Олимпиадаға бармайтын болдық

0 13

Нұр-Сұлтан қаласында өткен Олимпиада ойындарына іріктеу турнирінде Қазақстанның хоккейден ұлттық құрамасы шешуші ойында Польша командасынан ұтылып қалды.«Барыс Арена» спорт кешенінде Қазақстан, Польша, Украина және Нидерланды кұрамалары сынға түскен. Жеңімпаз команда 2022 жылы Бейжіңде өтетін қысқы Олимпиада ойындарына жолдама беретін ақтық жарысқа қатысатын еді.
Жалпы, бұл іріктеу турнирінде Қазақстан құрамасы фаворит саналған. Көпшілік мамандар мен жанкүйерлер де біздің команданың сөзсіз жеңіске жететініне сенімді болатын. Алайда Андрей Скабелка баптайтын қазақстандық хоккейшілер Украина (8:1) мен Нидерланды (7:1) құрамаларын айқын басымдылықпен ұтқанымен, соңғы матчта жігерсіздік танытты. Соңғы, шешуші ойында 2:3 есебімен жеңіліп қалды. Қазақстан азаматтығын алған Доус, Бойд, Диц, Волк, Карлссон және Блэкер секілді легионерлер сенімді ақтай алмады. Әрине, Дастин Бойдтың соққан екі голын жоққа шығарғымыз келмейді, алайда бұл командалық нәтижеге әсер етпеді. Ал поляктар аз шабуылдаса да, ұтымды шабуыл ұйымдастыра білді. Әсіресе, қақпашылары Джон Мюррейдің керемет ойыны көпшілікті тәнті етіп, командалық жігер арқылы жеңісті жұлып әкетті.

Бірінші кезең:
0:1 – 07:28 Цицура.
Екінші кезең:
0:2 – 30:30 Пржигодски
1:2 – 30:47 Бойд
2:2 – 35:29 Бойд.
Үшінші кезең:
2:3 – 40:29 Урбанович

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды