Олжабай БЕЙСЕНБАЕВ, «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» РМҚК Астана қалалық филиалының директоры: БЕС БАЛА ТУҒАН ӘЙЕЛДЕР ЕЛУ ҮШІНДЕ ЗЕЙНЕТКЕ ШЫҒАДЫ

0 231


Гүлнәр Қайыртайқызы:
– Олжабай Мұхаметжанұлы, елімізде әйелдердің зейнеткерлік жасын арттыру қай жылдан бастап жүзеге асырылады?

– Әйелдердің зейнетке шығу жасын арттыру «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 11-бабының 1-тармағына сәйкес, кезең-кезеңмен, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жыл сайын алты ай қоса отырып, он жыл ішінде жүзеге асырылады. Демек, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап біздің еліміздегі әйелдер 58,5 жасқа толғанда; 2019 жылы – 59; 2020 жылы – 59,5; 2021 жылы – 60; 2022 жылы – 60,5; 2023 жылы – 61; 2024 жылы – 61,5; 2025 жылы – 62; 2026 жылы – 62,5; 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап әйелдер 63 жасқа толғанда құрметті демалысқа шығады.

Мария Қуандықова:
– 1956 жылы Семей, қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абралы ауданында дүниеге келіппін. Бұл аудан ең жоғары радиациялық аймаққа жататындықтан, менің зейнет демалысына ертерек шығуға құқым бар ма?

– Бұрын төтенше және ең жоғары радиациялық қауіпті аймақтарда 1949 жылғы 29 тамыздан 1963 жылғы 5 шілдеге дейінгі кезеңде он жыл ішінде тұрған тұлғалар айрықша зейнеткерлер болып есептелетін. Қазір «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 2-тармағына сәйкес, азаматтардың қауіпті аймақтарда тұруы бес жылға дейін төмендетілді. Яғни, төтенше және ең жоғары радиациялық қауіпті аймақтарда жоғарыда айтылған аралықта кемінде бес жыл тұрған ерлердің жалпы жұмыс өтілі жиырма бес жыл болған жағдайда – 50 жасқа толғанда, ал әйелдердің жалпы жұмыс өтілі кемінде жиырма жыл болғанда 45 жасқа толғанда зейнеткерлікке шығуға құқығы бар.

Бауыржан Асылбеков:
– Төрт балам бар. Жақында үлкеніміз он сегізге толды. Бұдан әрі жұбайым көпбалалы ана ретінде мемлекеттік жәрдемақы ала ала ма?

– «Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» ҚР Заңына сәйкес, бірге тұратын төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары, оның ішінде орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін ұйымдарда, жоғары оқу орындарында күндізгі бөлімде оқитын балалары бар көпбалалы отбасылардың балалары кәмелеттік жасқа толғаннан кейін олар оқу орнын бітіретін уақытқа дейін, яғни, жиырма үш жасқа толғанға дейін арнаулы мемлекеттік бітіретін уақытқа дейін, яғни, жиырма үш жасқа толғанға дейін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқығы бар. Ал, төрт баланың біреуі күндізгі бөлімде оқуын аяқтаған жағдайда, арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлемі тоқтатылады.

Бақытжамал Базарбаева:
– Зейнетақы мөлшерін қайта қарау және есептеудің жолдары қандай?

– Мемлекет 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнеткерлікке шыққан азаматтарды зейнетақы төлемдерінің белгіленген мөлшерін сақтай отырып, 1999 жылғы 1 сәуірге дейін зейнетақымен қамсыздандыруға кепілдік береді. Одан кейінгі кезеңдерде зейнетақы төлемдері қолданыстағы Заңның 13-бабының 4-тармағына сәйкес жүзеге асырылады. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін арттыру Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жыл сайын жүргізіледі.

Қайролла Дүйсенов:
– Қазір қалада тұрып жатқаныммен, жақын туыстарымның бәрі ауылда. Зейнеткерлік жасты біріздендіруде, әсіресе, солардың жағдайына алаңдаймын. Анам да, жеңгем де жұмыссыз, зейнетке шығарда олардың жай-күйі не болмақ?

– Қолданыстағы заңнамада әйелдердің еңбек өтіліне жұмыс істемейтін ананың жас балаларды бағып-күткен, бірақ әрбір бала үш жасқа толған уақыттан аспайтын жалпы жиынтығы 12 жыл шегіндегі уақыт ескеріледі. Осы талап ұсынылып отырған заң жобасында да сақталған. Сондықтан, ауылда тұратын, бірақ жұмыс істемейтін және жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қатысушысы болып табылмайтын әйелдер зейнеткерлікке шығар кезде ең төмен мөлшері он екі жыл еңбек өтілін құрайтын еңбек зейнетақысын, сондай-ақ, базалық зейнетақы алуы мүмкін.

Самал Мырзақызы:
– Олжабай Мұхаметжанұлы, жүктілікке және босануға байланысты жәрдемақы төлеу тәртібі қандай?

– Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы немесе балаларды асырап алуына байланысты табысынан айырылған жағдайларда төленетін әлеуметтік төлем жеке басын куәландыратын құжат; тұрғылықты жері туралы мәліметтер, яғни (азаматтарды тіркеу кітабының көшірмесі не мекенжай бюросының анықтамасы, не ауылдық (селолық) округ әкімінің анықтамасы; еңбекке жарамсыздық парағы; жұмыс орнынан әлеуметтік қатердің басталуы алдындағы соңғы күнтізбелік он екі айдағы табысы туралы белгіленген үлгідегі анықтама; банктік операциялардың жеке түрлерін жүргізетін банктерде немесе басқа ұйымдарда ашылған банк шотының нөмірі туралы мәліметтер; өздігінше жұмыс істейтін тұлғалардан әлеуметтік аударымдар түскен жағдайда қосымша: жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі; салық органдарымен берілген салықтар және басқа міндетті төлемдер бойынша салыстырып тексеру актісі қоса берілгенде тағайындалады. Осындай жағдайда төленетін әлеуметтік төлем мөлшері әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген табыстың орташа айлық мөлшерін еңбекке жарамсыздық күндері санының тиісті коэффициентіне көбейту арқылы айқындалады.
Әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсi ретiнде ескерiлген табыстың орташа айлық мөлшері әлеуметтік төлемге құқық басталған айдың алдындағы соңғы күнтізбелік он екі ай ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген табыстар сомасын он екіге бөлу арқылы жүзеге асырылады.

Гүлден Сабырқызы:
– Жасым 53-те. Бес балам бар, олардың ең кішісі жетіде. Дәл қазір зейнетке шығуыма бола ма?

– Бес және одан да көп бала туған немесе асырап алған және оларды сегiз жасқа дейiн тәрбиелеген әйелдер қолданыстағы Заңның 10-бабы 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес, 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетке шыға алады. Егер де бұрын қолданыстағы заңдылық бойынша бес және одан да көп бала туған және оларды сегiз жасқа дейiн тәрбиелеген әйелдердің 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнеткерлік демалысқа шығуға құқығы болса, Заңмен бес және одан да көп бала асырап алған және оларды сегiз жасқа дейiн тәрбиелеген әйелдерге де осындай құқық берілген. Демек, балаңыз сегізге толғаннан кейін зейнеткерлік демалысқа шыға аласыз.

Мақаш Ермеков:
– Осыдан бес жыл бұрын құрметті демалысқа шыққанмын. Содан бері жұмыс істеп жүрмін. Бұл менің зейнетақымның өсуіне септігін тигізе ме?

– Жоқ. Себебі, зейнетақы алушыға бұрын ұсынылған құжаттарды толықтыратын 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiнгi еңбек өтілі, 1995 жылғы 1 қаңтардан бергi табысы туралы құжаттарды ұсынған кезде, зейнетақының мөлшерiн өзгерту, жүргiзiлген арттыруларды ескере келе, өтілі туралы немесе зейнетақыны бастапқы тағайындаған кезде тапсырылған кезеңдегi табысы туралы қосымша құжаттарды қоса отырып, зейнетақы өтініш берген күнінен бастап тағайындалады.

Майдагүл Кәкімқызы:
– Жұмыссызбын, үшінші перзентім дүниеге келді. Маған қандай мөлшерде мемлекеттік жәрдемақы төленеді?

– «Балалы отбасыларға берiлетiн мемлекеттiк жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сізге бiрiншi баладан үшiншi балаға дейін балаңыздың дүниеге келуіне байланысты берiлетiн біржолғы жәрдемақы – 51 930 теңге мөлшерінде, яғни, 30 айлық есептік көрсеткіште, ал төртінші және бұдан кейінгі балаларға 86 550 теңге мөлшерінде төленеді. Бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы бірінші балаға – 9 521 теңге (5,5 АЕК), екінші балаға – 11 252 теңге (6,5 АЕК), үшінші балаға – 12 983 теңге (7,5 АЕК) және төртінші және бұдан көп балаға – 14 714 теңге (8,5 АЕК) көлемінде болады.

Қарлығаш Батырбекова:
– Бала күтімі бойынша демалыста жүрген әйелдердің зейнетақы шотына аударылатын қосымша міндетті аударымдар қалай жүзеге асады?

– Зейнетақы жарналарының үздіксіз жүзеге асырылуын және зейнетақы жинақтарының мөлшері көбеюін қамтамасыз ету үшін 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша демалыста жүрген әйелдердің қосымша міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау енгізіледі.

 

 

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × three =