-жақын шетелдерге тарайтын «Известия», «Московский комсомолец», «Комсомольская правда» секілді газеттер мен «Казахстанская правда», «Экспресс К» сияқты белгілі басылымдарда жарияланған елдік мүддені қозғаған публицистикалық дүниелері оқырмандарын ешқашан бей-жай қалдырмаған.
Аяған аға «Астана ақшамына» басшылық жасаған кезде редакцияға көрнекті ғалым Төрегелді Шарманов, тарих ғылымдарының докторы, академик Болат Көмеков, белгілі қазақстандық журналист ­Моисей Гольдберг секілді азаматтарды шақырып, олардың тағылымға толы әсерлі әңгімелерін тыңдауға мұрындық болды. Бұл да оның жаңа идеяға құштар қасиетін көрсетеді. Қазір ол кісі биыл жарық көргеніне жүз жыл толып отырған «Мысль» журналының бас редакторы. Қазақстан Журналистика академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев: «Аяғанның қаламгер ретіндегі кемелденген шағы еліміздің тәуелсіз даму кезеңімен тұспа-тұс келді. Өмірін өнегелі істермен өрнектей білген шәкіртім әрі досым кемеліне келіп толысқан шағында жүзжылдық тарихы бар «Мысль» журналының туын төмендетпей, байыр­ғы басылымды халықтың мүддесі мен мұңын жариялайтын мінбер деңгейіне көтерді» деп жазыпты.
Қорыта айтқанда, ұлттық мұрат, елдік мақсат жолында ойлы қаламымен халықтың арман-мұңын айта білген парасатты тұлғаның аядай ғана ауылдан басталған жолын даңғылға айналғандығын көресіз.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × five =