Өмірінің бәрі жеңіс…

0 95

Өткен ғасырдың қасіреті – Ұлы Отан соғысы адамзат тарихында өшпес оқиға болып қалды. Миллиондаған адамның өмірін қиған сол бір кезеңде Кеңес Одағының әскері мұздай қаруланған фашистік Германияның армиясын тас-талқан етіп жеңді. Сол Жеңіске биыл 75 жыл толып отыр. Сол сұрапыл соғысты бастан кешкендердің бірі менің атам – Баяхмет Ахметжанов болған еді.Атам 1908 жылы Семей губер­ния­сында, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Қарасу ауылдық әкімдігіне қарас­ты Ақмектеп ауылында дүниеге келген. Өзі талаптанып төрт клас­тық білім алып, сауатын ашқан. 1922 жылдан бастап еңбекке араласып, ауыл байларында жұмыс істеген. 1927-1930 жылдар аралығында Кеңес өкіметінің ішкі жауларын жою күресіне белсене қатысып, шаруаларды колхоздас­тыру жұмысына араласқан. 1930-1937 жылдары ауылдық советтің секретары, кейіннен төрағасы болған. Сол кездегі сауатымен, өзінің адамгершілік қасиетімен ел басқару жұмысына араласып, 1930-1942 жылдар аралығында Ақсуат ауданындағы мекемелерде басшылық қызметтер атқарған. 1939 жылдан коммунистік партия мүшелігіне қабылданған. 1942 жылы қазіргі Сәтпаев ауылдық әкіміне қарасты Көктүбек ауылдық кеңесінің төрағасы болып жүргенінде Кеңес армиясы қатарына шақырылып, бірден соғысқа жіберіледі. Содан 1945 жылдың мамыр айына дейін бірқатар майдан шебінде ұрыстарға қатысқан. Танк корпусының 120-атқыштар полкінің құрамында төрт рет ауыр жарақат алады. Осы аралықта Сталинград, Калинин, Курск, Белгород, І-Украина, І-Белоруссия бағытындағы майдандарда алғы шепте жүрген. Фашист басқыншыларынан Кеңес Одағының жерін толық азат етіп, Еуропа жеріне кіреді. Варшава, Бухарест, Берлин қалаларын фашистерден босату үшін шайқастарға қатысады.
Атамның ерліктері туралы наградалары айтып тұрғандай. «Қызыл Жұлдыз», бірінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «За отвагу» медалімен, «Варшаваны алғаны үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, 12 рет Сталиннің алғыс хатымен, грамоталарымен марапатталған.
1945 жылы 4 мамыр күні он адамнан тұратын жасақ Берлин қаласына барлау жасауға бұйрық алады. Солардың бірі менің атам болған екен. Сол жолғы барлау кезінде жанынан неміс снаряды жарылып, басынан жарақат алып, ертеңінде госпитальда есін жияды. Үш айдай Горький, Одесса қалаларындағы емдеу орындарында емделеді. «Тағдырдың маңдайға жазғаны» демей ме, 5 мамырда Берлин қаласы толық жаудан тазарып, 9 мамыр Жеңіс күні деп жария­ланды. Алайда Жеңіс күнінің қуа­нышын құлағымен естіген атам қасындағылардың шаттықтан бал-бұл жанған жүздерін көре алмады. Өйткені басынан алған жарақаты жанарына зақым келтірген екен. 1945 жылы 7 тамызда арнайы офицер жол серігінің жетегімен екі көзі көрмей елге, отбасына оралады. Атам сол кезде 37 жаста екен. Атамның соғысқа дейін 3 баласы, соғыстан кейін 3 баласы болады. Балаларын ел қатарына қосып, олардан немере сүйіп, келбеттерін көрмесе де, бауырына қысып, емірене иіскеп өмір сүру үшін де адамға үлкен қажыр керек емес пе?! Мен үшін бұл да атамның өмірдегі тағы бір жеңісі. Бала күнімізде біздің бетімізді тарамыс саусақтарымен сипалап, бойымызды шамалап отырушы еді. «Сенің бойың орта бойлы болады-ау шамасы, бірақ ойың биік болсын» деген атамның маған айтқан сөздері әлі күнге дейін жадымда жаңғырып тұр. Таяғымен жерді тықылдата, бойын тіп-тік ұстап, асқақ жүріспен көпшіліктің назарын өзіне аударатын атаммен мен бала жастан мақтанып өстім.
Менің әкем – атамның ортаншы ұлы Оразахмет әкесін үлкен құрметпен еске алып отырады. «…Әкем татулық, достық, бауырмалдылық, кішіпейілділік секілді адами асыл қасиеттерді насихаттап отыратын. Өтірікті жаны сүймейтін. «Адамға жақсылық жаса, қолыңнан келсе, көмектес. Біреу­дің ала жібін аттама, адамның наласына қалма» деп отыратын. Әкемді бүкіл аудан халқы сыйлайтын, оларды әкем де сыйлайтын» деген сөздерін әкемнің аузынан жиі еститінмін. Бүгінде менің әкем де ата болды.
Майдангер атамыз туралы деректер Тарбағатай ауданының Ақсуат ауылындағы мұражайда Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған бөлімде орын алған. Атам 1995 жылы, қараша айында 87 жасқа келіп дүниеден озды. Бүгінде Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылында Баяхмет Ахметжанұлы атына көше беру қолға алынып жатыр екен. Жас ұрпақтың жадында үлгі болар адамдардың есімі қалғаны, әрине, қуантарлық жағдай. Ауыл азаматтарына әулетіміздің атынан зор алғыс білдіреміз.
Ендігі тоқталғым келетіні – әжем. Атамның 63 жыл бірге қиындық пен қуанышын бөліскен өмірлік серігі, жары Рәзия Еділбайқызы өте биязы, дауысын қатты шығарып сөйлемейтін, атамыздың айтқанын бұлжытпай орындайтын, атамның екі көзі мен екі қолы болыпты. Нәзік болса да қайратты кісі болған. Қан майданнан мүгедек болып қайтса да жарының отбасына оралғанына қуанып, тәуба деді. Соғыстан зағип қайтқан қосағының 50 жыл жағасын кір шалдырмай күтті, шынашақтай балаларды ер жеткізіп, ел қатарына қосты. Осы тірлігі қарапайым болып көрінсе де, әжемнің бейнесін биіктете тұрғаны айқын.
Бүгінде осы әулеттен тараған 39 немере, 88 шөбере – тәуелсіз еліміздің өркендеуіне өзіндік үлес қосып жатқан азаматтар. Ендеше ата арманы орындалғаны емес пе?!

Шынар БАЯХМЕТОВА,
майдангер немересі,
Нұр-Сұлтан қаласы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 1 =