Өмірдің алтын жібі

0 90

   1989 жыл. 15 ақпан… Бұл күн – Кеңес Одағы әскерлерінің Ауғанстан соғысынан шыққан күні. Жат жерде он жылға жуық жалғасқан соғыс әрекеттері салдарынан мыңдаған отандастарымыз қаза тауып, мүгедек болып оралды.

Өзімнің журналистік тәжірибемде соғыс ардагерлерімен бірнеше рет сұхбаттастым. Олардың соғыс шайқастары туралы әңгімелерін, естеліктерін, әртүрлі іс-шаралардағы сөздерін тыңдай жүріп, оларға сол естеліктер туралы айтып беру қиын екенін, өздерінің жақын жолдастарынан айрылған олардың жүректерінде қасірет тұнғанын  түсіндім. Иә, кез келген соғыс – ол зұлымдық, алайда, сарбаз қажет болған кезде соғысқа қатысуға міндетті, себебі, ол – оның әскери борышы, азаматтық парызы.

Менің бүгінгі кейіпкерім – Ауғанстан соғысының ардагері, астаналық,  полиция полковнигі Серік Осанов. Ол 1969 жылғы 22 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Белая гора кентінде өмірге келген. Қазақстанның осы тамаша өлкесінің табиғатын білетіндер сол өлкенін адамға қалайша сиқырлы әсер ететінін айта алады. Серік болса, өзінің туған жері туралы әңгімелеуден жалықпайды.

«Құс қанаты ұшатын биіктікте біздің қазақ жерін көзге елестетіңізші: жасыл орман кең-байтақ жайлауларға ұласады, олар өз кезегінде маңғаз шөлейттерге алмасады. Оңтүстік беткейге жақынырақ көзді тау астының жаңа шыққан жасыл шөптері қуантса, биік теңіздей толқынды Алатаудың жарқыраған шыңдары аспанға шарықтайды». Бұл Серіктің туған жерге деген махаббатының шексіз екенін білдіреді деп ойлаймын.

Серік Айдарханұлы 1987 жылы әскерге шақырылды. Мерзімді қызметтің алғашқы алты айын Өзбекстанның Фергана қаласындағы оқу бөлімінде әуе-десанттары әскерінде өткізді. Сержант атағын алды.

Одан кейін Ауғанстанға аттанды. Әйгілі 56-шы десанттық-шабуылдау бригадасына түсті.

– Ауғанстандағы соғыс қаншама адамдардың тағдырын шарпып өтті, –  дейді Серік. – Біз өз еліміздің аумағында соғысқан жоқпыз, біздің аяғымыздың астында бөтен елдің күнге күйген таулы-тасты жері жатты. Бірақ, кеңестік сарбаздар ол жерге өлтіру, құлдырату үшін келген жоқ. Біз көп қайғы көрген жерге бейбіт өмір құруға және тәртіп орнатуға, оның халқын жоқшылықтан және заңсыздықтан қорғауға келдік. Алайда, іс жүзіндегі жағдай бұл бұйрықты орындауға бізге мүмкіндік бермеді, біз дұшмандармен соғысуға мәжбүр болдық.

Ауғандағы әуе-десанттар әскери қызметі біздің кейіпкерімізге белсенді де тұрақты ұрыс әрекеттерімен, ең жауапты және күрделі міндеттерді орындаумен, ал нақтырақ айтқанда, торуылда отырумен және керуен жолдарын іздеумен, қарулы және есірткі артқан қарсыластардың керуенімен қақтығысулармен есте қалған. Серік сол сауаты аз дұшмандардың қаншалықты айлакер және қу болғанын әңгімелеп берді. Біздің сарбаздар мина жарылыстарынан өте көп жапа шекті. Миналы соғыс Ауған елінің барлық аумағында кең қолданылды. Дұшмандар, тіпті, осы ретте Ұлы Отан соғысы кезіндегі кеңес партизандарының тәжірибесін тиімді пайдалана білді. Олар мүмкіндігінше барлық жерлерді миналап тастады, ең алғашқыда Италияда өндірілген миналар қолданылды. Осы сәттерде кеңес әскерлері өздерінің салғырттықтарынан да қаза болды. Иә, Серік оны да жасырып отырған жоқ.

Кей кезде бізді өзіміздің қаруымызбен де жаратын деп әңгімелейді менің кейіпкерім. – Атыс өткеннен кейін ұрыс жерлерінде біз артиллерия снарядтарының атылған оқсауытын тастап кететінбіз. Ал дұшмандар біз кеткеннен кейін сол жерлерге келіп, сол оқсауыттарды жинап алатын. Кейін олар сол оқсауыттарды түзетіп, бағытталған әрекеттің фугасы ретінде бізге қарсы қолданатын. Кеңес «тікұшақтарымен» жерге лақтырылған кейбір әуебомбалары жарылмай қалатын.

– Білесіз бе, сарбаздар соғысты таңдамайды, – деп жалғастырды Серік әңгімесін одан әрі. – Олар өздері берген анттарын сақтай отырып, бұйрықты бұлжытпай орындауға тиіс. Біз антымызға адал болғанымыз үшін кінәлі емеспіз ғой, біз сол соғысқа өз еркімізбен барған жоқпыз, өзіміздің бауырларымыз, әскери жолдастармыз құрбан болған сол соғысты бөтен деп айтуға бола ма, біздің отандастарымыздың қаны төгілген жерді бөтен ел деп айтуға бола ма? Біз Ауған елінде Отан алдында берген анттарымызға берік, Отан алдындағы әскери борышын әрқайсысы өзінің соңғы күші мен мүмкіндіктеріне қарай орындаған адал да ержүрек сарбаздар болдық. Өз кезегінде, ұлдары, әкелері және бауырлары үйлеріне бізбен бірге емес, мырышты қабірде оралған олардың барлық туғандары мен жақындарына басымды игім келеді. Бұл соғыс туралы не айтса да, құрбан болғандар құр босқа өлген жоқ. Біз бұйрықты орындадық – ол адал ант, кез келген мемлекеттің әскері сонысымен күшті.

Серік Айдарханұлы өзінің әскери наградаларын, атап айтқанда,  «Жауынгерлік ерлігі үшін», «2-ші дәрежелі әскери қызметтегі үздік белгісі», «Ұрыс қимылдарының ардагері», тағы басқа медальдарын мақтан тұтады.

Әскер оның мінезін шынықтырды, әуе-десанттар әскеріндегі қызметі оның алдағы тағдырын шешті. Ол әскерден кейін де жедел қызметкер жұмысына талпынды. Көп ұзамай  Ішкі істер органында жұмыс істей бастады. Содан бері Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің жүйесінде жедел-басшы құрамдағы түрлі лауазымдарында үлкен еңбек жолынан өтті, қазіргі уақытта да полиция полковнигі еңбек етуді жалғастыруда. Ауғанстаннан өткен және осы бейбіт өмірде өзін жоғалтпаған адам жоғары дәрежедегі жауапкершілікпен ерекшеленеді. Серік Айдарханұлы қандай істі атқармасын, туған Отанына адал және бар пейілімен қызмет ете отырып, ол өзінің қоғам алдындағы жауапкершілігін айқын сезіне білді. Оның сіңірген еңбегі ҚР Ішкі істер министрлігінің көптеген құрмет грамоталарымен ескерілген.

ТМД Үкіметтері басшылары Кеңесінің жанындағы жауынгер- интернационалистер істері жөніндегі комитеттің төрағасы,  Кеңес Одағының батыры Руслан Аушевтің Жарлығымен «Ерекше сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сонымен қатар, «Ерекше қызметі үшін» кеуде белгісімен және басқа да наградалармен марапатталған. Бірақ, мәселе онда емес, өзінің барлық тәжірибесін, білімін және қабілетін жұмысына бере білді.

Осы жерде мен өзімнің кейіпкерім Шығыс Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің Есірткіге қарсы күрес басқармасында жұмыс істегенін айтып өткім келеді. Өзіңіз көзге елестетіңізші, Ауған елінде өзінің әскери жолдастарының қанымен есірткі артқан керуен жолдарын ұстаған адам, енді туған елінде есірткі саудасымен күреседі. Ол Өскеменде бірнеше рет есірткі заттарын тарату фактілерін құжаттамалау әзірмелелеріне қатысқан. Жеке өзім Серік Айдарханұлының осы «у»-дың қаншалықты қасірет әкелетінін айқын біле отырып, адамның өміріне қастандық жасап жатқан қылмыскермен одан қызметтік міндеті талап ететін аса шыдамдықпен сөйлесе білетініне таң қалдым. Қаншама жастар, жасөспірімдер, жас балалар есірткіге тез беріліп кететінін, «инеге» қалай тез отыратынын, қиын «елестен» оларға шығып кету қалайша қиын болатынын өзінің тәжірибесінен жақсы біледі. Қаншама қайғы, қаншама сынған өмір – сол есірткіден. Сондықтан да, ол қала мектептерінде болғанда салауатты өмір салтын, есірткіге қарсы күресті белсенді насихаттаумен, сонымен қатар, әскери-патриоттық тәрбие жұмысын кеңейту қажеттілігі туралы өз пікірін жиі айтып жүреді. Мен оның өмірбаянындағы бұл мысалды бекерге келтірген жоқпын. Бұл Серік Айдарханұлының біздің қоғамымызда болып жатқан барлық істерге немқұрайлылықпен қарамайтынын білдіреді. Оның негізгі жұмысымен қатар, қоғамдық іспен айналысу үшін бір тәулік ішінде барлығына уақыт таба білуі қаншалықты күрделі екені айтпасақ та түсінікті деп ойлаймын.

Оның барлық өмірі 2009 жылы «Ташакур тебе, брат мой, Бача» интернет-тобын ұйымдастыруға себеп болғанына сенімдімін, бүгінгі күнде оның  9 мыңнан астам қатысушысы бар екен. Айтпақшы, мен де сол топқа ендім және сол сайтта болып жатқан барлық оқиғаларды кәсіби және азаматтық   қызығушылықпен қарап жүрмін. Серік Айдарханұлы бұл топты Ауғанстандағы соғыс ардагерлерін, ТМД және Балтық елдері мемлекеттерінің ардагерлер ұйымдарын  халықаралық біріктіру және полктас жолдастарын іздеу, сондай-ақ, түрлі жас мөлшеріндегі адамдарды патриоттық тәрбиеге баулу, ең бастысы, жастарды өз Отанына сүйіспеншілік сезіміне, жауынгерлік бауырластық дәстүріне сыйластықпен қарау мақсатымен құрған болатын.

Сол топта Серіктің мынадай сөздері жазылған: «Мен жүрегімдегі  жан-айқайымды, жаныма қадалған дертім туралы жазып отырмын. Мен аз көрген жоқпын, өлім көрдім. Осы сәттердің бәрін өзімнің есімнен мүлдем өшіріп тастағым келеді. Бірақ, соғыс қайталанбауы үшін де, оны ұмытуға болмайды. Оның үні, төгілген барлық қандай, жүректерімізде қызыл сонета болып естіле берсін».

Міне, осындай қарапайым адам өзінің күрделі тағдырымен бізбен бірге өмір сүріп жатыр. Өмірге қуанады, төрт баланы тәрбиелеуде, күннен күнге Ішкі істер министрлігіндегі өзінің жұмысына барады және өзінің жұмысын атқарады. Жұмысын әдеттегі дағдысындай: жауапкершілікпен, тиянақты, нәтижелі орындайды.

Өмірдің алтын жібін қайдан табуға болады? Сіз оны полиция полковнигі, Ауған соғысының ардагері Серік Айдарханұлы Осановтан сұраңыз, ол сізге кезінде алтын жіпті тапқан мезеттен бастап оны жоғалтпағанын және үзіп алмағанын айтып береді. Оның айтары – қарапайым адам болыңыз, өз балаларыңыз алдында ұятқа қалмайтындай, өзіңіз «бекерге өмір сүрген жоқпын»  деп айта алатындай өмір сүріңіз дегенге саяды.

                                                                                    Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 − five =