Өмір жолы – өнегелі

0 188

Сонау отызыншы жылдардың аласапыран кезеңінде өмірге келгендер – бұл күнде шежірелі қарттар. Олардың өткен жолына үңіле қалсаңыз, том-том кітаптардай өмір тарихына кезігеріңіз айқын. Тағдырдың талай соқталаңын көрген олардың бойында қажыр-қайрат та, кез келген қайғыны еңсерер мықты күш те, төзім де бар. Олар әр күнін, бейбіт атқан таңын алтынға балайды. Жаратқанға жалбарынып, дастарқанға отырады. Бұл – сонау халық басына қара бұлт үйірген 1937-нің тәрбиесі. Қаратай да осындай жандардың бірі.  Әкесі орта күйлі шаруа-тын. Жандайшаптар «діни оқымыстысың, молдасың, ескілікті аңсаушысың» деп, «қара мәшинемен» алып кетті. Қатыгездер енді жетіліп келе жатқан үш бала мен ананың зар илеген көз жасына қараған жоқ. Бұл бір ғана отбасының қайғысы емес еді. Миллиондаған қазақтың шаңырағын шайқалтқан, бірақ көнген, көндіккен, дұрысы, шыдап баққан. Бала Қаратайдың анасы да тастүйін бекініп, белін буып, балаларға тіреу бола білді. Еңбек етті, «ауырдың астымен» жүрді. Бар мал-мүлкін тартып алып, баспанасыз қалғанда да елдің көшіне ерді. Иә, айтуға оңай-ақ…
Сол дүрбелеңде үлкен әпкесі бірінші мүшелге енді ғана толған. Бар бейнетті анасы мен сол әпкесі көтерді. Айналасындағы ақсақалдардың баталы сөздері қажыған жұртқа рух пен күш беретін. «Сендер батыр қазақтың ұрпағысыңдар. Құдай жаманының артынан жақсысын береді, тек шыдамды болыңдар» дейтін еді қариялар. Дүрбелең жылдардың дәл ортасынан ысылып шыққан Қаратай Жүкенұлы 1951 жылы Қарағанды мұғалімдер институтын абыроймен бітіріп, көп ұзамай Бестөбе ауылындағы мектепте тарих пәнінен сабақ берді, шәкірт тәрбиеледі. 1953 жылы Семей педагогикалық институтын сырттай тәмамдап, 1966 жылы Ерейментау ауданына қарасты Благодатное ауылындағы орта мектепке директор болып тағайындалды. Мектеп жанында алыс ауылдардан келетін балаларға арналған интернат бар еді. Білім ошағын біліктілікпен басқарып, көзге түскен оны оқу бөлімі Сілеті ауылында ашылған жаңа орта мектепке директор етеді. Тәжірибесі мол, іскер басшы бұл мектепті облыс аумағындағы үлгілі білім ошағы дәрежесіне жеткізді. Кейінірек бірнеше жыл аудандық оқу ісінің инспекторы қызметін атқарды. Қаратай Нұрайлин осынша еңбек жолында жетістіктерден де құралақан қалған жоқ. «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен, Ұлы Жеңістің, Тың игерудің 10, 20, 30 жылдықтары медальдарымен, Қазақ КСР-ның Құрмет грамотасымен, көптеген Алғыс хаттармен марапатталған.
Зайыбы Зейнеппен тоғыз ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Айналасына үлгілі отбасы атанды. Сол ұлағатты ұстаз Қаратай қазірде сексеннің сеңгіріне шығып, қазыналы қарияға айналды. «Мен өмірімде ұқыптылықты сүйдім, өмірге құштарлықпен қарадым, еңбектен қашпадым. Шәкірттерімді тек жақсылыққа жетелеп, адамдыққа тәрбиеледім, көп білуге, көп оқуға ерінбедім. Осы қасиеттерім мені көп кедергілерден алып шықты» деп отырады ақсақал. Тағы бір айта кетерлігі, Қаратай Жүкенұлының бай кітапханасы бар. Бұл – бүгінгі жастарға керемет үлгі.

Түймеш БЕКБАСАРОВА, ардагер ұстаз

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 − 6 =