Өкімет тарапынан қамқорлық сезініп жүрсіз бе?

0 103

Қарттар – асыл қазынамыз. Саналы ғұмырларын ел үшін еңбек етуге арнаған осынау ардақты адамдарға құрмет көрсету – біздің басты борышымыз. Қазіргі кезде үкімет тарапынан оларға жан-жақты қолдау көрсетіліп, қамқорлық жасалуда. Қарттар мерекесі қарсаңында барлық осынау алдыңғы буын аға-апаларымызды

аз-кем әңгімеге тартқан едік.


Қаматай ТОҚАБАЕВ, Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Әлбетте, Елбасының, қала әкімінің қамқорлығын үнемі көріп келеміз. Мәселен, Астанада мереке сайын қарттарға қаржылай көмек көрсетіліп, қайырымдылық шаралар ұйымдастырылып тұрады. Ал, ең бас­тысы, қала әкімі біз секілді Ұлы Отан соғысының ардагерлерін түгелдей коммуналдық төлемдерден босатты.
Сонымен бірге, қоғамдық көліктерде тегін жүреміз. Еліміздің бір түкпірінен екінші түкпіріне дейін ұшақпен жылына бір рет, ал пойызбен жыл бойы тегін қатынай аламыз.
Курск шайқасына 70 жыл толуына орай кеше ғана Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Ресей федерациясы Курск облысының губернаторы Александр Михайловты қабылдап, оған бізді де шақырды. Жылы сөздерін айтып, сол соғысқа қатысқандарға барынша құрмет көрсетті.
Бізге осыншалықты жағдай жасап, қамқорлықтарын аямай жүрген азаматтарымыз аман болсын! Оларға рахметтен басқа айтарым жоқ.

 

Қали МҰҚАТАЕВ, еңбек ардагері:

– Қала әкімдігі мереке сайын құр­меттеп, қолдау білдіріп жатады. Қа­ламызда республикамыздың облыс өңір­лерінен әкелінген ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің жәрмеңкесін өткізу дәстүрге айналды. Сенбі-жексенбі күндері «Шапағат» коммуналдық базары маңында да жәрмеңке ұйымдастырылып жүр. Бұл да болса қарт­тарға көрсетілген құрметтің бір түрі деп есептеймін.
Астанада әлеуметтік дүкендер бар. Тек, солардың кей­біріндегі көкөністердің бағасы қасындағы сауда орында­рын­дағы тауарлардың бағасынан қымбаттау болып жатады. Бұған бақылау жасайтын адам жоқ па?
Ә.Жақсыбеков әкім болған кезден бері қалыптасқан үрдіспен жылдық жолақы билетін тегін алып жүрміз. Басқа қалаларда мұндай мүмкіншілік жоқ.

 

Алтын СҮЛЕЙМЕНОВА, Денсаулықты дамыту республикалық орталығының маманы, зейнеткер:

– Маған ешқандай қамқорлық керек емес, зейнетақым өзіме жеткілікті. Оның үстіне жұмыс істеп жүрмін. Дегенмен, қаламызда егде адамдардың қамқорлықтан тыс қалып жатқанын көрген емеспін.
Құрметті демалысқа шыққалы бері жолақы билетін тегін пайдаланып ке­лемін. Онсыз күніне 300-360 теңге кетер еді. Сонымен бірге қоғамдық моншаға зейнеткерлер 50 пайыз жеңілдікпен барады. Сырқатының түріне байланысты кейбір науқастар тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі. Зейнетақысы шамалы адамдар үшін осының бәрі қаншама жәрдем ғой. Бұл бағытта қаламызда көп жұмыс жүргізіліп жатыр. Дегенмен, жыл өткен сайын коммуналдық төлемдер қымбаттап жатыр. Мәселен, менің бір көршім жалпы аумағы 30 шаршы метр пәтерде тұрады. Ай сайын алатын зейнетақысы 30 мың теңгеден сәл ғана асады. Соның 8-9 мыңын коммуналдық төлемдерге жұмсайды. Қалғанын не киіміне, не тамағына жеткізе алмай қиналады. Жекеменшік үйде тұратындарға көмірдің ақшасын әкімдік береді ғой. Сол секілді, зейнеткерлерге де коммуналдық төлемдерге жеңілдіктер қарастырылса, жақсы болар еді.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × two =