ОМБЫҒА ОҢ САПАР

0 90

Астана-Омбы арасындағы барыс-келіс пен алыс-беріс жаңа қарқын алатын болды. Сүйіншілеп айтар болсақ, елорданың әуе жолында жаңа бағыт пайда болды. Ол – «Эйр Астана» әуекомпаниясының Ресейдің Омбы қаласына тікелей рейсі. Енді тағдырдың жазуымен, нақты айтсақ, ғасырлар бойы бабалар мекендеген, алайда шекара бөліске түскенде шептің арғы жағында қалып қойған қазақтардың атажұртқа емін-еркін келіп-кетуіне зор мүмкіндік туды.

 Шілденің 16-сында компанияның елордадан Омбыға алғашқы тасымалы басталды. Сібірдің өнеркәсіптік орталығы саналатын, ең бастысы, қазақтың тарихи жері болып танылатын Омбыны бетке алған ұшақтың бортына еліміздің БАҚ өкілдерімен бірге, біз де жайғастық. Жаңа бағыттың алғашқы жолаушылары есебінде Омбы қаласына барып қайттық.

Сонымен елордада сағат тілі 07.50-ді көрсеткенде алғашқы 33 жолаушы мінген Foccer-50 ұшағы әуеге көтеріліп, жергілікті уақыт 10.25-ті көрсеткенде Омбы қаласына қонды. Уақыт айырмашылығын есепке алғанда ұшу уақыты – 1сағат 35 минут. Айта кетерлігі, қыркүйек айынан бастап, ұшу уақыты 50 минутты құрамақ. Себебі, 1 қыркүйектен бастап екі қала арасындағы тасымал реактивті Embraer-190 лайнерімен жүзеге асырылатын болады.

Компания өкілдерінің айтуынша, рейс алдымен аптасына екі рет – дүйсенбі және сәрсенбі күндері, ал күзден бастап бейсенбі және жексенбі күндері қатынайды.

Embraer ұшағының 88 орны эконом-сынып, тағы 9 орын бизнес-сынып санатына жатады. Ал барлық алым-салықтарды қоса алғанда бас қаладан Омбыға барып-қайту құны 26 470 теңгеден басталады.

Бортқа кіргенімізден-ақ, жолаушыларды жылы жымиған борт қызметкерлері қарсы алды. Күлімдеген қыздардың қызмет көрсету мәнеріне риза болдық. Орайы келгенде айта кететіні, қызмет көрсету сапасына берілетін Skytrax халықаралық агенттігінің 4 жұлдызды рейтингісіне ТМД және Шығыс Еуропа әуекомпаниялары арасынан «Эйр Астананың» үздік атанып, ең жоғарғы бағасын иемденгені бар. Іс жүзінде сол бағаның тегіннен-тегін берілмегеніне көзіміз жетті.

Жолаушылар ұшақтан түскен бетте Астанадан келген алғашқы рейсті қарсы алуға Омбы әуежайының өкілдері мен жергілікті журналистер келіпті. Салтанатты жағдайда мерекелік лента кесіп, тұсаукесер рәсімін жасады. Ресми рәсімнен соң БАҚ өкілдеріне арналып баспасөз мәслихаты өтті.

– Жаңа рейс Қазақстан мен Ресейді байланыстыратын жетінші бағыт болып табылады. Бұған дейін Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосібір, Екатеринбург, Самара және Қазанға қатынайтын бағыт ашылған болатын. Бүгінгі жаңа әуебайланыс екі қаланың тұрғындарына достық, туристік сапар шегуге мүмкіндік беріп отыр.

Омбы тұрғындары Астана арқылы Қазақстанның кез келген қаласына ыңғайлы түйісу рейстерімен қатынай алады. Тіпті, халықаралық бағыттар бойынша жолаушыларға Ыстамбұл, Франкфурт және Абу-Дабиге дейінгі рейстерге қолжеткізе алады, – деді «Эйр Астана» әуекомпаниясының ТМД және Ресейдегі аймақтық бас менеджері Дмитрий Капарулин. Қазақстан Республикасының Омбы қаласындағы консулы Эльдар Қонаевтың айтуынша, екі елдің тұрғындары пайдаланған жалғыз «Омбы-Қарағанды» бағытында қатынайтын жүрдек пойыз өткен жылы жүруін тоқтатқан. Сайып келгенде, бұл бұқараның шалғайдағы ағайын арасындағы барыс-келісті қиындатты. «Осыған қатысты халықтың тарапынан елшілікке біраз хаттар түсті. Онда жұрт «екі қаланың арасында әуе байланысы орнатылса игі болар еді» деген тілектерін де білдіріп жатты. Жалпы, әуе жолына деген қажеттілік, әсіресе, жаз айларында қатты сезіледі» деді консул өз сөзінде.

«Омбы халықаралық әуежайы» АҚ-ның бас директоры Михаил Берман да сөз алып, жаңа арнадағы бағыттың ашылғанына дән риза екенін жеткізді.

– Біз – Қазақстанмен жай ғана көрші емеспіз, сонымен қатар достық ахуал қалыптастырған елміз. Шынын айту керек, бұған дейін екі қала арасында әуе жолының болмағаны халыққа қиын тиді. Енді, міне, екіжақты байланыс үшін үлкен қадам жасалды. Бұл байланыстың сәтті болатынына кәміл сенемін.

«Эйр Астана» ұшақтары осы бағыт бойынша бұдан да жиі қатынайды деп үміттенеміз. Екі қала арасындағы өзара достығымыз нығайып, алдағы уақытта басқа бағыттар бойынша әуе жолдары ашылады деп ойлаймын, – деді ол.

Баспасөз мәслихатына арнайы шақырылған «Мөлдір» қазақ мәдениетінің Сібір орталығының жетекшісі Алтынай Жүнісова да өз кезегінде ақжарма тілегін айтты.

Айтуынша, ондағы қазақтардың көбі балаларын оқуға Қазақстанға, оның ішінде Астанаға жіберуді жөн санайды. Өзі орталық жұмысына байланыстыелге жиі келіп-кетіп жүреді. Сондықтан, Астана-Омбы бағытының бұқараға берер берекесі мол. Басқасын айтпағанда, бір ғана Омбы облысының өзінде 100 мыңнан астам қазақ бар.

Ресми рәсімнен соң, Қазақстаннан барған журналистерге арнайы экскурсия ұйымдастырылды. Екі күн бойы үлкен шаһардың сәулеттік туындыларын тамашалап, терең тарихымен таныстық.

Ертістің бойындағы ел-жұрттың тыныс-тіршілігіне арналған саяхатымыз Шоқан Уәлихановтың ескерткішінен басталды. 2004 жылы орнатылған екен. Ескерткіштің бір бүйірінде «Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Омбы қаласының тұрғындарына сыйы» деген жазуы бар. Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, ерте сөнген ғалым, зерттеушінің атындағы көшенің бойында орналасқан. Ұзындығы – бір шақырым. Көшенің бойында әрі-бері ағылып жатқан халық.

Пікірлескен адамдардың айтуынша, көбінесе тұрғындар балаларын ертіп, отбасымен жиі келетін жердің бірі. Қазақ халқымен байланысты тағы бір көше – Алаш арысы Сәкен Сейфуллин атында екен. Ақынның атындағы көшені көзімізбен көрмедік.

Сұрастырсақ, қаланың оң жағалауында екен. Жекеменшік жер үйлер орналасқан ауданда. Тап сол ауданда қазақтар көп тұратынын білдік. Бұдан бөлек Шоқан атамыз оқыған Кадет корпусы мен Отыншы Әлжанов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Нығмет Нұрмақовтар оқыған педагогикалық училищені сыртынан тамашалап қайттық.

Бір қызығы, ондағы ескерткіштер біздегідей зәулім емес. Ескерткіштерін көру үшін мойынды созу қажет емес, өйткені, олардың биіктігі көбінесе адам бойымен бірдей болып келеді. Омбының атақты Батюшков деген көпесіне арналған тұтас көше бар. Бірнеше сәулет туындылары сол көшенің бойында қаз-қатар орнатылған. «Колчактың үйі» деген бейресми атауы бар бұл жерде оның атақты жұбайы Люба мен Батюшковтың әйелінің мүсіндері бар. Әлем бойынша слесарьға орнатылған ескерткіш те осында. «Степанович» деп аталады. Кәріздік құдықтан басын қылтитып шығарып тұрған ол өмірге риза.

Саяхаттың соңғы нүктесі Омбының мемлекеттік тарихи-өлкетану мұражайында қойылды. Батыс Сібірдегі ең үлкен мұражай санала- ды. 120 жылда жиналған 170 мыңнан астам жәдігері бар екен. Біздің Қазақстаннан келгенімізді білген мұражай қызметкері «Азиялық Ресей» деп аталатын бөлімге алып барды.

Мұнда қазақ, сібір татары, украин, неміс, орыс және белорус халықтарының тұрмыс-тіршілігін көрсететін этнографиялық көрме бар екен. Бісмілләсі, қазақтардан басталды. Мұражай қызметкерінің айтқандарын тыңдап отырсақ, қазақтар ертеректе ағаш өнеріне бейімі болмаған, қымыз – татарлардың ұлттық сусыны екен. Айтуынша, киіз үйдің есігін қазақтарға орыстар жасап, сатып отырыпты.

Көрмеге қойылған заттарды көргенде, құдды қазақ қайыршы болып, жоқшылықта өмір сүрген сияқты. Едендегі алашасы жырым-жырым, қазан-шәйнегі күйелеш, одан қалса, киіз үйдің уығы қисайып әр жаққа қарап тұр.

Ең қызығы, басқа ұлттарға қойылған жәдігерлер мұнтаздай. «Қазақтың көрмесін жаңартуға болмай ма?» деген сауалымызға әлгі қызметкер «Біз, артефактпен жұмыс істейміз. Мұның бәрін арнайы экспедиция кезінде жинадық. Бұлар – тарихи заттар. Сондықтан ауыстыруға келмейді» деді. Сөйтіп, қазақтың тарихын қазаққа «тәптіштеп» айтып берген экскурсоводпен біраз жерге барып қалдық.

Осы екі күн ішінде қаланың біраз тарихи жерлерімен таныстық.

 

Айнұр САНАБЕК, Астана-Омбы-Астана

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − 2 =