«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Олимп сайысына аттанды

0 203

Қазақстан спортшылары Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарына аттанды. Ақпан айының 9–25 аралығында жалауы желбірейтін байрақты бәсекеде 90 елдің үздік атлеттері 15 спорт түрінен сынға түсетін болады. Жарыс барысында 102 алтын медаль сарапқа салынады. Бұл ойындарда Қазақстан намысын 62 спортшы қорғайтын болып отыр.

Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан туын шорт-трек әлем кубогы кезеңінің жүлдегері Абзал Ажғалиев көтеріп шығады. Жақында ұлттық құраманың мүшелері Каннын қалашығына қоныстанды. Сондай-ақ, басқа елдердің спортшылары да жарыс жолдарына, жергілікті ауа райына бой үйретуге кірісіп кеткен.
Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев байрақты жарысқа аттанған сайыпқырандарға сәттілік тілеп, ел намысын қорғау үшін аянбауға шақырды.
– Жалпы, Олимпиада ойындарына дайындық кезеңі жақсы өтті деп есептеймін. Спортшылар үшін барлық жағдай жасалды. Сондықтан жақсы нәтиже көрсетуге мүмкіндік бар деп ойлаймын. Баршаңызға сәттілік тілеймін және сіздерден жаңа жеңіс­тер күтеміз, – деді спортшыларды шығарып салу кезінде ҰОК президенті.
Ал енді кімдерден жүлде күтеміз деген сауалға келер болсақ, шаңғы жарысынан соңғы өткен әлем кубогы этапында жүлдегер қатарынан көріне білген Алексей Полторанинге, әлем кубогының фристайл жарысында алтын тұғырға көтерілген Дмитрий Рейхердке үлкен сенім артуға болады. Бұл екеуі де төртінші рет Олимпиада ойындарына қатысқалы тұр. Сондай-ақ, фристайлда, яғни тау шаңғысы акробатикасы бәсекесінде Юлия Галышева да жүлдеге қол созуы әбден мүмкін. Бұл қыз осыдан төрт жыл бұрын Сочи ойындарында төртінші орын алып қуантқан еді.
Мәнерлеп сырғанауда да Қазақстан медаль алуға үмітті. Денис Теннің Олимпиада ойындарының қола жүлдегері деген атағы бар. Ол үшін ендігі нысана тек алтын немесе күміс медаль болып отыр. Ал соңғы жылдары әлемдік жарыстарда көзге түсе бастаған қазақтың қаршадай қызы Элизабет Тұрсынбаева да Олимп шыңына шығуға барын салатыны сөзсіз.


Тағы кімдерге сеніммен қарауға болады? Бұл ретте біз шаңғы акробатикасынан сынға түсетін Жанбота Алдабергенова, конькимен жүгірушілер Денис Кузин, Роман Креч пен Екатерина Айдова, биатлоншы Галина Вишневская жүлде үшін таласқа түсер деп топшылаймыз.
Жалпы, қысқы Олимпиада ойындарының мәліметтеріне көз жүгіртсек, Қазақстаннан төрт-ақ спортшымыз жүлдегерлер қатарынан көрінген екен. Атап айтқанда, қысқы Олимпиада ойындарынан Қазақстан құрамасында әзірге жалғыз алтын медаль бар. Бұл жүлдені атақты шаңғышымыз Владимир Смирнов 1994 жылы Лиллехаммерде ең ұзақ жарыста, яғни 50 шақырымдық марафонда жеңіп алған болатын. Ол, сондай-ақ, осы ойындарда күміс жүлдеге де қол жеткізді. Араға төрт жыл салып 1998 жылы сол Смирнов Нагано ойындарында қола медаль алса, оның командаласы Людмила Прокашева конькимен жарыста қола жүлдегер атанды. 2010 жылы Ванкуверде биатлоншы Елена Хрусталева күміс медаль алды. Ал соңғы Сочи ойындарында мәнерлеп сырғанау­шы Денис Тен ел қоржынына қола медаль түсірді. Міне, тәуелсіз ел болғалы қатысқан алты ойындардан осынша жүлде алған екенбіз. Бұл, әрине, алты ай қысы бар, спорттың инфрақұрылымы жылдан-жылға дамып келе жатқан ел үшін мардымсыз көрсеткіш деп ойлаймыз.


Сонымен, алыстағы Пхенчхан қаласында төрткүл дүние төрт жыл күткен қысқы Олимпиада ойындары басталғалы тұр. Жеңісті күндерде жолығайық!

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды