«Ол кез романтика еді…»

0 133

Ақмолаға алғаш келіп, қаланың тыныс-тіршілігіне белсенді араласқан­дар­дың бірі — Сәдібек Түгел. Ол — Астана қаласы әкімінің тұңғыш баспасөз хатшысы.

1998 жыл. Ақпан айы. Еліміз үшін үлкен мәні бар тарихи шешім қабылданған тұста тосыннан түс­кен ұсыныстан бас тартпай, ұлы көшпен бірге Арқаға қоныс аударғанды жөн көрген Сәдібек аға «Алматы-Ақмола» бағытында жүретін фирмалық жүрдек пойызға мініп, елордаға аттанды. Қай істе болсын қорықпай, қайнаған өмірдің ортасынан табыла білетін ол келген бойда қызу іске кірісті. Сол кездегі қала әкімі Әділбек Жақсыбековтың қабылдауында болып, елордамыздың жарқын бет-бейнесін жасауға, бас­пасөз қызметіне жетекшілік етуге, артқан сенімді ақтауға уәде берді.

«Келе сала жең түріп кіріскен шаруам соңғы екі-үш ай көле­мін­дегі отандық және шетелдік бас­пасөзге шолу жасау болды. Өйткені сол кездің басты тақырыптарының бірі – ел астанасының Алматыдан Ақмолаға көшуі болғаны жасырын емес. Мәскеуден шығатын «АиФ», «Комсомольская правда», «Независимая газета», «Российские вести» газеттерінде жаңа астанаға байланысты кереғар материалдар көптеп басылатындығы бірден байқалды. Сондай-ақ, «РИА»Новости», «ИТАР-ТАСС» агенттіктері әзір­леген хабарларда да ас­тананың кө­ші­рілуіне күмәндану, астарлы кекесіндер жатқандығын аңғардым» дейді Сәдібек аға. Сөйтіп, осылардың бәрін саралай келе, қала басшысына бес ұсыныс айтқан. Барлық журналистердің басын біріктіру, қала тіршілігін насихаттайтын баспасөз мәжілісін өткізу, қалалық газеттердің мәртебесін арттыру, халықаралық баспасөз орталығын құру сынды ұсыныстары қолдау тауып, жұмыстың нақты нәтиже беруіне игі әсерін тигізген.

1998 жылдың 16 ақпанында «Жас­­тар» сарайының екінші қа­батында Ақмола қалалық баспасөз клубының тұңғыш мәслихаты тұ­сауын кесті. Оны қала басшысының орынба­сары Төлеген Мұхамеджанов ашып, өзі жүргізген екен. Сәдібек ағаның айтуынша, баспасөз клубы журна­листердің екінші үйіне ай­налған. Бір күнде бірнеше баспасөз мәсли­­хатын ұйымдастырған кез­дері де болды. Арнасын тапқан ауқымды іс күн өткен сайын ши­ры­ғып, жаңа астананы жақсы қыры­нан көрсету белең ала бастады. Әлем­дік деңгейдегі салмағы бар ше­тел­­дік ақпарат құралдары өкіл­­­дерін ша­қырып, бас қала туралы шын­дықты көр­сетем деген мақ­сатына да қол жеткізді.

Астананың алғашқы тойы

«Ол кез романтикаға толы кез еді. Күні-түні тойға дайындық жұ­мыстары жүргізіліп, жан-жақтан келген азаматтардың бәрі үлкен құлшыныспен, ниетпен жұмыс істеді. Білек сыбанған көптің ұлы мақсаты – жаңа елорданың келбетін қалыптастыру, Астананы насихат­тау. Жаңа жобалардың тұсауы кесілді. 1998 жылдың 3 сәуірінде қала әкімі Әділбек Жақсыбековтың тұңғыш баспасөз конференциясы өтті. Оқушылар сарайындағы баспасөз мәслихатына екі жүзге жуық журналист, 22 камера, жалпы 255 адам қатысып, ақпарат насихаттауда батыл қадам жасадық» дейді өткенді сағынышпен еске алған ағамыз.

10 маусым. Ақмола қаласының халық­аралық тұсаукесер тойы. Сырттан сөз қылғандардың аузына құм құйы­лып, ұзақ күткен ұлы сәт басталып кетті. Сол түні Мемлекет басшы­сы ғарыштағы Талғат Мұса­баевпен тілдесті. «Алладан Ас­та­намыздың амандығын тіле!» деп аманат етті.

– Қайран, жер-ана көкірегі жіпсіп, қазақтың қос ұлы салған әнге құлақ түрді. Алыс-жақын шетелдерден келген қонақтар қаншама… Таңды таңға ұрған той болды. Дос сүйінді, дұшпан күйінді. Астананың атағы аралдарға да жетті. Дархан қазақ даласы жа­сампаздығын паш етті. Дәл сол күн­дердегі журналист қауымының ерен еңбегі атап өтуге тұрарлық. Біз құрған баспасөз орталығынан той туралы ақ­параттар ағылып жатты, дейді Сәдібек аға ағынан жарыла.

«Жерұйық» саябағы

Осы саябақтың атауына Сәдібек Түгелдің тікелей қатысы бар. Ол былай болған еді. 1999 жылдың 19 мамыры. Ел­орданың оңтүстік-шығыс ауда­нындағы жаңа саябақта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қаты­суымен көшет отырғызу басталды. Сәдібек ағаның міндеті – БАҚ өкіл­дерін жинап, оларды аталмыш саябаққа жеткізу.
Бұл сәтте қалалық коммуналдық шаруа­шылық пен «Зеленстрой» мекемесінің ұжымы керекті құрал-саймандарын сақадай-сай етіп қойған. Дәл сол күні Үкімет басшысы болып Қасым-Жомарт Тоқаев тағайындалған. Түскі екілер шамасында Президент Үкімет мүшелері және Парламент депутаттарымен келіп, қолдарына бір-бір күрек ұстап, жас қайыңдарды отырғызады. Сол сәтте Елбасы жаңа аста­намыздың жасыл желекке айналатынын айтып, жанына жиналған журналистердің сауалдарына жауап берген. Кенет бір тілші Елбасыға: «Президент мырза, аты жоқ саябақ бола ма? Осы парктің аты қалай болады?» деп тосыннан сауал тастапты.

– Әрине, аты болады, болғанда ең дұрысын қоямыз. Оған сіздер де атсалысыңыздар, ұсыныстарыңызды айты­ңыздар, – депті сабырлы қалып­пен журналистерге қарап. Сауал қойған тілшіде үн жоқ. Сірә, табан астында не айтарын біл­меген болуы керек. Арадағы үзілісті болдырмау үшін, Сәдібек Түгел: «Нұрсұлтан аға, ұсыныс бар, айтуға бола ма?» депті.

– Айтыңыз.

– Жаңа саябаққа «Жерұйық» деген ат лайық деп есептеймін. Заманында Асан қайғы атамыз бүкіл Сарыарқа жерін Жерұйыққа балаған.

– Өте дұрыс ұсыныс. Мен қол­даймын. Қолдаймын, деп Елбасы екі мәрте қайталапты.

Бұл туралы кешкілік радиодан да берілген, газеттерге жарияланған. Журналистердің бәрі Сәдібек аға­ны құттықтапты. Бір күннен кейін қала әкімінің «Саябақтың атауы – Жерұйық» деген өкімі жарыққа шыққан. «Жерұйық» саябағының осындай тарихы барын бүгінде біреу білсе, біреу білмес.

Бақытты астаналық

Сәдібек Түгелдің елордаға сі­ңірген еңбегі көп. Оны жазу үшін газеттің бірнеше нөмірін арнау керек. Бү­гінде жеті журналдың редакциясын бас­қарады. Екі баспасөз клубын
құр­ған. Патриоттық, қо­­ғамдық жұ­мыс­тармен белсене ай­налысады. Ұлы Даланың атақ­ты тұлпары Құлагерге ескерт­кіш салудың бастамашысы әрі ұйым­дасты­ру­шысы. Астанаға арналған «Астана қаһар­ман­дары» – «Первопроходцы Астаны» атты жобаның авторы. Жаңа Астананың алғашқы қа­дамдарын, құрылысын, кел­бетін, өмір-тынысын бұқаралық ақ­парат құрал­дарында жақсы на­сихаттағаны үшін екі рет Ел­ба­сының алғыс хатымен, Пре­зиденттің Грантымен және «Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері» атағымен, «Астана» ме­далімен марапатталған. Ол ұлт­тық спорт саласында да айтар­лықтай табыстарға жетті. Достарымен бірге ҚР Ұлттық спорт түр­­лерінің негізін қалады, жұмысын жетілдіріп келеді. Қандай іс бастаса да, соңына дейін жеткізбей тынбайтын ағаның бұл мінезі – Астанаға деген үлкен махаббатының, елор­даға деген түзу ниетінің белгісі. Өмі­рінде мыңнан астам баспасөз мәслихатын өткізуге тікелей ықпал еткен Сәдібек Түгел сол уақыттың қызықты сәттерін сағынышпен әрі мақтанышпен айтады. Бүгінде отбасында жұбайы Қайникамал екеуі – ұлы Айдын мен қызы Әйгерімді тәр­биелеп, олардан үш немере сүйіп отырған бақытты астаналық.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three + 7 =