Olimpbet-Қазақстан чемпионаты

0 15

Футболдан Қазақстан чемпионатының жаңа маусымы басталды. Биылғы ұлттық біріншілік титулды демеу­шінің атымен қосылып, Olimpbet-Қазақстан чемпионаты болып аталды.Бірінші турда «Астана» ірі есеппен жеңіске жетті. «Астана Арена» стадионының жөндеуге жабылуына байланысты алғашқы ойынын Алматы қаласындағы «Жас қыран» стадионында өткізген астаналықтар премьер лигаға қайта оралған «Қызылжар» (Петропавл) командасының қақпасына жауап­сыз төрт гол соқты. Биыл командаға қосылған кипрлық легионер Пиерос Сотириу дубль жасап көзге түссе, исландиялық Рунар Сигурьонсон мен хорватиялық Марин Томасов та бір-бірден гол соқты.
Бірінші турдың басқа ойындарында мынадай нәтижелер тіркелді: «Тобыл» (Қостанай) – «Шахтер» (Қарағанды) 3:1, «Қайрат» (Алматы) – «Тараз» 2:1, «Қайсар» (Қызылорда) – «Ертіс» (Павлодар) 1:0, «Ордабасы» (Шымкент) – «Оқжетпес» (Көкшетау) 1:0, «Каспий (Ақтау) – «Жетісу» (Талдықорған) 0:2.
Кеше «Астана» мен «Қайрат» командаларының жазғы УЕФА клубтық турнирлерінде қатысатынына байланысты 18-ші және 21-ші турлардың ойындары алдын ала өткізілді. «Астана» – «Ордабасы» 1:1, «Қайрат» – «Оқжетпес» 5:0.
Екінші турда 14-15 наурыз күндері «Жетісу» – «Тобыл», «Ертіс» – «Қызылжар», «Каспий» – «Астана», «Шахтер» – «Қайрат», «Тараз» – ­«Ордабасы», «Оқжетпес» – «Қайсар» өзара кездеседі.
Айтпақшы, биылғы маусымның ашылуына орай өткізілген Суперкубок матчында Қазақстанның бес дүркін чемпионы «Астана» мен Қазақстан кубогының жеңімпазы «Қайсар» арасында матч 1:0 есебімен аяқталғын. Бұл ойында да «астаналық» Сотириу гол соққан еді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды