Олесяның ерікті жолы

0 13

Ерікті болуды өмір салтына айналдырған елордалық тұрғындардың бірі – 33 жастағы Олеся Антонова. Ол – жоғалған жандарды іздейтін «Лидер» еріктілер тобының белді мүшесі.Олеся, негізінен, консалтинг қызметімен айналысады, бухгалтерлік-салықтық есеп бойынша кеңес береді. Ерікті ретіндегі қызметін осыдан 4 жыл бұрын бастаған. Ең алғаш рет отбасылық дос­тарын іздеу үшін еріктілер тобынан көмек сұрай келе, әрі қарай оған ерікті болу ұнағандықтан, топ құрамына қосылған. Өкінішке қарай, ол досы бір тәуліктен кейін өлі табылған. Тәуліктің кез келген уақытында адам іздеуге топпен бірге шығатын оны отбасы өте жақсы қолдайды.
Біз адам іздегенде әрбір минут, әрбір секунд қымбатқа түседі. Себебі сол секундтар тағдыр тәлкегіне түскен жандардың өмірін сақтап қалуда шешуші сәттер болуы мүмкін. Сондықтан бізді жақындарымыз жақсы түсініп, қолдау білдіреді. Іздеу барысындағы қиындықтардың бірі – кейде іздеуге адамдар жетіспей жататындығы. Сондай-ақ кейде полициямен кері байланыс болмайды. Сосын темір жол вокзалдарында да жоғалғандар туралы іздеу қағазымызды ілуге рұқсат етілсе, тіпті жақсы болар еді, – деп өз базынасын жеткізді.
Бүгінде бір қыз өсіріп отырған ана Олеся топпен бірге мереке күндері де еріктілікпен айналысуға дайын. Бірақ ол үшін әзірге іздеу жұмыстары мерекемен тұспа-тұс келген сәттер болмапты. 8 наурыз әйелдер мерекесінде барша аналарға, қыз-келіншектерге амандық, бақыт тілеген ол жақындарымызға жылылығымызды аямай, олардың қауіпсіздігіне қырағы болу керектігін сұрады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды