ӨЛМЕЙТҰҒЫН АРТЫНА САЗ ҚАЛДЫРҒАН

0 249

(Басы)

Абай әндерінің жинақталуы, нотаға түсірілуі мен кітап түрінде жарыққа шығуы ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан басталады. Абай әндерін ең бірінші нотаға түсірген Альвин Бимбоэс (1878-1942) – музыкант, этнограф. ХХ ғасырдың екінші жылдары қазақ ауыл­дарын аралап, жүзге тарта халық әндерін жазып алған. Солардың ішінде Абайдың «Сегіз аяқ», «Татьянаның хаты» әндері бар. «Татьянаның хаты­ның» екі түрін Нә­зипа Құлжа­нова­­ның айтуынан жазып алған. Осы ән­дерді 1925 жылы Санкт-Петербургте  Н.Фин­зейденнің редакторлығымен жарық көрген «Музы­калық этнография» жинағына енгізді. 

Александр Затаевич те (1869-1936) музыкант, этнограф, композитор. Ол 2300 фольклорлық музыка туындыларын жазып алып, «Қазақтың мың әні» және «Қазақтың 500 әні мен күйі» атты ерте замандар мен 1930 жылға дейінгі қазақ музыка фоль­клорының антологиясын жарыққа шығарды. Бұл еңбектерге Абай Құнанбаевтың әндері кірген. А.Затаевич Семей губерниясынан жинаған әндерінің ең көбін (жиырма тоғыз ән) Ж.Аймауытовтың айтуы бойынша жазған. Жүсіпбек халық әндерімен қоса, Абайдың, Мәдидің, Кәрібайдың әндерін, Ақан серінің «Балқадиша», «Мақпал», Әсеттің «Ардақ», «Ырғақты», Иманжүсіптің «Сармойын» әндерін салып қана қоймай, өзі де бірнеше ән шығарған.

А.Затаевич семейлік ағайынды Белослюдовтарға аса құрметпен қараған. Ағайынды Белослюдовтар: Николай Николаевич, Виктор Николаевич, Федор Николаевич, Алексей Николаевич – төртеуі де педагог, суретші, өл­кетанушы. Семей қаласында туып-өскен ағайындылар жалпы қазақ әдебиеті, этнографиясы мен фольклорлық деректерді жинақтап қана қоймай, туған өлке тарихына мейілінше қызығушылықпен һәм жанашырлықпен үлес қосқан. Николай Николаевич Орыс гео­­графиялық қоғамы Семей бө­лімшесі мен педтехникумында кемеңгер Мұхтар Әуезовпен бірге қызмет атқарған. Абай шы­ғармаларын орыс тіліне аударып бастыру мәселесін батыл кө­­тер­ген. Бұл жөнінде М.Мыр­захмет

«Абайтану тарихы» моно­гра­фиясының бірінші тарауында кеңінен тоқталады. Николай Николаевичтің 1909 жылдың 9 наурызында інісі Виктор Николаевичке жазған хатындағы мына жолдарға назар аударады: «Абай жайында, малорос сарыны, ол Семейде малоростардан естіген». Әрине, мұндағы «малорос сарыны» деп отырғаны Абайдың өлеңі туралы емес, шамасы, «Айттым сәлем, Қаламқастағы» мелодиялық саз жайлы болса керек-ті. Өйткені, Абайдың манағы әнінде ескі дәуірдегі орыстың «Карие глазки» деген халық әніне үн-сазы жағынан іліктестік барлығы жөнінде жазушы Тәкен Әлімқұлов та айтқан еді. Т.Әлімқұлов берген осы деректі зерттей келіп, музыка маманы профессор Б.Ерзакович «Бұл ән «Карие глазки» деп аталатын орыстың ертедегі тұрмыстық романсына әуен жағынан аса жақын. «Карие глазки» әнін Абай орыс достарының бірінің үйінен естуі мүмкін. Бұл романстың Сібір мен Қазақстанда ғана емес, Ресейде де кең таралғанын сыншы

Тәкен Әлімқұлов хабарлаған қызықты фактісі дәлелдейді» дейді. Сосын Николай Николаевич айтқан жоғарыдағы пікірді өзіне бөгде біреудің айтқанын арнайы ескертіп, «Бірақ ол адам Николай Николаевичке мәлім болса да, біздерге беймәлім. Ол кім, музыкант па, әлде әнші не ғалым ба? Кім де болса славян халықтарының әндерін жақсы білетін көне құлақты білгір кісі болар. Осы беймәлім кісінің хабарлауынша, Абай әнінде малорос сарыны бар деп айтуы да музыка тарихын зерттеушілерге оқыс ой саларлық пікір. Өйткені, хаттағы малорос деп отырған ук­раиндар екені, қазақ жеріне алғаш қадам басқандардың ішінде олар да болғаны белгілі ғой. Сол себепті, бұл ғажап құбылыстың украин халқының ән тарихынан іздестіру керек шығар» дейді Борис Григорьевич.

Абай Құнанбаевтың музыкалық мұрасына қатысты арнайы зерттеу еңбектерді Ғ.Бейсенова, В.Дернова, Т.Егінбаева сынды ғалымдар орыс тілінде жазған.

Күні бүгінге дейін Абай сөзіне жазылған әндер екі жүзден асады. «Өлді деуге бола ма айтың­даршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған…» деп өзі айтқандай, Абай Құнанбаевтың дүниеден өткеніне ғасырдан асса да, ән­дерінің қазақ музыкасы тарихында орны бөлек, халықтың сүйіп айтатын, рухани дүниесімен астасқан тәбәрік.

Сымбат МҮТАЛАПХАН,
Жазу тарихы мұражайының бас маманы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 + ten =