ОМБЫДАҒЫ АСТАНА КӨРМЕСІ

0 158

Омбы облысының тарихи мұрағатында «Астана – Еуразия жүрегі» көрмесі өтіп жатыр. ТМД-ның құрылғанына 25 жыл толуына арналған көрмені Ас­тана  қаласының мемлекеттік мұрағаты ұйымдастырды. 

Мемлекетаралық мәдени-тарихи жоба болып саналатын шараның мақсаты – Омбы тұрғындары мен қонақтарын Астананың тарихымен
таныстыру және Қазақстан мен Ресейдің мәдени мекемелерінің ара­сындағы байланысты нығайту.

Қазақстан Республикасының Омбыдағы консулы Эльдар Қонаев, Омбы облысының Мәдениет вице-министрі Людмила Чекалина және Астана қаласы Мемлекеттік мұра­ғатының директоры Балқия Бай­мағанбетова ашқан шарада қазақтың дәстүрі бойынша шашу шашылып, Омбы Достар үйінің ұлттық музыкалық ұжымдары мен өңірдегі қазақ диаспорасы концерт қойды.

Аталмыш көрмеге жүзден астам жәдігер қойылған. Әрбір бөлімде Ақмоланың 1832 жылдан басталатын тарихы мен қазіргі Астананың қалыптасу кезеңдері қамтылған. Мұндағы материалдар ХІХ ғасырдың ортасындағы қаланың тынысы, ХХ ғасырдағы Тың игеру кезеңдері көрініс тапқан. Сол заманның маңызды құжаттары да қойылған.

Елорданы Алматыдан Астанаға көшіруіне бөлек экспозиция арналған. Көрмеде қаланы қайта атау туралы Жарлық, елорданың құрылысы туралы материалдар, елорданың төлқұжаты, бас жоспары Астананың ажарын айшықтайтын фотосуреттер орын алған.

Бұған қоса, қазақ халқының қол­данбалы өнер бұйымдары мен тұр­мыстық заттары көрмеге ерекше сән беріп тұр. Олардың арасында ұлттық киімдер, зергерлік бұйымдар, домбыра, қобыз секілді музыкалық аспаптар, отандық нумизматтар жидаларынан алынған алғашқы қазақстандық банкноттар, мерейтойлық монеталар, қазақстандық филателисттердің пошталық маркалары бар.

Көрменің ашылуында қазақстандық мұрағатшылар Омбы облысының Мәдениет министрлігінің атынан алғыс хаттармен марапатталып, өз кезегінде ресейлік тарапқа Астананың Мәдениет, мұрағаттар және құжат­тама басқармасының басшысы Болат Мажағұловтың атынан алғыс хаттар табыс етті.

Көрме 26 қыркүйекке дейін жал­ғасады. Сол жақтан жеткен ақпаратқа сенсек, көрмеге келушілер саны күн сайын артып келеді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen + five =