ОЛИМПИАДАНЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖОЛДАМАСЫ

0 136

ERA_5838

AIBA Pro Boxing турнирі аясында 60 келіде өнер көрсеткен Берік Әбдірахманов олимпиада жолдамасын ұтып алды. Ол – 2013 жылғы Азия чемпионы, 2014 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Берік осылайша 2016 жылы өзінің алғашқы олимпиадасына барады.

Астанада өткен кездесудің финалында біздің Берік  өзбек Хуршид Тожибаевпен кездесіп, сегіз раундта ұпай санымен ұтты. Қазақ боксшысына жеңімпаз белбеуін АИБА-ның вице-президенті, ҚР бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев салтанатты жағдайда табыс етті. Үш төреші де жеңісті қазақ бокс­шысына жазды. Екеуі де бұған дейін үш жекпе-жек өткізіп, барлығында Берік жеңіске жеткен.

Ал 52 келідегі кездесулер Ресейдің Новосибирск қаласында өтті. Бұл жолы олимпиаданың жолдамасы финалдық жекпе-жекте мексикалык Элиас Эмигдионы 3:0 есебімен жеңген ресейлік Миша Алоянға бұйырды. Қазақстан сапынан шыққан Ілияс Сүлейменов алжирлік Мұxаммед Флисиді екінші раундта техникалық нокау­т­­пен жеңді. Қос боксшы осыған дейін екінші турда жолыққан еді. Сол кездесуде де Сүлейменовтің алжирлікті нокаутқа жібергені есімізде. Қазақ боксшысы осы кездесуден кейін рейтингтік көрсеткішін жақсартып, олимпиа­да жолдамасын алудан үмітін үзе қоймады.

91 келіге дейінгі салмақта бақ сынап жатқан отандасымыз Антон Пинчук Еуропа чемпионы германиялық Эмир Ахматовичке қарсы шаршы алаңға шықты. Бірінші раунд Ахматовичтің пайдасына шешілгенмен, одан кейін раундтарда Пинчук кездесу тізгінін өз қолына алды. Жалпы есеп – 3:0. Пинчук те жолдамадан үмітін үзе қоймады. Бұл салмақта италиялық Клементо Руссоны жеңген ресейлік Алексей Егоров чемпион атанды.

Сонымен, Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының (AIBA) тұңғыш рет ұйымдастырып отырған «AIBA Pro Boxing» жобасының бірінші маусымындағы алғашқы  сегіз салмақтың финалдық кезеңі мәресіне жетті. Оның қорытындысы бойынша Миша Алоян (52 кг, Ресей), Берік Әбдірахманов (60 кг, Қазақстан), Армен Закарян (64 кг, Ресей), Онур Сипал (69 кг, Түркия), Адем Кыличи (75 кг, Түркия), Эхсан Рузбахани (81 кг, Иран), Алексей Егоров (91 кг, Ресей), Эрик Пфайфер (+91 кг, Германия) жеңімпаз атанып, Олимпиада ойындарының жолдамасын иеленді. Ал 49 және 56 келідегі нәтижелер 5, 19 ақпан күндері белгілі болады. Бокстан алдағы олимпиаданың қалған жолдамалары WSB додасы мен биыл Дохада өтетін әлем чемпионатында сарапқа салынады.

Қазақстан Рио де Жанейро олимпиадасына барлығы 150 жолдама алуды жоспарлап отыр. Ал бұған дейін ауыр атлеттеріміздің өзі жазғы ойындардан бес алтын алатын мақсаттары барын жариялаған еді.

 Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 3 =