Олимпиада чемпионының медальдары

0 22

Биыл халқымыз 1980 жылы Мәскеу төріндегі жер жүзінің ең мықты деген спортшылары жиналған Олимпиада ойынында грек-рим күресінен атой салып, ел қоржынына алтын салған азамат, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Жақсылық Үшкемпіровтен айрылып қалды. Қазақы ауылда ержетіп, ұлттың бар асыл қасиетін бойына сіңірген ағамыз 69 жасында өмірден өтті. Қазір енді ол кісі жайында өткен шақпен сөйлейтініміз өкінішті.

2015 жылы «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы алғаш ұйымдастырылғанда даңқты дарабоз дүниежүзілік спорттық бәсекеде топ жарып, ие болған медальдары мен спорттық киімін бас мұражайға өз қолымен өткізіпті. Кейінірек ағамыз мұражай маманының: «Сіздің медальдарыңыз – өткеніңіздің ең бағалы естеліктері мен табаныңыздың ізі қалған жерлердің айғағы, өмір бойы талпынып, еңбектенген дүниеңіздің тәтті жемісі десек те болады. Бағалы бұйымдарыңызды музейге тапсыру қиынға түспеді ме?» деген сұрағына: «Мүлдем қиынға түскен жоқ. Біз ендігі жерде өзімшілдігімізді тастап, елдік деңгейде ойлауымыз керек. Менің медальдарым жанымның жартысы десем де, олардың үйде шаң басып жатқанынан ешкімге пайда жоқ. Және олар – менің емес, халықтың медальдары, елдің игілігі. Мені тудырған халықтың жеңісі. Олай болса, халық өз жеңісін қалаған уақытында көре алуы тиіс» деп ақжарылып жауап беріпті. («ҚР Ұлттық музейі» газеті, №2 (3) 2016 жыл). Ардақты азамат үлкен спортпен қоштасқаннан кейін республикалық кәсіподақ комитетіне қарасты Спорт мектебінің басшысы, «Жақсылық» спорт клубының директоры секілді лауазымды қызмет атқара жүріп, қаншама шәкірт тәрбиелеп, ел спортын биікке көтерді. Еліміз егемендік алғаннан кейін жеке шаруашылық құрып, ата-бабамыздың кәсібін көркейтіп, мал шарушылығын дамытуға зор үлес қосты. Осы саладағы еңбегі бағаланып, Қазақстанның Еңбек Ері атанды. Ұлт тарихында жарқын ізі қалған тұлғаның енді аты ғана емес, қолының табы тиген жәдігерлері де ұмытылмайтыны анық.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 5 =