Ол кезеңнің орны бөлек

0 63

Жоғарғы Кеңестің органы ретінде шыққан «Халық кеңесі» газеті 1996 жылғы қаңтардың 18-і күні таратылды. Жұмабек Кенжалин, мен және Қыдырәлі Қойтаев үшеуміз «Ақиқат» журналына келдік. Ең бастысы, өмірге ене бастаған компьютердегі озық технология үлгісін пайдаланып, «Ақиқатты» тұңғыш рет түрлі түсті етіп шығардық. Сөйтіп жұмыс жақсы жүріп жатты.Бұл 1997 жылдың қоңыр күзі еді. Менің ҚазМУ-де қатар оқыған әріптесім, кейін сырлас, дос боп кеткен Алматыдағы құдайы көршім, «Егемен Қазақстан» респуб­ликалық газеті» акционерлік қоғамының президенті болған Сауытбек Абдрахманов ол кезде «Қазақстан-1» ұлттық телеарнасының вице-­президенті еді, көп ке­шікпей олар қазанның 20-сы күні елордаға барып орналасты да. Арада төрт айдай уақыт өткен. Сәкең елордадан телефон шалып: «Қомсынбасаң, қалалық газетке жұмысқа келуге қалайсың?» деген ұсыныс айтты.
«Ақмола ақшамы» аптасына екі рет шығады екен. Іс барысы жөніндегі әңгіме тереңдей келгенде, Жұмагүл Берденқызы жоспарымды сұрады. Сонымен, бас редактордың бірінші орынбасары ретінде бірден іске кірісіп кеттім. Бас редактор Ақмолаға жақын облыс­тарға хабарландыру беріпті. Соны естіп Торғай, Жезқазған, Семей өңірлерінен жұмыс іздеп келген қыз-жігіттермен газетті шығаруға кірістік. Бас редактор екеуміздің арқа сү­йейтініміз – Талдықорған облыстық «Жерұйық» газеті мен Алматыдағы «Халық кеңесі» басылымында еңбек еткен Талғат Батырхан мен осы «Ақмола ақшамы» жарыққа шыққалы табан аудармай істеп келе жатқан Ғалым Қожабеков.
Келесі кезекте қызметкерлерді жаңа талапқа көндіруге кірістік. Олар апталық жоспар жасау, запас жинақтап, газеттің графикпен шығуына қол жеткізу сияқты мәселелер еді. Бұл үшін күн сайын әрбір қыз­меткерге қалада өтіп жатқан шараларды жеке-жеке жүктеп, бе­йіміне қарай арнайы тапсыр­малар бердік. Одан ке­йін газет шықпайтын сәрсенбі күндері оларды Парламент пен министрліктерде жұмыс істейтін ақын-жазушы, аудармашыларға жіберіп, олардың әңгіме, өлең, тәржімаларын алдырт­тық. Депутаттар Фариза Оңғарсынова, Арғынбай Бекбосын, Мырзагелді Кемел, Әкім Ысқақ, сол Парламенттегі аудармашылар Мәди Айымбетов, Махамбет Жәмекұлы, Бекен Шоланов, Ақпарат министрлігіндегі Шәрбану Бейсенова, Ербол Шаймерден, Қайсар Әлім, Нұрлан Қалқа секілді әріптестеріміз қолда барын құшақтатып жіберіпті. Сөйтіп, олардан апталық жоспар жасап, запасты игеріп алдық. Міне, осыдан кейін қыз­меткерлер аса шұғыл жиын болмаса, берілген тапсырманы түске дейін, әрі кетсе, түстен кейін бітіріп тастауға бейімделе бастады. Ал осылардың бәрі өз кезегінде газеттің баспаханадан кешікпей, белгіленген графикке сай шығуына қол жеткізді.
Алматыдан Қыдырәлі Қой­таев кроссвордтарын, фототілші Берсінбек Сәрсенов фотоэтюд триптихтерін, суретші Айдарбек Ғазизов карикатураларын беретін болды. «Сендерге де жақсы, маған да жақсы. Еңбектерің жарық көреді, қаламақыларыңды аласыңдар» дедім. Сөйтіп, олардың пойыздан салып жіберген бірнеше папка дүниелерін вокзалдан барып алып келдім. Қолға тиген соң кідіртпей газеттің соңғы бетіне бірде кроссворд, енді бірде фотоэтюд, содан соң әзіл суреттер басып отырдық. Ол кезде еркіндеуміз, тіпті бірінші беттің өзіне де әсерлі фотосуреттер береміз. Солайша, газетті жұтындыра бастадық. Орыс тілінде шығатын көрші газет бізден дәл мұндай өзгерісті күте қойған жоқ. Бұл бұл ма, сол мамыр айының өзінде біз олардан баспаханадағы график мәселесі бойынша да алға озып шыққанымызды білдік. Оны басқа емес, сол «Ақмолаполиграфия» цехындағы орыс жігітінің өзі келіп айтты. «Сіз «Ақмола ақшамындағы» бас редактордың орынбасарысыз ба?» деді ол амандасқаннан кейін. «Иә». «Танысып қоялық, мен Буряк деген осы баспахананың бас инженерімін. Жұмагүл Берденовнаға айта барыңыз, жағдайларыңыз жақсы. График бойынша шығуды айтып тұрмын. Бұрын үлгі етіп келген көршілеріңізден озып кеттіңіздер. Енді осы бағыттан таймассыздар деп ойлаймын».
Ол уақыт жалғызсырап, көңілдің жадау тартып жүрген кезі ғой. Өзге ұлт өкілінен естіген осы жылы сөз кәдімгідей демеу болды. Мұны мен ешуақытта ұмытпаймын.
Жоғарыдағыдай шығарма­шылық, өндірістік жұмыстармен бірге біз кадр мәселесін де ұмытқамыз жоқ. Соның нәтижесінде қатарымыз Ерғазы Әсембеков, Темірхан Рамазанов, Таңатар Төлеуғалиев секілді білікті мамандармен толықты. Қатарымыз осылай толыққан соң астаналық журналистермен аралас-құраласты бастайық деген ой келді. Маусымның 28-і – журналистер күні. Біздің редакция бас болып «Қазақстан-1», «Хабар» телеарнасы, «Вечерняя Астана» бар, өз арамызда футболдан шағын турнир өткіздік. Қала әкімінің баспасөз хатшысы Сәдібек Түгел бұған қатты қуанып, бізге кубок берді. Оны: «Жігіттердің алғашқы жеңісі ғой, кабинетіңіздің сәнін келтіріп тұрсын» деп Жұмагүл басшымызға апарып бергеніміз есімізде.

Жанболат АУПБАЕВ,
журналист

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

six + twenty =