Өлім тойға айналып бара жатқандай

0 163

Өмірден жасы келген адам озса, ойланбастан «той ғой» дейміз. Қанша жерден қартайып көз жұмды дегенімен, ет жақын-қимасынан айрылу ешкімге оңай соқпасы анық. Сондай қимасынан айрылып, жүрегі қан жылап отырғандарды «той ғой» деп жұбату біліксіздік сынды.

Осының салдары болуы керек, соңғы кездері қазаны сөзбен емес, ісімізбен де тойға айналдырғымыз келетіні жиі байқалады. Мысалы, соның бір көрінісі марқұмды жерлеп келгеннен кейін асын беру, т.б. шараларды атқару барысында дәмхана, үлкен той­ханаларда аста-төк дастархан жасалады. Онысымен қоймай, жиналғандар бір-бірімен жарысып, салтанатты түрде микрофонмен сөз сөйлейді. О дүниелік болған жанның жақсы қасиеттері, жақ­сылығы айтылсын. Бірақ, адамды жер қойнына бере сала, қаралы жиынды тоймен пара-пар етіп, әспеттеудің қаншалықты қажеті бар. Бұлай деп отырғанымыз, кейде бақилық болған кісі ұмытылып, оның жоғары лауазымды бала-шағасының атына мақтау-тілек айтылып кететін жайттар да кездеседі.

Одан кейін бізде үлкен кісілердің киімдерін жақын-жуығына тәбәрік есебінде беру дәстүрі бар. Бүгінде сол тәбәріктің орнын су жаңа киімдер басты. Жаназа намазына қатысқандарға жариялы түрде шапан, кілем үлестіру, одан қалса кез-кез мата тарату да әдетке айналды. Үстел басында жарқын-жарқын күліп, даурыға әңгімеге кірісетіндерге қарап, қазаға емес, тойға жиылып отыр­ғандай күй кешетінің де жасырын емес. Қазіргі таңда өлімде арақ-шарап ішу таңсық болмай қалды. Қазаның аты қаза. Сондықтан, арамыздан мәңгілікке кеткендерді жасына қарамай, ата-бабамыздың салт-дәстүрімен жоқтау айтып, сол отбасымен бірге қайғырып шығарып салуға, мәйіт жөнелту рәсімдерін де қарапайым өткізуге болады. Бұл тұрғыда бізге имамдар насихаты жетіспей жатқан сияқты. Өйткені, әр ауыл, қалада білікті дін қызметкерлері жұмыс істеп, халыққа өлім мен тойда атқарылатын жөн-жоралғы шарттары түсіндірілуі кемшін. Мәселен, қырғыздар салт-дәстүр рәсім­дерін жөн-жосығымен өткізуді заңмен бекіткен. Біз бұл мәселені заңдастырмасақ та, Діни басқарма тарапынан белгілі бір нормалардың бекітілгені жөн. Олай дейтініміз, дамыған елдермен тереземізді теңестіруге, өркениетке әрекет етіп жатырмыз. Демек, «өлім – бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген санадан да арылатын кез жетті.

Түймегүл СМАҒҰЛҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × two =