Өмірімнің әрбір сәті бағалы

0 31

Әлеуметтік салада қыз­мет істеп жүргеніме биыл отыз бес жыл толады. Ол кезде Целиноград қаласы болатын. 1985 жылы облыстық әлеуметтік қорғау басқармасына жас маман болып орналас­тым. Анам да осында еңбек еткен еді, содан өзі қызмет істеген мекемеге жетектеп алып келді. Ол кезде аталған басқарманың ауқымы өте үлкен, жұмысы көп. Жыл­жып жылдар өтіп жатты. Тоқсаныншы жылдар келді, еліміз тәуелсіздік алды. Целиноград тарихи атауы – Ақмола болып өзгерді. Біздің мекеме жабылғаннан кейін 1993 жылы облыстық жұмыспен қамту басқармасына ауыс­тым. Міне, содан бері доптай домалап 27 жыл өтіпті. Шынымды айтсам, өмірімнің көп бөлігі мемлекеттік қыз­метпен байланысты. Мен бұған өкінбеймін, қайта қуанамын. Үлкен тәжірибе жинадым. Қаншама үлгілі маманнан өнеге алдым. Соның бәрі маған тәлім болды. Қазір де осы салада еңбек етемін, оның қиындығы мен қызығы жетеді. Қаншама адаммен жүздесесіз. Оларға мемлекеттің әлеуметтік саладағы жасап отырған жеңілдіктерін түсіндіріп, жөн-жобасын айтамыз. Мысалы, мен күніне 40-50 адам қабылдаймын. Алдыма әртүрлі адамдар келеді: біреуінің жан сырымен бөліскісі, екіншісінің көңіл-күйі болмай, торығып жүреді. Соны жүрегімнен өткізіп, әрбірінің жан-дүниесін түсінуге тырысамын. Іштартып, жылы сөйлесіп, сұрақтарына жауап беремін. Үлкен кісілер соған риза болып, батасын беріп жатады. Бұған менің де көңілім көтеріліп, шаршағанымды ұмытып кетемін.
Қазір Үкімет әлеуметтік салаға ерекше маңыз беріп отыр. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі үйде оқитын балалардың сабақ құралдарын алуға үш айда бір рет 26 510 теңге жәрдемақы беріледі. Сондай-ақ жер үйде тұратын зейнеткерлер мен мүгедек адамдарға көмір сатып алу үшін бір рет 42 416 теңге төлейді. Бұл биылдан бастап тұрғылықты үйі бар көпбалалы отбасыларға да беріле бастады.
Мемлекеттік қызметші болу оңай емес, жауапкершілігі мол. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші өз жұмысын шынайы көңілмен атқарса, көп жетістікке жетеді. Бұл – өз өмірімнен алған түйінім.
Былтыр жалғыз ұлым үйленді, енді алғашқы немеремді күтіп отырмын. Бір данышпан «Бақытты өмір болмайды, тек бақытты сәттер болады» депті. Шынында да солай. Өмірімнің әрбір сәті бағалы. Соның екеуін ғана айтып өтейін. Біріншісі: ұлым 18 жасқа толып, алғашқы табысына бір құшақ гүл алып, мені 8 наурыз мерекесімен құттықтағанда төбем көкке жеткендей қуандым. Мұны ананың бақыты деп айтуға болады. Екіншісі: 2015 жылы көктем мерекесі қарсаңында көп жылғы еңбегімнің жемісі ретінде «Әлеуметтік саланың үздігі» деген медаль алдым. Міне, осы екі бақытты сәт жадымда жатталып қалды.

Бибігүл МҰҚАНОВА,
Нұр-Сұлтан қалалық
Жұмыспен қамту және
әлеуметтік қорғау

басқармасының
бас маманы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды