Өлшемді өзгертейік

0 140

Осыдан бірнеше жыл бұрын тәжік ағайындардың еліне бардық. Несін айтайын, «қазақон» бауырлар келді деп құшақ жая қарсы алды. Дастархан жайып әрқайсымыздың жағдайымызды сұрап, құрақ ұшып жүрді. Ықыластарына-ақ тойдық. Палауы келді, шурпасын іштік, жеміспен тоқ басып, көк шәйімен бір терлеп алдық.

Біздің хабарымызды естіп, соңынан келіп жатқандарда есеп жоқ. Дастархан басы толы көршілері мен ағайын-туыстары. Байқағаным, әрқайсысы шүберекке орап тандыр нанын ала келеді екен, қасында бір уыс дәні, жемісі тағысын басқа дәмі бар. Алып келгенін ортаға жайып салып, әрқайсысы нан ауыз тиіп жатыр. Кезекпен сөйлеп, өздерінің жайын айтып, біздің жағдайды білді. Тіпті біздерді өзімсінген үй иесі қызына жасап жатқан жасауын да көрсетті. Осы отырыста тек өздерінің ғана емес, бүкіл ауылдың, елдің барлық жағдайына қандық.
Қонақ аз сөйлеп, көп сынайды ғой. Өзімнің өлшеміме салып отыр­мын. Мейман келеді дегеннен шала бүлінеміз, дастарханды жайнатып қойып, аста-төк ет болмаса қонағымызды ренжітіп алатындай көреміз. Ол келгенде жапырып жемесе тағы да ойланып қаламыз. Ақырында емен-жарқын әңгіме жайына қалып, аузымыз астан босамай бастыра жеп, асқазанымызға ауырлық түсіп, отырыстан «қиналып» қайтамыз. Асы бар, құдай тамағы бар тағысын басқа отырыстардың ортақ сценариі осы. Сосын халқымыздың дені семіздікке, артық салмақты деп зар қағамыз. Диабет, қан қысымы осы семіздіктен болады. Әсіресе, жасы егде азаматтарымыздың аты жаман індеттен тез өліп кеткені осы өмір салтымыздан деуге де болады.
Міне, қонақтықтың ауырлығы. Үй иесі қонақ келді дегеннен дамыл таппай, шаршаса келген қонақ та күпті болып қиналады. Қонағының көңілін аулауға үй иесінің әл-дәрмені де қалмайды. Жеген тамағымызға рақмет айтып кетеміз. Осының бәрі не үшін?! Аш отыр деп айтпасын деп пе, әлде ықылас-пейілімізді көрсетудің басқа амалы қалмағандық па?!
Мен де білмеймін. Расында да қонағым келгенде дастархан толып тұрмаса, өзім де қысыламын. Өзгеге қонаққа барғанда дастархан толып тұрмаса тағы қомсынамын. Несіне жасырайық, басқаларыңыз да осылай ойлайсыз. Алайда өлшемді өзгертетін уақыт келген жоқ па?!
Қонақ күту салтын қайта қарап, оның денсаулыққа салмақ түсірмейтіндей, үй иесінің де уақытын алмайтындай етіп, сағынып кездескендердің жайдары сұхбатына айналдыруға болмай ма?! Әлде бұл мол жайылған дастарханымыз кең көңіліміздің емес, «сорпа-су, сүйек берiп сүйдірмектің» бір жолы ма?! Құрметімізді білдірудің басқа салты қазақы дәстүрімізде болмаған ба? Сұрақ көп. Жауабын өздеріңізден күтеміз, қадірлі оқырман.
Тағы «қазақон» бауырларым деп қарсы алғандардың көңіліне риза болғанымды айтайын. Қонуға жатқанымызда үй бикесі бір шәугімді демдеп, қасына кесесін төңкеріп бас жағымызға әкеп қойды. Түнде ішуге су іздеп қиналмаңыз­дар дегені екен. Бұны ойымызға келмейтін қамқорлықтай көрдім. Артық жеген етімізді қорыту үшін литрлеп «кола» ішетін біздерге, ет бермесе де көрші ағайындардың шөл басу үшін алып келген көк шәйі тәтті әрі адал көрінді…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten − eight =