Өмір жолы өнегелі

0 110

Өз сала­сының үздік мамандарын анықтайтын «Астана таңдауы-2013» байқауына ұсыныл­ғандардың бірі – Нұрлан Сыздықов.

Нұрлан Еркенұлы 1958 жылы Семей облысының Бесқарағай ауданына қарасты Беген ауылында дүниеге келген. 1985 жылы Томск қаласындағы әскери-медициналық институтты тәмамадаған. Мамандығы – әскери дәрігер. «Қазақстан Респуб­ликасы денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Құрметті шекарашы». 2011 жылы зейнетке шығып, бүгінде жеке кәсіпкерлікпен айналысады.

«Әкеміз өз қызметін Ашхабад қаласына жақын Бахарден кентінен бастаған. Сол жердегі шекара жасағының медициналық көмек көрсету пунктінде дәрігер болды. 1986 жылы бір жылға жуық уақытын Ауғанстанмен шекаралас Тахта-Базар қаласында орналасқан шекара жасағында іссапарда өткізді. Уақытша құрылған инженерлік құрама жасақта әскери-медицина қызметін басқарды. Өзінің қызметтік міндеттерінен тыс сол аумақта орналасқан шекара бекеттерінің жеке құрамдарына дәрігерлік көмек көрсетті. Сол шалғай Қарақұмда геологиялық барлау жасап жүрген мамандар жарақат алғанда, әкем емдеген. 1988 жылы әкемізді Душанбе қаласындағы әскери бөлімге әскери-медициналық қызметті басқаруға ауыстырған. 1989 жылдың аяғына таман басталған төтенше жағдай кезінде басынан жарақат алып, миы шайқалған офицерді госпитальға апаруға мүмкіндік болмай қалған кезде, ол он күн бойы ем жасаған екен. 1990 жылы әскери қызметін Петропавловск-Камчатскийде жалғастырды. Тынық мұхитындағы Куриль, Камандор сияқты аралдарда орналасқан шекара бекеттеріндегі сарбаздарға дәрігерлік тексерулер жасап, эвакуациялауды ұйымдастырып отырды. Еліміз тәуелсіздік алардың алдында қызмет жағдайымен Алматы қаласына ауысты. Алматы қаласындағы Боралдай гарнизонында, қа­зіргі шекара академиясында, әскери жөндеу зауыттарында қызмет атқарды» дейді әкесінің өмір жолы туралы сыр шерткен Бауыржан Сыздықов.

Құрметті шекарашы он жылға жуық ҚР ҰҚК Шекара қыз­метінің санитарлық-эпидемиологиялық жасағында эпидемио­логия бөлімінің бастығы қызметін атқарған. Індетке қарсы шараларды ұйымдастырып, көптеген инфекциялық ошақтарды жоюға тікелей араласқан. Зейнет жасына шыққанға дейін Астана қаласындағы ҰҚК Шекара қызметінің Орталық аппаратында бас санитарлық дәрігер міндетін абыроймен атқарды.

Бүгінде отбасында төрт бала тәрбиелеп, екі немере сүйіп отырған Нұрлан Еркенұлын ұл-қыздары мақтан етеді. «Біз әкеміздің өмірі өнегелі, еңбегі үлгі болатындай, жауапкершілігі мол кәсіп иесі болды деп санаймыз. Оған дәлел өткен өмір жолдары» дейді қызы Индира Сыздықова.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − five =