Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1164

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1165

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1166

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1177
«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Өмірді бағалай білейік

Бәдуан ИМАШҰЛЫ, Қазақстанның құрметті журналисі

0 315

Былтыр Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетіне бір ғасыр толды. Дауылпаз ақын, көрнекті қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин негізін қалаған «Тіршіліктен» бас­тау алып, бүгінгі «Арқа ажарына» дейінгі ұзақ жолда Арқа өңірінің шежіресін түзген басылымның тарихы терең. Бұл жерде қазақтың қолына қалам ұстаған талай жақсыларының қолтаңбасы қалды. Бүгінде солардың көзіндей арамызда жүрген кісілігі мол бір азамат бар. Ол – белгілі журналист, халықаралық «Жамбыл» атындағы сыйлықтың лау­реаты Бәдуан Имашұлы. Қаламгер облыстық газетте қырық жылдан астам еңбек етіп, қатардағы корректорлықтан бас редактордың орынбасарына дейінгі қызмет сатысынан өтті. Осы кісі кешегі Жеңіс күні жоталы жетпіс жасқа толды. Асыл ағаны осы мерейтойымен құттықтай барып, өмірі мен шығармашылығы жайында аз-кем сөзге тартқан едік.

– Ауыл баласының қара сөзге, өлең-жырға жақын болып өсетіні мәлім. Сіз де жасыңыздан жазуға үйір болыпсыз…
– Иә. Бала күнімнен кітапты, газет-журналды көп оқыдым. Заңғар Мұхтар ағамыздың «Абай жолы» романын басыма жастанып жаттым. Содан ба, әйтеуір, мектепте оқып жүргеннен бірдеңе түртпектедім. Алғашында өлең жаздым. Одан кейін шағын хабарлар, мақала жазуға дағдыландым. Біз білім алған алтын ұямызда «Білім шыңы» деген қабырға газеті бар еді. Соның белсенді тілшісі болдым. Одан қалды, жазғандарымды «Қазақстан пионері» газеті мен «Балдырған» журналына жолдаймын. Онда да бұрқырап шығып жатты. Аудандық «Шамшырақ нұры» газетіне де ауыл тіршілігі жа­йындағы мақалаларым күн құр­ғатпай жарық көреді. 7-8-сыныпта оқып жүргенде біздің мектепке белгілі қаламгер Жомарт Әбдіхалық мұғалім болып келді. Өзі – біздің елдің азаматы. Жомарт аға келе сала әдебиет үйірмесін ашты. Жалпы, адам адамға себеп болады ғой. Жөкең менің қабілетімді шыңдады. Бала болсам да қиялым көкте. Бір күні Қазақстан Жазушылар одағының Целиноград облыстық бөлімшесінің жауапты хатшысы Нұрғожа Оразов пен майдангер-жазушы Әскен Нәбиевке хат жазып, сонымен бірге мақалаларымды қоса жібердім. Олардан маған жауап келді. «Айналайын, Бәдуан, талабың жақсы екен. Бір-екі мақалаңды газетке әзірлеп бердік. Сағат Өмірзақов деген механизатор туралы жақсы жазыпсың. Оны дайындап қойдық. Тек жаза бер, жаза бер» деп кеңестерін айтыпты. Сөйтіп, жаза бердім. Қысқасы, мен мектеп бітіргенше қаламы ұшталып қалған тілші бала атандым.
– Бүгінгі балаларға өнеге болатын үлгі екен. Орта мектепті бітіргеннен кейін не істедіңіз?
– Содан бір қоржынға газет-журналға басылған мақалала­рымды салып алып, Алматыға оқуға тарттым. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетіне құжаттарымды тапсырдым. Сол жылы конкурс өте күшті болды. Бір балым кем түсіп, ауылға оралдым. Совхозға механизатор болып орналастым. Одан Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеуге аттандым. Әскерден кейін жоғарыда аталған оқу ордасының журналистика факультетіне сырттай оқуға түстім. Туған жерімдегі мектепке орналастым. Бірақ мақсатым – журналист болу. Осы ойымды Жомарт ағама айтқан едім. Ол кісі облыстық газетте жұмыс істейтін. Бір күні ауылға қоңырау шалды. «Бір корректорлық орын босады. Қаласаң, келіп көр» деді. Салып ұрып жеттім. Бас редактор – Әнуар Ипмағанбетов деген кісі. Белгілі аудармашы. Текті адам. Жылы қабылдады. Ақыры, жұмысқа алындым. Жауапты хатшы – Жұмамұрат Тұяқбаев деген жайдары азамат. Корректорлықтың қыр-сырын түсіндірді. Ол кезде газет аптасына бес рет шығады. Жұмыс қазандай бұрқ-сарқ қайнап жатады. Біз газетті екі беттен бөліп алып, қадалып оқимыз. Қолым қалт еткенде мақала жазамын. Үш айдан соң мәдениет бөліміне ауыстым. Оны жазушы Мәди Хасенов басқарады. Одан транспорт бөліміне бардым. Содан соң хабар және спорт бөлімінің меңгерушісі болдым. Одан кейін ауылшаруашылық бөліміне… Міне, осылай өмір өтіп жатты.
– Бір журналистің «Менің редакторларым» деген есте­лігін оқып едім. Сіздің редактор­ларыңыз кім болды?
– Жаңағы айтқан Әнуар Ипмаған­бетовтен кейін газетке бас редактор болып Ибрагим Қапаров келді. Бұған дейін бұл кісі облыстық партия коми­тетінде нұсқаушы болған. Бірақ басшылық қызметте ұзақ отырған жоқ. Одан кейін Әмірғали Нүркішев деген ағамыз болды. Бұл азаматты өз басым қатты қадірлеймін. Өте орнықты, парасатты адам еді. Екі тілге де жүйрік. Жазуға да шебер. Газеттің бір бетін алатын мақаланы бір сағатта диктовкамен қағып тас­тайды. Мен осы ағамнан көп нәрсе үйрендім. Жазған дүниенің бәрі сәтті шыға бермейді ғой. Кейде солғын түсіп жатады. Мате­риалды редактордың өзі оқиды. Сосын жаныма келіп: «мақалаңды оқыдым, мына бір жерін қайта бастырарсың» деп ақырын шығып кетеді. Сол жөндеген жерді қарасам, құлпыртып жіберген. «Мынау сөз менің ойы­ма қалай келмеген» деп іштей өкініп қаламын. Әмірғали аға да көп отырған жоқ. Қайтыс болып кетті. Содан Октябрь Әлібеков тағайындалды. Өкең бас редакторлыққа 44 жасында келіп, табан аудармай осы қызметті он алты жыл атқарды. Содан зейнеткерлікке шықты. Одан кейін Жомарт Әбдіхалық болды. Жөкеңмен жақсы жұмыс істедік. Бұл кісі де қапияда өмірден озды. Одан кейінгі жазушы Жабал Ерғалиевті бүкіл ел біледі ғой. Міне, менің бас редакторларым – ел таныған осы азаматтар.
– Аға, сіз ұзақ жыл жауапты хатшы болыпсыз. Бұл желдің өтінде, жаудың бетінде жүретін қызмет қой…
– Иә, інім, солай. Жауапты хатшының кабинеті – редакция штабы. Іші ұстаның көрігіндей қызып жатады. Күнделікті нөмір­дің макетін сызамын. Одан қалды, күн-түн қатып жұмыс пен баспахананың ортасында жүреміз. Кейде үйге кеш келіп, беттен қате кеткен жоқ па екен деп тағы ойлайсыз. Содан кезекшілікке хабарласамын. Сосын барып көңіл жайланады. Әуелде бұл қызметті атқарғым келмеген. Басшылық бір-екі жыл істеп көр, содан соң ауыс­тырамыз деген. Қайда, он бес жыл қатарынан хатшылықтың қамытын мойнымнан тастаған жоқпын. Әлі есімде. 1974 жыл. Тың игерудің 20 жылдығы тойланды. Л.Брежнев баяндама жасап, соның әуресімен бір тәулік жүріп газет шығардық. Баяндама мың қайтара түзелді. Тағы бір мысал. Бірде газетте жарық көрген партия хатшысының мақаласындағы сөздерінің орны ауысып кетіпті. Былай ешкім оны байқай қоймайды. Оны әр нөмірді қағас жібермей, сүзіп оқитын коммунист шалдар көріп қалып, облыстық партия комитетіне хабарласып, олар бізге шығып, соңы алай-дүлейге ұласты. Ақыры бас редактор ескерту алып, корректор жұмыстан босатылды. Міне, осындай қызық жағдайлар басымыздан өтті.
– Кешегі Ақмола бүгін әсем елордаға айналды. Сіз қаланың байырғы тұрғынысыз. Ол туралы не айтасыз?

– Туған қаламның еліміздің бас ордасы болғанын қос қолымды көтеріп қолдағандардың бірімін. Бұл мәселені 1918 жылы Сәкен Сейфуллин көтерген екен. Кезін­де академик Қаныш Сәт­баев Алматыдағы Ғылым академия­сының ғимаратын Ақмоладан салайық деп, Орталық Комитетке ұсыныс айтыпты. Көрнекті ғалым бұл идеяны бекер қозғаған емес. Бұл – 1948 жыл. Соғыстан кейінгі ауыр кезең. Сол себептен ел басшылығында отырған азаматтар тарапынан қолдау таппаса керек. Ақмола – тоғыз жолдың торабы. Бас шаһар жыл санап көркейіп, өсіп келеді. Оған қуанамыз.

Көңіл қамықтыратын да тұстары бар. Бірде туристік сапармен Австрияға барып, Вена қаласын араладым. Сонда олардың көшедегі салған жолдарын көріп, сүйсіндім. Кең жол. Ешкім ешкімге кедергі жасамайды. Көліктер өз бетімен, жүргіншілер өз бетімен, вело­сипед­шілер өз бетімен зырлап барады. Сол кезде біздің қаламызда да осындай жол салғанда ғой деп ойладым. Өйткені біздің жолдардың ені өте тар. Екі машина қатар жүре алмайтын көшелер кездеседі. Осыны жер жетпегендей қушитып тастағанға таңмын.
– Аға, жетпіске келдіңіз, өмірден не түйдіңіз?
– Бұл жасқа жеткен де, жетпеген де бар. Құдайға шүкір, ел қатарлы ғұмыр кешіп келемін. Саптан әлі қалған жоқпын. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрмін. Отбасым, аяулы жарым, балаларым бар. Аталаған немерелер өсіп келеді. Мен бір жылдары қатты сырқаттанып, бір аунап тұрдым. Сол кезде жаныма жақындарым, достарым демеу болды. Қазір адами құндылықтар өзгеріп барады. Кейде жұмыр бас­ты пенде болғаннан кейін адамдар бір-бірімен шекісіп, көрместей болады. Бұл көрініс бөтен адамдарды былай қойғанда, туыстар арасында өрбіп жатады. Сондай кезде «жарық күнді, өмірді бағалай білейік, ағайын» дегім келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды