Олимпиадаға орайлас ойындар

0 103

Бүгін еліміздің түкпір-түкпірінде спортсүйер бұқара Халықаралық Олимпиадалық күнін атап өтеді. Спорттық мерекені тілшіміз елордалықтар да назардан тыс қалдырмақ емес. Халықаралық атаулы күн қарсаңында Астана қаласы Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы бастығының орынбасары Самат Қабдулинмен аз-кем әңгімелескен еді тілшіміз.

– Алдымен осы спорттық шараның тарихын біле жүрсек…
– Бұл дәстүрлі шараның да тарихы тереңнен тартады. 1894 жылы 23 маусымда Пьер де Кубертен мен оның серіктестері бүкіл жер бетінде ойналатын Олимпиадалық ойындарды жаңғыртпақ болып, Халықаралық Олимпиадалық комитетті құрады. 1948 жылдың қаңтарында комитеттің 42-сессиясында Халықаралық Олимпиадалық күнді жыл сайын өткізу туралы шешім қабылданады. Сол уақыттан бастап осы оқиғаны атап өту дәстүрге айналып отыр. Тұңғыш Олимпиадалық күн сол жылдың 23 маусымында өткізілген екен. Оны әлемнің 200-ден астам елі мерекелеген.
– Бүгін спортсүйер қауымды қандай игі шаралар күтіп тұр?
– Елордалықтар Олимпиадалық күнін Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда өткізетін болады. Шараны мерекелеуге және өз күштерін тексеру үшін барлық жастағы азаматтар қатыса алады. Мереке аясында әртүрлі жастағы қатысушылар арасында жеке жүгірулер ұйымдастырмақпыз. Мүмкіндігі шектеулі жандарды да жарыс жолына қосамыз. Арнайы жүлделеріміз де жоқ емес. Мәренің басталуы сағат 10.00-де.
– Ұйымдастырылатын жарыстарға толығырақ тоқталсаңыз…
– Мәселен, 5-10 жастағы балалар үшін «Олимпиадалық жарыстар» атты асфальтқа сурет салу байқауы бар. Үлкен сыныптағы оқушылар мен студенттер биыл өтетін Лондон Олимпиадасына байланысты викториналық сұрақтарға жауап берсе, ұлттық спорт түрлерінен, дротиктер лақтырудан, үстел теннисі, садақтан ату ойындарынан сынға түседі. Сонымен қатар, Парламент Мәжілісі депутаттары, Олимпиада чемпиондары және БАҚ қызметкерлері 400 метр қашықтыққа жүгірмек. Айта кетейін, жеңімпаздар мен жүлдегерлер Ұлттық Олимпиада комитетінің естелік сыйлықтарымен, жеке демеушілердің жүлделерімен марапатталады. Қашықтықты табысты аяқтаған әрбір қатысушыға Халықаралық Олимпиада Комитетінің президенті Жак Роггенің қолы қойылған сертификат тапсырылады. Олимпиадалық комитеттің серіктестері «Coca-cola» және «Procter&Gamble» компаниялары өздерінің бағдарламаларын ұсынып, қатысушыларға өз өнімдерін тегін таратпақ.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight + four =