«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Өмір сүруге қолайлы қала

0 13

Бас қала тұрғындары көбейген сайын алдымен инфрақұрылымды дамытуға мән берілуге тиіс. Осы орайда елордада Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бірқатар стратегиялық нысандардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Бірінші кезекте электр, жол, су және жылу беру қуатын арттыру қажет. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мәслихат отырысында инфрақұрылымды жүйелі дамыту және стратегиялық нысандар құрылысы туралы айтып берді.

ERM_6327

«Тұрғындар мен қаланың өсу динамикасын, яғни жаңа құрылыс аудандарының ашылуын ескере отырып, алдымен жылу, электр, су беру қуатын арттыру қажет. Осы факторларға өмір сүру жайлылығы, қаланың дамуы, инвестиция тарту және т. б. тікелей байланысты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы мәселені шешу үшін бірқатар стратегиялық нысандардың құрылысын жүргізіп жатырмыз. Мысалы, суға қатысты мәселелерді шешу үшін өткен жылдан бастап сорғы-сүзгі стансасының (3-ССС) құрылысына кірістік. Нысан осы жылдың соңына қарай ішінара пайдалануға беріледі, ал 2023 жылдан бастап жаңа 3-ССС жұмысының қуатын ұлғайтамыз. Бұл болашақ құрылыс алаңдарын ауыз сумен қамтамасыз етіп қана қоймай, қазіргі су беру қуатын арттыруға мүмкіндік береді. Мәселен, қазір тәулігіне 300 мың текше метрді тұтынатын болсақ, онда 3-ССС қуаты тәулігіне қосымша 100 мың текше метрден астам қуат береді. Сондай-ақ 3-ССС-ке ұзындығы 18 км су бұрғышты саламыз» деді Алтай Көлгінов.

Елордада соңғы 3 жылда 8,5 млн шаршы метр тұрғын үй салынғаны себепті жылумен қамту қуатын арттыру қажет. Ол үшін қала әкімдігі, 3-ЖЭО құрылысын жаңғыртудан бөлек, үш жергілікті газ қазандығын жобалау бойынша жұмыстарды бастады. Газ қазандықтарының қуаты сағатына 1 мың гигакалориядан асады, бұл 3-ЖЭО қуатынан 3 еседен көп. Бұл құрылыс жүретін перспективалы аудандарды жылумен қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ елордада қаланы газдандыру жұмысы жүріп жатыр. Алматы және Сарыарқа аудандары толығымен газдандырылды. Ол үшін 680 км-ден астам газ тарату желісі салынды. Сондай-ақ газ тарату желілері қалған екі ауданда салынады.

Бұдан бөлек, кәріз тазарту құрылыстарын жобалау (2-КТҚ) бойынша жұмыс жүргізілуде, сол сияқты электр желілерін жаңғырту, «Арай», «Жұлдыз» және т. б. қосалқы стансаларды жобалау және реконструкциялау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіледі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды