Өмірдің өзегі – өсіп-өну…

0 140

Өткен бабаларымыздан­ «Әйел алсаң өзің құрисың, алмасаң, тұқымың құриды» деген­ сөз қалған. Алайда, қазірде біраз еркектер бір шүйкебасты үйге кіргізіп алса да, кіргізіп алмаса да құруға айналды­. Әрине, бұған ер азаматтың да, жарының да кінәсі жоқ. Амал нешік, Құдай ата-ана болуға бұйыртпаса, іштей тынады да жүреді. Бірақ, «шөлмек бір күнде емес, мың күнде сынады» демекші, бір күні ажырасады да, екі жаққа кетеді.

Рас, бұл күндері некеге тұрған жастар көпке бармай ажырасып жатады. Соның бір себебі – орталарында дәнекер бір шақалақтың болмауынан. Басқаларды былай қойғанда, өзіміздің қандастарымыздың арасында бір балаға зар болып жүрген ерлі-зайыптылар қаншама?! Ал, ол өз кезегінде ұлттың өсуіне, яғни, демографияға кері әсерін тигізуде. Оның себептеріне үңілмей-ақ қояйық, өйткені, оның себептері көп болуы мүмкін. Біздікі тек фактіні айту болсын.

Осы Астанаға келгелі бір жақсы ақын ағаммен таныстым. Ақын болғасын, әрине, ол бар қуанышы мен қайғысын қағаз бетіне ақтарады. Бір күні сол ағамыздың жаңа жырларының арасында мына жолдар еріксіз аяныш тудырды:

Бойдақ жүрдім, қыздарға қырындадым,
Жақсы-жаман болды елге жырым мәлім.
Үй де болдым бауырыма қазан асып,
Аңсап жүрмін дауысын бір іңгәнің.

«Мәссаған, ақын ағамызда сонда әлі күнге дейін бала жоқ па?» деп таңдандық. Бұл таңданысымыздың себебі де бар, ағамыз жас емес, қырықтың бесеуіне келіп қалған азамат. Артынша, өлеңнің жайын сұрадық. «Рас, жағдай өлеңдегідей» деді ол мұңайып.

Елордаға келген көбіміз пәтер жалдап тұратынымыз белгілі. Бір күні автобуста кездесіп қалған сол ағамыз «Үй жағдайың қалай, екі бөлмелі бір пәтер жалдап, отбасымызбен сонда тұрсақ қайтеді?» десін. Әрі қарай жары екеуі жалғыздан жалғыз үйде зерігетінін айтты. Сол кезде бағанағы өлеңінің жалғасы есімізге түсті.

Боп барамын өмірді тым аңдағыш,
Бәсеңдеді кешегі қыран дауыс.
Керек екен пендеге бір перзент,
Керек екен адамға бір алданыш.

Кейде ашық, кейде бұлт жар қабағы,
Болмаған соң әлдилеп алданары.
Тұл күйіме күйінем өзім де іштей,
Бұл дүние сараңсып паңданады.

Бір үмітпен ертеңді жүрмін аңдап,
Жапырақ жайып қашанғы сыбдырар бақ.
Отырасың екеуден екеу ғана,
Жүрмеген соң бір сәби құлдыраңдап.

Мұндайды бабаларымыз «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар», «Босағасын алтыннан соқсаң да перзент сүймей, адамның мейірі қанбас» деп баяғыда айтып қойса да, ағамызды тағы аядық.

Әйел адамның жанына баласыздықтың қалай тиетінін сезсек те, толық білмейміз. Ал ер адам болғаннан кейін ағамызды көргенде – ежелден аталарымыздың жер бетінде ұрпағының, артына ерген ұлының қалуына үлкен мән бергенін де түсіндік.

Уақыттың бұл тезін-ай қарқынының,
Өтіп жатыр сыйлаумен әр күні мұң.
Одан артық кісіде болсын ба арман,
Тұрса айылын атыңның тартып ұлың.

Өмір деген бір жасыл, бір сары бақ,
Жатыр одан олжасын жұрт алып-ақ.
«Әкем-ау» деп өлгенде, арманың не,
Тұяқ қалып артыңда, тұрса жылап!

Әкеміз дүниеден өткенде, кіндігінен өрбіген үш ұл еңіреп тұрып жыладық…

P.S. Алла Астанада бәріміздің өсіп-өнуімізге жазсын.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ
amangali.kalzhan@mail.ru

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − 13 =