Ол да бір тарихи кезең еді

0 22

Жастық шақтың бір қызықты кезеңі – студенттік өмірімді Алматыда өткізіп, туған жерге ат басын бұрғанда «Ақмола ақиқаты» газетінің табалдырығын аттаған едім. Бұл еліміздің егемендік алған, халықтың рухы көтерілген тұс болатын. Әрине, жасыратыны жоқ, бұл кезде халықтың әлеуметтік тұрмыс-тіршілігі, мемлекеттің экономикалық жағдайы төмен еді.«Ақмола ақиқаты» газеті осы өңірдегі қазақ тілінде шығатын үшінші газет болды. Облыстық «Арқа ажары» газеті осы өңірдің қара шаңырағы іспетті саналатын. Сексенінші жылдардың соңында шыға бастаған «Қараөткел» газеті де оқырман жүрегін жаулаған басылым болды десем артық айтқаным емес. Ал сол кездегі облыс орталығы – Ақмола қаласының ресми ақпарат органы болып шыға бастаған «Ақмола ақиқаты» газеті де қазақ оқырмандары үшін қуанышты жағдай болғаны сөзсіз.
«Ақмола ақиқаты» редакциясы шын мәнінде қалалықтардың қоғамдық пікір тоғыстыратын ортасына айналды деп айта аламын. Мұнда қоғамдық бірлестіктердің, саяси партиялардың, жастар қозғалысының өкілдері жиі келетін. Олардың арасында газетке мақала жазатындар да көп болды. Бірі мектептегі, жоғары оқу орындарындағы қазақ тілінде оқыту, балабақшалар ашу, ұлттық салт-дәстүрді дамыту, өтпелі кезеңдегі қиындықтар жа­йында жазатын еді.
Газетіміздің басшысы Кенже Жұмағұлов қоғамда болып жататын өзекті мәселелер туралы материалдарды жазғанды ұнататын. «Жазыңдар, газет осындай проблемаларды жазғанымен құнды болады…» деп айтып отыратын. Бұл ретте әріптестерім де қамшы салдырмай-ақ түрлі тақырыпта сын материалдар беретін еді.
Түйіндеп айтқанда, «Ақмола ақиқаты» газеті сол кезеңдегі саяси-әлеуметтік жағдайға қарай өз міндетін абыроймен атқара білді деп ойлаймын. Әрине, ол кезде қазіргідей жағдай болған жоқ қой. Материалдар «механикалық машинкамен» басылатын, фотолар сағаттап шығарылатын. Одан кейін қолмен сызылған макетіміз баспаханаға апарылып, түнделетіп басылатын. Иә, ойлап отырсам, ол да бір тарихи кезең болған екен.
Міне, сол газетіміз бүгінде еліміздің ақпарат айдынында өзіндік орны бар «Астана ақшамы» болып, мыңдаған оқырманның іздеп оқитын басылымына айналды. Биыл газеттің шыға бастағанына 30 жыл толады екен. Олай болса бұрын осы басылымда істеген әріптес­терімді, сонымен қатар қазіргі «Астана ақшамы» газетінің ұжымын мерейлі мерекесімен құттықтағым келеді. Бәріңізге амандық, шығармашылық табыс тілеймін!

Тұрсынбек АБУОВ,
«Ақмола ақиқаты» газетінің тілшісі
(1992-1994 жж.)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × two =