Ол серік те «жолсерік»…

0 186

(пойызбен көп жүретін қазақтың пошымы)

Жетер жеріңе жедел шығатын кезің көп. Ондайда вокзал кассасындағы суырдың ініндей тесіктен шығатын дауыс «билет таусылып қалған» деп саңқылдайды. Ал, қарапайым бұқара қалаған уақытында ұшаққа отыра салатындай, ақ нанға бекіренің уылдырығын жағып жеп жатқан жоқ. Қолындағы қытайлық сөмкесін қомпитқан – қара базардан бағасын түсіртіп алған ескі-құсқы киімдері мен туыстарына ұстай баратын екі уыс арзан кәмпит-пішина ғана. Менде де сол. Сосын, безілдеп отырып жолсерікке барасың. Бар әңгіменің сиқы: «Келісейікші!», «Кіре бер!».

Орта жолдасың. Өзге өңірден базарлық алмақ болған ақшаңның жартысы әп дегенде-ақ көк жейделінің қалтасына сүңгіген. Біраздан кейін ол қу «қазір жолда мілиса мен кәмиссия тексере қалса…» деп, көзін жіпситіп, қышымаса да желкесін қасиды. «Анауыңның үстінен тағы да қоспасаң болмайды» деген ишара ғой. Онсыз да солардың кіреберістегі үшінші қабатында пысынап, пысылдап жатқан қайран басың қайтпек керек?!. Шамаңа қарамай, қыңырайып бағасың да енді! Айтатының: «Ақша жоқ оған! Қалтамда қалған тиын-тебен абыратына қайтуыма керек». «Ендеше, олар тексерер кезде, орта жолдан іііщт!». Сырт жаққа көзін алартып, қасын бір қағып қалады. Бір тұрғынын білмейтін бөгде аймақта не бітірем?! Қыздары да өзге ғаламшардан түскендей ербиіп жүрген ақшасыз қаңғыбаспен таныса қоймас. Амал жоқ…

Жетер жеріңе әупірімдеп жеттің. Кештеу ойланған боласың. «Кассада таусылып қалған билеттер көк жейденің төс қалтасында неғып жүр? Дәл көз алдымда жұртқа еселей сатып, оларды жайлы орындарға отырғызып қойды. Ал, мен…». Бірақ, жол бойы қасымда болған ол серік те «жолсерік» қой өзінше! Онсыз да орысша орамын әзер жазып, ағылшыншаға бұрай бастаған тілімді тістей-тістей, қыршып тынатын халге жеттім. Уфф!

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 3 =