Өмірдің арнасын таба білді

0 27

Осыдан отыз жыл бұрын туған азамат елдің ертеңін ойлайтын жасқа жетті. Сол сияқты «Астана ақшамы» газеті де есейіп, толысып, өмір ағысынан өз арнасын таба білді. Оның бүгінгі деңгейіне жетуіне журналистердің бірнеше толқыны үлес қосты. Олар өздеріне жүктелген міндетті толық орындады деп ойлаймын. Өзім осы басылымның көп жылдардан бері авторымын, газет бетінде бірнеше тарихи, қоғамдық тақырыпта қозғаған дүниелерім жарық көрді.

Қазір уақыт та, оқырман да өзгерді. «Астана ақшамы» – тәуелсіз, өз-өзін асырап отырған басылым емес. Елорда әкімдігінің қарамағындағы газет. Сондықтан да соның сөзін сөйлеуге де міндетті. Ол үшін басылымды айыптауға болмайды. Қала әкімдігі жүргізіп отырған жұмыстарды, іс-шараларды дер кезінде жариялап отырған дұрыс. Сонымен бірге қазіргі астаналықтардың рухани-мәдени өмірі, ғылыми деңгейі туралы талдау материал­дарын беріп тұруға болады. Бүгін елордада қаншама жоғары оқу орны бар, олардың ғылыми деңгейі қандай, қандай диссертациялар қорғалды, қандай ғылыми жаңалықтар ашылды, олардың өндіріске, экономикаға пайдасы бар ма әлде диссертация қорғау үшін жазылған ба? Осы үлкен мәселе газетте қозғалса деймін. Бұл қарапайым оқырманға емес, ғылым саласында жүрген жастарға да қызықты болар еді.
Еліміздің бас қаласы болғаннан кейін оның мәдениеті болу керек. Шын мәнінде, астана мәдениеті республикаға үлгі болғаны жөн. Сол мәдениет шынымен солай ма? Мәселен, «Астана опера» театры бар, соның репертуарын талдап жазған жан бар ма? Ылғи еуропалық классикалық шығармаларды қойып жатыр, оны сахнаға әзірлеу үшін сырттан режиссер шақырылады. Енді «Абай», «Біржан-Сара» секілді ұлтымыздың інжу-маржандарын қойды. Бірақ осы театр ашылғаннан бері жаңадан қазақтың классикалық операсын жаздыруға ықпал ете алды ма? Сол секілді қазақ театры да астананың тарихын, бүгінгі бейнесін көрсететін спектакль ұсынды ма? Меніңше, жоқ.
Қазір жылт еткен кішкентай жетістікті жарнамалауға үйір болдық. Ол қоғамды алға сүйремейді, қайта кері кетіреді. Адамды болымсыз нәрсеге қанағаттандырады. Осыдан арылу керек деп ойлаймын. Біреуді мақтау үшін мың ойланып, жүз толғану қажет. Өзімізді дәріптеуді әдетке айналдырып алдық. Біреудің мерейтойы немесе жаңа кітабы шықса, жата кеп мақтаймыз. Бұл – дұрыс емес. Кітабы шықса, сол жайында пікір ұйымдастыр, оқы, ол несімен дұрыс, белгілі бір тақырыпта жазылса бұрынғы ғылыми негізге не жаңалық қосты, көркем туынды болса, бүгінгі қоғамның шындығын аша алды ма, тарихқа арналса, соған көркемдік деңгейі лайықты ма? Осылардың бәрін талдап, жазу керек.
Содан кейін басылымда мектеп оқушылары мен студенттердің шығармашылығын беріп тұрса деймін. Қазір талантты балаларды іздеп жатқан ешкім жоқ. Қазақ тілін дамыту керек деп айта бергеннен ешнәрсе шықпайды, қайта тілдік орта жасау қажет. Тілдік орта осылай жасалады.
Қысқасы, көкейімде жүрген біраз нәрсені айтқан секілдімін. «Астана ақшамының» отыз жылдық белесімен газет ұжымын құттықтап, бұдан да биік асулардан аса берсін демекпін!

Алдан СМАЙЫЛ,
жазушы, Мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two + 13 =