ОЛ – ТЕҢІЗДІҢ БАЛАСЫ

0 188

… Тұяқты тұғырға қондырған ноутбуктің жанында жарты иық көйлегі тыртиған, бөксесі тырсиған, төсі бұлтиған, шашын сол жақ шүйдесіне жиған, аузы ыржиған сида сирақ біреу тұр. Таңғалдым. Аңдасам, аяғы тізесінен, қолы білезігінен, білегі шынтағынан иіліп, бүгілетін, бүгінгі заманның «бәлекейі» Барби екен.

– Мынасы несі?! Сіздікі ме?..

Сөйтсем, бұл – қаламгер Қуаныш Жиенбаевтың жетіге жете-қабыл жиені Жәнияның жақсы көретін ойыншығы екен. Патшаның «үлкені» бала, құлыншағын да, қуыршағын да көңілі қалаған жерге қойып кетуге хақы бар. Орнынан қозғауға болмайды, «өйткені, оған осы жер жақсы»! Осыдан отыз жыл бұрынғы «Лениншіл жастың» «осы, қалай…» деген тілшісі осылайша, алпысқа келген соң немерелерінің «ашса – алақанына, жұмса – жұдырығына» түсіпті...

Жайынның жаны – мұртында

– Өзіңіз бала күніңізде қандай ойыншықпен ойнадыңыз?

– Біз бала күнімізде ойыншық атаулыны көрген жоқпыз.

– Қағаздан қайық жасап ойнаған шығарсыздар?

– Жоқ. Бізге қағаз қайықтан гөрі, шын қайық жасаған жақсы. Өзен-көлдің жағасында өскен өрен бол­маса, теңіз баласы қағаз қайыққа көп қызыға бермейді. Біз ойыншық қайық емес, шын қайық соғуға ты­рысатынбыз.

…Ерте-ертеде, ежелгі Сыр-Ананың бір сағасы салқар даланың бір шетіндегі айдыны шалқар Арал теңізіне сарқырап құйып жататын. Ке­ле-келе, кеңес тұсында Орта Азияның ақ мақтасын тиеген кемелер Аралдың бетінде «маң-маң басқан, маң басқан, шудаларын шаң басқан» ақ нар сияқты алыстан ағараңдап, мамырлап жүзіп келе жатады. Арындаған екпіні айлаққа жақындағанда «жуасып», бәрі бір-бірлеп, жүгінен арылады. Бұл тымық кезде. Ал, теңізде дауыл көтерілгенде, тай-тай мақта талай рет ауып та қалды. Бес биенің сабасын­дай буылған теңкиген тең толқынмен екі бүйіріне алма-кезек аударылып-төңкеріліп, бұлғаңдап бара жатады.

Дарияның қыр жағында малмен ай­налысатын ауылдар болмаса, теңізге құяр сағасындағы елдің баласына бұл таңсық емес. Өйткені, олар өздері қалтылдаған қайықтың үстінде өскен. Жазғы балық аулау маусы­мында адам қолы қат, 12-13 жасқа толған естияр балалар ескек есуге әкелеріне ілесіп, теңізге кетеді. Олар өздері де каникулдың «иісі шыға», кеме көрсе, тұрған жерлерінде тұра-тұра ұмтылады. Толыбай, Әділхан, Сайлау деген достары бар, бәрі кемеге шығады. Кемеде экипаж мүшелерінен басқа, алты қайығы бар, он екі балықшы болады. Екеуара бір қайықтан. Кеме бауырын сызып келіп, балығы қалың Көкарал, Үш шоқы, Оқжетпестің маңына іркіледі де, палубадағы алты қайықты суға түсіреді. Балықшылар ау төгіп жатқанда балалар ескекпен суды сипай есіп, қайықты майда тербеп тұрады. Бұл – оларға әрі ермек, әрі еңбек. Ау толған кезде кеме қайықты көтеріп алады. Кейде теңізде дауыл тұрып кетеді. Оны синоптикалық стансалар алдын ала хабарлайды. Мұндайда балықшылар ауды суырып, жағалауда не теңіздің қолтықтарында ықтап күте тұрады.

– Сазан деген балық бар. Асау. Ауға түссе, тыпыршып, құйрығымен сабалап, жер-көкке сыймайды. Кейде бір, бір жарым метр келетін ірі сазандар ауды жыртып, шор­шып, теңізге қайтадан түсіп кетіп жатады. Сондықтан, балықшылар үнемі өздерімен бірге ағаш балға ала жүреді. Ауға түскен сазан қайыққа салуға әл бермей жатса, шекесінен тақ еткізеді. Талып түскен сазанды екі-үшеуі қолдасып, көтеріп алады. Ал, жайын деген балықтың жуастығы сонша, ауға мұртынан ілініп қалса, сол орнында қалқып тұра береді. Қарсыласуға халі жоқ. Мұрты жұлынып кетсе, бәрібір өлетінін біледі. Балықшылар суға қайта түсіп кет­пес үшін, аудағы мұртына тиіспей, тамағының астынан ілгек салып, тік көтеріп алады,– деді бұрынғы бала балықшы.

«Тайдың мінгенің білінбейді, баланы жұмсағаның білінбейді», қайықты палубаға көтерген соң, жасөспірімдер жапырлап, балықтарды аудан шығарады. Кей-кейде ауға ілініп қалған томардан таза­лайды. Сөйтіп, екі-үш ай бойы үй бетін көрмей, теңіздің толқынын мекен етеді. Күн сайын теңіздің тұзды суына шомылған кілең бір қараторы, сіріңке-күрең шымыр боз­бала жұмырланып, шиырған сақадай шиыршық атып, түлей береді.

– Теңіздің сұлулығындай ғажап суретті мен әлі көрген емеспін. Тымық кезінде теңіздің үстіндегідей таза ауа жоқ. Кешкісін кемеміздің жа­нына өзге кемелер келеді де, су үстінде үлкен ауыл пайда болады. Кәдімгі, теңіз бетіндегі ауыл. Балықшылар бір-біріне қатынап жүреді. Ең мықты балықтарын әкеледі. Аршып, қазанға салады. Асады. Теңіз самалы тәбет ашады. Қарбытып балық етін жейміз, мелдектеп сорпасын ішеміз. Сәлден кейін тағы да асханадағы дастарханды жағалап отырғанымыз…

Аралдың суы ащы, бірақ, бір ғажабы дариядан келетін тұщы су мен теңіздің ащы суы өмірде біріне бірі қосылмайды. Дәл сол ара буырқанып жатады. Балықшыларға тұщы су ке­рек. Кемелер тұщы суға қарай жүзіп келеді де, толтырып алып, кері кетеді.

Бұл ауылдың кәсібі де, нәсібі де су үсті болған соң, қайыққа деген ықылас бөлек. «Көне Бөген» ауылындағы Үргенішбай деген шебердің қайығын ел мақтайды. Ол кісі күзгі, көктемгі балық аулауға арналған қайық пен жүк артатын табанды қайықтан бастап, ұлтансыз ұшқыр қайыққа дейін сан-түрлісін соғатын. Мұндай жеңіл, сүйір қайықты аралдықтар «құс қайық» деп атайды. Су бетінде сусылдап, лыпылдап жылдам жүзеді. Шебер қайық иетін ағаштың түр-түрін жіліктеп-жіктеуге жетік. Жігінен су өтпес үшін қолданатын майға дейін қалай-қалай жағудың ба­бын біледі. Кейін бұл игі істі балалары жалғап кетті.

Толғатқан толқынмен бірге толғанған

Балықшының балаларының бәрі бірдей балықшы болмайды. Әйтпесе, әл-қуатты ер-азамат түгел сыпы­рылып соғысқа кеткен кезде Әлима әжейдің өзі де, ұлы Әлимұрат та балықшылықты кәсіп етті. Бірақ, ол үйдің үлкен баласы Қуаныш «қиыс кетті», әуелі құрылысшы болды. Мектеп бітірген жылы КазГУ-ге түсе алмай, ауылға оралғанда, Жаңыл шешесі мұны отбасынан бөлектеп, Қазалы ауданындағы №41 жылжымалы-механикаландырылған құрылыс колоннасында екі жыл бе­тон құюға жіберді. Сөйтіп, «Еңбек кітапшасын» сол жерден алды.

– Отбасымызда әкемнің анасы Әлима және апам Айымгүлдің ана­сы Жаңыл шешем бәріміз бір үйде тұрдық. Айымгүл ол кісінің жалғызы еді. Мені Жаңыл бауырына басты. Сондықтан, анамды – апа, әкемді аға деп өстім. Күні бүгінге дейін апамды анам еді деп жақын тартқан емеспін. Бәріміз бір үйде тұрсақ та, Жаңыл шешем мені өз ата-анамнан, әжемнен, бауырларымнан бөлек ұстауға тырысты. Теңіз жағалай берсе, бұлардан кете алмайды деген болуы керек. «Айдаладағы» құрылысқа салған – сол. Бірақ, Әлима әжем құдағиының бұл қылығына кеңшілікпен қарады. Бір үйде екеуі тату-тәтті тірлік кешті. Тек анда-санда балалар үшін ілінісіп қалатыны бар еді. Кешегі қызыл паспортта да, бүгінгі көк төлқұжатта да әкемнің аты жазылмаған. Аға деуімнің де және бір реті бар сияқты, мен ол кісіден бар-жоғы 19 жас қана кішімін. Жетпіс алты жасында дүние салды. Өлерінде «Қуаныштың әке де­ген жалғыз ауыз естімей өте беремін бе?», – депті…

Бұл – теңіз баласы. Өзі он бір баланың тұңғышы. Анасы бәрін де үйде, қазақы үрдіспен, арқанға асы­лып, босанды. Шақалақты теңіздің суына малып-малып алатын. Кәзір ол үрдіс жоғалды…

Бүгінде «Көне Бөгенде» көп нәрсе көзден де кетті, көңілден де көшіп барады. Теңізде дауылдың қатты тұратыны соншама, кемелерді қораның іргесіне әкеліп тастайтын. Балықшылардың қамыстан салған үйлерін теңіз шайып кетеді. Ел судан қаша-қаша қырға шығандап кеткен. Ал, алпысыншы жылдан бастап, Аралдың өзі қаша бастады.

– Осы күні ойланып отырып, «апырмай, сол кезде судан қашқан біреулердің тілі тиді ме екен»,– деп қобалжимын. Теңізге деген бір нала­сы болды ма, әйтеуір, теңіз тартылып қалды. Қолына ептеп дүние-мүлік біте бастаған адамдарда астамшылық пайда болды ғой. Сол кезде адам теңізден қашса, кейін теңіз адамнан қашты. Тұз ұшып, қара дауылға тұншыққан кезде балықшылар баяғы өзі отырған жерлеріне зар болып қалды. Сол баяғы, қырға көшкен ауыл енді теңіздің ізін қуып бері көше ба­стады. Жаратқан Ие пенденің иманы мен ынсабын байқау үшін анда-санда сондай бір нәрсе жасап қойды ма деп ойлаймын…

Теңіздің жағалауында адам жақсы сөз айтуы керек. Ондайда теңіз майда толқындарымен аяғыңды сүйетін сияқты. Ал, егер жаман ойдан арылмаған күйі барған болсаң, теңіз де шамырқанып, сені жақтырмай, айбат шегіп тұрған сияқты. Су еш уақытта жаман сөзді қабылдамайды. Теңізге шығатын балықшылар әуелі аяғын ептеп суға малып, «тіпә-тіпә» деп, суын ұрттап, ниетін айтып ба­рып, сапарын жалғастыратын.

Құдайға шүкір, еліміз Кіші Аралды бөгеді ғой. Бірақ, тағы да теңіз деген киеге селқостық көрініп қалды. Жар­ты ғасыр «жырлап» келе жатсақ та, жеме-жемге келгенде Арал бөгетінің өзін дұрыс салмадық қой. Осы күні дамбының биіктігі аттай төрт метр пәс. Соның кесірінен теңіздің суы еңіске қарай, яғни, Өзбекстан жағына қарай құйылып, біздің жақтағы теңіздің табаны жалаңаштанып қалып жатыр. Бірақ, әйтеуір Дүниежүзілік банк тағы да несие береді дей ме, енді ең болмаса, сол қаржыны ұқсатсақ-шы… Аралдың қасындағы Қамбаш көлінің пайдасын да елдің ең соңында біліп, ес жидық. Аралдан алыста, Арқадамыз ғой, демалыс аймағын салады деп естіп жатырмын.

– Арқаның суына Аралдағыдай ау салдыңыз ба?

– Жоқ. Бірақ, теңіз жағасында өскен соң, суда жақсы жүземін. Университетке түскен соң, суға жүзуден жарысқа қатысқанымыз бар. Конькиді де жақсы тебемін. Әлі күнге дейін тастаған емеспін. «Алау» стадионына Жәниямды алып барып екеуміз бірге сырғанап қайтамыз.

Алматыдағы Никольск базарының жоғарғы жағында, Шевченко мен Мечников көшелерінің қиылысында КазГУ-дің стадионы бар. Ол қыста мұз айдынына айналады. Екі күннің бірінде сондамын. Барлық студент сонда. Бір күні сырғанап жүрсем, мұрны пүштиген қағылез қара қыз қайта-қайта құлай береді. Әуелде тұруға көмектесейін деген ниетім болды. Сосын, енді қайтып мұзға құламасқа коньки тебуді жақсылап үйретейін деп ойладым. Өзіме осы әдетім ұнай бастады ма, не қыз ұнай бастады ма, қолтығынан демеген болып таныстым. Аты – Әтіркүл, біздің №4 жатақханада тұрады екен! Биология факультетінің студенті. 1976 жылы жазда үйлендік. Ауылға барсақ, адам көрінбейтін қара дау­ыл соғып тұр. Жас келіншегім өзі де Мойынқұмның қызы, бірақ, дәл мұндай құм дауылын көрмеген екен.

– Ол кісі кәзір коньки тебе ме?

– Жоқ. Қойып кетті. Аралда туса, тастамас па еді…

– Аралдың даңқын кейінгі толқын жақсы біле ме?

– Құдайберген Саржанов деген ағамыз бар. Сырдарияның теңізге құяр сағасындағы Аманөткел деген ауылда туған. Алматыда тұрады. Ғажап адам. Балықшыдан өсіп, Қазақ КСР-і Балық шаруашылығы министрі болған. Қапшағайдың жағасында «Толқын» деген балықшы ауылын құрған, оған Аралдың балықшыларын көшірген – осы кісі. Туған жерінен кіндігін, ата кәсібінен қолын үзбеген жан. Ауылына жиі барып тұрады. Сол жерде балық өсіреді. Жақында хабарласты. «Қуанышжан, мен бір үлкен шаруа бітірдім». «О, Құдеке, не бітірдің?», – дедім. «Аралдан балық кәсібі тарихына, балықшыларға арналған музей ашпақпын. Құжат, деректердің бәрін тауып, жинасты­рып, түгендеуге жақындап қалдым. Реттеп, жүйелеп жатырмын. Салта­натты түрде ашсақ па деген ойым бар. Соған келе аласың ба?»,– деді. Атакәсіпке адал перзенттің тірлігіне қуандым. Сүйсіндім. Арал қайтқалы анда-санда жасалған жақсы іс жалғаса береді екен деп жұбандым.

Раушан ТӨЛЕНҚЫЗЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − eighteen =