Өкпесі ауырғанның өкпесі кімге?

0 143

Симптомды, симптомсыздардың алдымен бөлек, сосын бірге статис­тикасы. Енді баудай түсіріп жатқан пневмонияның да коронавирус инфекциясының нақ өзі екені, оның да дерегін жаһандық дерттің есебіне қосу қажеттілігі айтылуда. Бірақ еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі мұны ресми растаған жоқ.Осы жылдың 1-8 шілде аралығындағы бір аптаның өзінде елде пневмониямен тіркелгендер саны 56809 адам болған. Вирустың өзін жұқтырушылар көрсеткіші Қазақстанда бүгінгі таңда 60 мыңға жуық науқасты құрады. Соның ішінде 34 мыңнан астамы жазылып шықты, 375 адам көз жұмды. Осыған әкеліп пневмонияға шалдыққандар мен өлгендер санын қосса не болмақ? Күн са­йын өзгеріп, күнде бір жаңалықпен толығып отыр­ған бүгінгі эпидемиологиялық ахуалдың сипаты енді осылай ауды.
Соған қоса карантиндегі халықтың өзара ортақ пікірталас, талқылау алаңына айналған әлеуметтік желіде әлі де болса ауруханаларда орынның жет­пеуі, кей мамандардың нау­қастарға салғырт қарауы, жедел жәрдем қызметінің сапасыздығы, дәрі-дәрмек мәселесі және басқа да кемшіліктер жетеріне жеткізе жазылып, тиісті тұлғаларға сұрақтар жолдануда. Өкпесі ауырғандар өкпесін кімге артарын білмей, өз бетінше емделіп те көрді. Алайда дәрігер кеңесінсіз қадам жасау қауіпті екені де ескертілді. Осындай қысылтаяң шақта елді дүрліктіретін түрлі жалған fake бейнежазбалар таратушылармен де жұмыс жүргізу керек. Бұл індетті тоқтату үшін оған себепкер болып отырған пандемия­мен күресте дер кезінде серпінді және тиімді шаралар қажет екені сөзсіз.

Індеттің үш кезеңі

Мамандар коронавирус инфекциясына шалдыққаннан кейінгі үш кезеңді атап көрсетті. Біріншісі – интоксикациялық кезеңде науқас­тың дене қызуы 38-ден 40 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Бір аптаға созылатын бұл кезеңде адам ағзасы әлсізденіп, терлей береді. Дәрігерлер осы аралықта дәрі-дәрмек ішпеу керектігін айтады. Дене қызуы 38 градустан асса ғана оны төмендететін дәрі қолданылады. Басқа дәрілерді ішудің қажеті жоқ. Екіншісі – 3-4 аптаға созылатын респираторлық синдром кезеңі. Дене қызуы көтерілген соң құрғақ жөтел пайда болып, ентікпе басталады, буын сырқырайды. Осы кезеңде талдау сынамасының нәтижесіне қарай дәрігерлер антибактериялық дәрілер жазып беруі мүмкін. Одан басқа ешқандай дәрі қолдануға болмайды. Үшіншісі – оңалту кезеңі. Бұл уақытта ағзаны қалпына келтіруге арналған жаттығулар жа­сау­ға болады. Ал маска тағу, арақашықтық сақ­тау, антисептик қолдану ­сияқты сақтық шаралары қай кезеңде болсын міндетті түрде орындалуы керек.
– Аурудың симптомдары бірден емес, шамамен бесінші, жетінші күндері респираторлық кезеңде пайда болады. Алғашқы белгілері жөтел, ентігу, ыңғайсыздық, тыныс алудың қиындауы және кеуденің ауыруы болып келеді. Ал бұл симптомдар өршісе, төменгі тыныс алу жолдары зақымданған деген сөз. Бұл жағдайда зерттеу жүргізіп, емдеу әдісін өзгерту қажет. Ал бұл белгілер, керісінше, әрі қарай асқынбай және температура 7 күннен артық көтерілмесе, онда алаңдаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Ондай жағдайда антибиотик қабылдауға, КТ-дан өтуге жүгірудің қажеті жоқ, – дейді «Астана медициналық университеті» ҰАҚ отбасы медицинасы кафедрасының меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер-пульмонолог Наталья Латыпова.

Коронавирус өкпені қалай зақымдайды?

Вирус ағзаға екі түрлі жолмен енеді. Бірінші жолы – вирус жоғары тыныс алу эпителийі, яғни тыныс алу ұлпалары арқылы еніп алған соң, енді абелярлық, яғни төменгі тыныс жолдарына кіруге ұмтылады. Екінші жолы – асқазан-ішек жолдары эпителийі арқылу ену. Бұл бірақ өте сирек кездеседі. Мамандар коронавирус инфекциясы арқылы өкпенің зақымдану жиілігін тұмау, қызылша ауруларымен салыстыруға келмейтінін айтады.
Сондай-ақ дәрігерлердің айтуынша, қазіргі уақытта науқастар арасында өкпенің ісінуі – тек осы инфекция кезінде ғана емес, сондай-ақ ауыр қатерлі жағдайда болатын қауіпті асқыну. Өкпе тіні ісініп, аталған вирус ағза араларындағы кеңістікті зақымдай бастайды. Сол жерде сұйықтық жиналады. Ауру асқынған кезде өкпе мен тамыр арасындағы кеңістікке өте көп су жиналады да, өкпе ісінеді. Дәл осы жайт өлім-жітімге және оның көбеюіне алып келуі мүмкін. Оның даму жолдары көп. Бірақ ең басты айта кетерлігі – вирус өкпе тінін жылдам зақымдайды. Жүрек-қан тамырлары жұмысының бұзылуынан ағзада сұ­йықтық көбейіп, өкпедегі ісік ұлғаяды.

Пневмонияның – жаңа коронавирустық түрі

Медицинада бұрыннан бар бактериялық түріне қоса пневмонияның жаңа бір түрі – коронавирустық пневмония ұғымы пайда болды. Қазір де статистика бойынша бұрынғы түрінен өлім-жітім артып отырған жоқ. Ал компьютерлік томографияда көрінетін екі жақты пневмония түрі коронавирустық деп аталады. Сол үшін кейінгі хаттамаға ықтимал коронавирустық пневмония термині енгізілді. Вирус­тық пневмония адам ағзасына ауыр салмақ салады. Ол өкпені зақымдаған кезде төменгі тыныс алу жолдарында ірің пайда болып, өкпе жасушасы қабынады. Сонымен қатар тамырлар жаппай зақымданады. Өкпенің бактериялық пневмония­ға қарағанда зақымдануы жоғары және екіжақты болады. Алайда қазақстандық мамандардың айтуынша, әлемде мамандар «коронавирус пневмониясы» терминін қолданыстан алып тастау­ды ұсынып отыр. Олар мұны «өкпенің вирустық зақымдануы», «төменгі тыныс жолдарының зақымдануы» деген нұсқалармен атау туралы ұсыныстар беруде.
Жалпы, адам ағзасындағы 38 градусқа дейінгі қызу, керісінше, ағзаның аурумен өздігінен күресуіне көмектеседі. Себебі сол аралықта инфекция қоздырғыштардың ­көбеюі баяу­лап, иммундық жү­йенің белсенділігі артады. Сондықтан аталған дәрілердің қай-қайсысын да шектеулі мөлшерде және температура 38 градустан жоғары болғанда ғана қолдануға кеңес етіледі.

Алексей ЦОЙ, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Біз вирустың бетін қайтару үшін әрбір пациенттің өмірін сақтауға барлық күш-жігерімізді саламыз. Үкімет медициналық ұйымдарға және дәріханаларға қажетті дәрі-дәрмектерді жеткізу бойынша шұғыл шаралар қабылдауда, қосымша төсектер ашылуда, шетелдік сарапшылармен бірлесіп коронавирусты емдеу әдістері жан-жақты зерделенуде және жетілдірілуде. Осы қауіп-қатерді тоқтату үшін әріптестеріміз тәулік бойы жұмысын жалғастыруда. Бұл індеттің алдын алуда әрбір қазақстандық өз үлесі өте маңызды екенін түсініп, белсенді атсалысуда. Біз отандастарымызға және шетелдік достарымызға көмек және қолдау көрсеткендері үшін ризашылығымызды білдіреміз. Біреулері медицина персоналын тамақпен қамтамасыз етсе, енді біреулері емдеуге қажетті аппараттарды сатып алуда. Пандемияға қарсы күрес ел тарихындағы ең қиын кезеңдердегідей бәрімізді біріктірді және бұл қиындықты біз бірге жеңетінімізге сенімдімін.

Нұрила МАЛТАБАРОВА, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент:

– Соңғы кездері шетелдегі әріптестеріміз ғылыми зерттеу жұмысын жүргізіп, бұл вирустың ауа арқылы аэрозольді түрде тарайтынын дәлелдеді. Сондықтан сыртқа шыққанда маска тағып жүруді әдетке айналдырыңыздар. Таза ауада серуендеп жүрмін деп еркінсуге болмайды. Жұқтыру жолдарын қайта қарау туралы ұсыныстар Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымына жіберілді. Сондықтан масканы адамдар көп жиналатын жерлерде ғана емес, көшеде де кию керек.

Қызу түсіретін дәрілер

Медицина мамандары ұсынған қызу түсіретін дә­рілердің ішінде аспирин, парацетамол, анальгин, ибупрофен көрсетілген. Олардың қызу түсіруде күші болғанмен, дұрыс қолданбаса адам ағзасына аса зиянды жақтары да ескертілуде.
Аспирин – 15 жасқа толмаған балаларға беруге тыйым салынған аспириннің салдарынан ішектен қан кетуі мүмкін. Егер бұл препарат тұмау немесе қызылшаға қарсы қабылданса, Рея синдромы немесе соңы өліммен аяқталатын бауыр ауруы өршуі мүмкін.
Парацетамол – өте улы, әсіресе, бауыр мен бүйрекке зиян. Оны бақылаусыз және негізсіз ішкенде аллергиялық аурулар мен қолқа демікпесі күшеюі мүмкін.
Анальгин – қан жасушаларының түзілуін бұзады және ішкі қан кету, ауыр аллергиялық реакцияларды тудыруы мүмкін.
Ибупрофен – қызуды түсіретін дәрілердің арасындағы ең қауіпсізі. Бірақ жүректі айнытып, құстыратын әсері бар. Бұл дәрі де бақылаусыз қабылданған жағдайда созылмалы гастрит, асқазан мен 12 елі ішектің ойық жарасының өршуі, қан кету, бронхтың түйілуі, көрудің нашарлауына әкелуі мүмкін.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × five =