Олимп шыңы алыстан қол бұлғайды

0 67

Бұл күнде төрткүл дүниенің назары Токиоға ауған. Төртжылдықтың ең басты додасына үлкен үмітпен көз салған қазақ жанкүйерлерінің көңілі пәс. Неге десеңіз, Олимпиада ойындарының алғашқы 5 күнінің ішінде сенім артқан саңлақтарымыз бірінен соң бірі жарыс жолынан шығып қалып жатыр. Басқа-басқа, бокс дегенде ішер асын жерге қоятын қауымға 5 бірдей былғары қолғап шеберінің шаршы алаңда қарсыласына есе жіберуі оңай тимеді.

Баптан ба, бақтан ба?

Олай болатын жөні де бар. Тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жылда 7 бірдей жазғы Олим­пиада ойынында ұлттық құрама спортшылары жеңіп алған медальдің әрбір үшіншісі боксшыларға тиесілі болды. Ел мерейін үстем етіп, Олимп тұғырынан көрінген 15 саңлақтың жетеуі өз мықтылығын шаршы алаңда дәлелдеді. Осылайша қазақ бокс мектебінің даңқын шығарған саңлақтар отандық спорт тарихында өз аттарын алтын әріппен жазып қалдырды. Өкініштісі сол, олардың бүгінгі ізбасарлары тақым қысып, теледидар алдына телмірген мыңдаған жанкүйер артқан сенімнің үдесінен шыға алмады. Обалы не керек, жігіттер бәрін салуда. Әрине, оларға тәжірибе мен дайындықтың аздығы кедергі болып жататын сәттер аз емес. Сол секілді шаршы алаңда шашасына шаң жұқтырмағандардың меселін төрешілердің де бармақ басты, көз қыстыға жол беруі қайтарып жүр. Қалай десек те бүгінгі қазақ боксының жағдайы мәз емес. Оған Токио шаршы алаңында көптің көзі кезекті рет жеткендей болды.
Ең әуелі 27 шілде күні Абылайхан Жүсіпов америкалық Джонсон Делантеге жол берді. Қазақ боксы үшін «жұлдызды» саналатын 69 келіде ел намысын қорғаған Абылайханның сүрінуі бокс жанкүйерлеріне оңай соқпады. Соңғы 4 Олимпиада ойынында дәл осы салмақта қазақ боксшылары жеңістің ең биік сатысынан көрінген еді.
Іле-шала 91 келіде бақ сынаған Василий Левит 2-раунд­тың басында нокаут алды. Испанияның атынан шыққан кубалық боксшы Эммануэль Рейестің күрзі жұдырығынан есеңгіреп қалған Левит те елге жүлдесіз қайтатын болды. Рио Олимпиадасында ақтық сында ғана қарсыласына жол берген Василий бұл жолы алғашқы жекпе-жектен кейін-ақ жарыс жолынан шығып қалды.
Күні кеше Серік Теміржанов пен Бекзат Нұрдәулетов те қарсыластарына есе жіберді. Теміржановтың да жолына америкалық былғары қолғап шебері Дюк Реган кедергі болады. Ал Нұрдәулетов өзінің «ескі жауы» орыс Имам Хатаевтан айласын асыра алмады. Осыдан 3 ай бұрын Санкт-Петербург қаласы губернаторының кубогы үшін сайыстың ақтық сынында Бекзат Имамнан басым түскен болатын.
Сол секілді әйелдер боксынан жалғыз жолдамаға иелік еткен Надежда Рябец те үмітті ақтамады. Токио шаршы алаңындағы алғашқы жекпе-жегін канадалық Тамара Тибоға қарсы өткізген Надежда қарсыласына 4:1 есебімен жол берді.
Айналдырған 2 күннің ішінде бокстан ұлттық құраманың 5 мүшесі Олимпиада ойындарын ерте аяқтауы спортсүйер қауымның көңілін күпті етті. Сондықтан Токио төрінде қазақстандық боксшылардың бабы да келіспей, бағы да жанбай тұрғанын мойындаудан басқа амал жоқ. Ал Әбілхан Аманқұл, Қамшыбек Қоңқабаев, Сәкен Бибосынов, Зәкір Сафиуллин сынды сайыпқырандардың жағдайы қаншалықты өзгерерін шаршы алаңдағы жекпе-жек көрсетеді.

Елге ерте қайтады

Боксшылардан бөлек, Олимпиадада олжа салуы мүмкін деген спортшыларға да бұл жолы сәттілік серік болмай тұрған сыңайлы. Бұған дейін Рио Олимпиадасында абыро­йымызды асқақтатқан Дмитрий Баландиннің 100 метрге жүзуден жарыс жолынан шығып қалғанын айтқанбыз. 27 шілде күні ол 200 метр брасс әдісімен жүзуден төртінші орынға ие болып, жартылай финалға өткенде, кеудемізде үміт сәулесі жылт еткен. Алайда қуанышымыз ұзаққа созылмады. Кеше таңертең ақтық сынған берілетін жолдама сарапқа салынған. Бұл жолы Баландин үздіктер қатарынан көріне алмады.
Сол секілді Елдос Сметовтің жеңісті жолын жалғастыруға ниетті дзюдошыларымыз да бірінен соң бірі жеңіліс тапты. Сайысқа екінші айналымнан қосылған Дидар Хамза алғашқы жекпе-жегінде моңғол Саиж Моллаиға есе жіберіп қойды. Ал бірінші белдесуінде бразилиялық Рафель Македоменнен басым түскен Ислам Бозбаев Әзербайжан спортшысы Мамадәлі Мехдиевтен жеңілді.
Жарысты жап-жақсы бастаған қазақстандық таеквондошылар Жансель Дениз бен Руслан Жапаров та екінші айналымда сүрінді. Жансель ұлыбританиялық Бьянка Уолкденге жол берсе, Руслан Жапаровтың жолын оңтүстіккореялық Кио Дон Ин бөгеді. Егер қазақстандық таеквондошылардан айласын асырған спортшылар ақтық сынға дейін сүрінбейтін болса, Жансель мен Руслан қола үшін таласқа түседі.
Жекелеген сайыста садақшылардың да жолы болмады. Денис Ганькин екінші айналымда, ал Санжар Мұсаев алғашқы айналымнан кейін жарыс жолынан шығып қалды. Су добынан ұлттық құраманың өкілдері де елге ерте қайтатын болды. Күні кеше жарыс жолына шыққан велошабандоз Алексей Луценконың да көрсеткіші көңіл көншітпейді. Ол мәреге отыз екінші болып жетті.

Ендігі үміт Еленада

Үлкен теннистегі үкілеген үмітіміз Зарина Дияс, Ярослава Шведова мен Михаил Кукушкин елге ерте қайтатындардың тізіміне енгенмен, ұлттық құраманың бірінші ракеткасы Елена Рыбакина ойын өрнегі жақсы. Кеше ол хорватиялық Донна Векичті жеңіп, ширек финалға жолдама алды. Елена бүгін испаниялық Гарибиен Мугурусаға қарсы матч өткізеді. Қазір спорт мамандары Рыбакинаны Токио Олимпиадасындағы басты фавориттердің бірі санайды. Әрі Олимпиада жүлдесінен үмітті Эшли Барти, Наоми Осака, Арина Соболенко, Ига Швентек, Каролина Плишкова сынды теннисшілердің ширек финалға жетпей сүрінуі де Еленаның мүмкіндігін еселей түседі. Сол секілді оның қарсыласы Мугурусада Олимпиадаға жүлде үшін келгенін дәлелдеп үлгерді. Бұған дейін ол Берлинде Еленаға қарсы ойын өткізген еді. Қос сеттің нәтижесі бойынша испаниялық теннисші жеңіске жеткен. Бұл жолы Қазақстанның ұлттық құрамасының бірінші нөмірі ракеткасы барын салады деп сенеміз.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × one =