Океанариум

0 1  304

 Астанада жұртшылықтың атбасын тіреп, арнайы келетін орындарының бірі – «Думан» ойын-сауық орталығы. Бұл – бірегей ғимарат Қазақстан Республикасының Президенті Н.А. Назарбаевтың бастамасымен 2003 жылы ашылды. Кейін, дәлірек айтсақ, 2017 жылдың қаңтар айында ойын-сауық орталығына  аздаған жаңалау жұмыстары жүргізіліп,  атауы «Ailand» деп өзгертілді.

Қазір мұнда астаналықтар мен қала қонақтарының көңіл көтеріп, жайлы демалуына барлық жағдайлар жасалған. Мәселен, 5D-кинотеатры, балаларға арналған ойын алаңдары мен түрлі аттракциондар  экзотариум-хайуанаттар паркі көпшіліктің жиі бас сұғатын  айтулы орындары.

Сондай-ақ, бірнеше мейрамхана  мен дәмхана, сауда орындары, мен қонақүйлердің, қадесыйлар дүкендерінің қашанда келушілерге есігі айқара ашық.

«Ailand-тің» басты кереметі – мұхитарал. Кезінде оны Елбасының өзі «ТМД аумағында баламасы жоқ. Біздің аймаққа тән ұзақ суық қыстың өзінде кез келген отбасы осында келіп, демалып, басқа бір әлемге сапар шегуге болады. Бұл менің көптен бергі арманым еді және оны жүзеге асырдым» деп бағалаған еді.

 Міне, сол Қазақстандағы тұңғыш, әлемдегі бірегей мұхиттан 3000 шақырымнан аса қашықтықта орналасқан – «Дала төсіндегі мұхит тамшысы. Тек қазақстандықтардың ғана емес, алыс-жақын шетелдіктердің де көзайымына айналуда.

Ол – Гиннестер кітабына енгізілген әлемдегі жалғыз  су бассейіні. Оны әзірлеу үшін 120 тонна теңіз тұзы қажет болған.  Мұнда 2000-нан аса теңіз жәндігі мен тек мұхиттарда кездесетін айырықша, алып балықтар өмір сүреді. Осы ғажайыпты тамашалауға келген қонақтар алдымен  70 метрге  созылған «су астындағы» туннельге еніп, дүние жүзінің түкпір-түкпірінен әкелінген мұхиттың інжу-маржандарымен танысады.  Осы жерде теңіз түбінде өсетін  100-ден аса өсімдік пен   мысық тұқымдас акулаларды, ғажайып теңіз жұлдыздарын көруге болады.

ДЖУНГЛИ

Бұл да Қазақстандағы ауқымды жобалардың бірі. Джунглидің жұмбақ әлемімен таныстырады. Бір қарағанда Голливуд фантастарының жоғалған әлемдер туралы қиялы «Ailand» СОО ғимаратына  көшіріліп қойылғандай әсер береді.

Мұндағы кейбір құпия тылсым сәттер  алғашқы минуттан-ақ өзіне еліктіріп әкетеді және таңқалдырады. Сіз жұмбақ мекендеушілер тіршілік еткен жұмбақ әлемнің қойнауына қызықты, тартымды, танымдық саяхат жасайсыз, өткен ғасырлар жайлы қиялдарға жетелейтін тарихпен танысасыз.

Динозаврлар, трицерапторлар, тираннозаврлар, ежелгі тайпалар – бұл орта ішкі толқыныс пен шытырманға толы. Осы ортаға енген соң күнделікті өмірді ұмытасыз және айналаңызда көргеніңіз шындық па деп ойлайсыз. Аниматроникстер театры балаларды ғана емес, ересектерді де таң қалдырады.

Кейін осы қызықты саяхатты тағы да қайталағыңыз келеді!

«Ailand»  қызметкерлерінің айтуынша,  барлық аниматроникстер  Қазақстанда жасалған көрінеді.

АКВАПАРК

Астана қаласындағы бірегей жабық аквапарк жоғары сапа стандарттарына сәйкес жасалған. Бұл – отбасына арналған тамаша демалыс орны.

Жабық аквапарк 1500 адамға арналған, ауданы – 8500 шаршы метр. Оның аумағы екі қабатты алып жатыр.  Жоғары сапа стандарттарына сәйкес жасақталған ғимарат отбасымен демалуға жайлы.  Сондай-ақ, ыңғайлы жедел сатылар, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған пандустар да бар.

Аквапаркте «Жылы едендер» және климат – бақылау жүйелері орнатылған. Бассейндегі су температурасы 30-32 градус шамасында.

Екі қабатта да ерлер және әйелдердің киім ілетін бөлмелері, орыс моншасы, екінші қабатта түрік хамамы, фин саунасы мен инфрақызыл сауна, массаж кабинеті және дымқыл фуд-корт орналасқан.

Бірінші қабатта аквапарктің ұзындығы бойымен «баяу» өзен ағып жатыр, суда жүзгенде жаныңыз тыныштық пен жайлылыққа бөленеді. Екі бассейні бар, оның бірі -толқынды бассейн балаларға ғана емес ересектерге де көңіл көтеруге мүмкіндік береді.
Үлкен балалар алаңында және сахнада аниматорлар жұмыс істейді. Мұнда жүзуге арналған тауарлар, әртүрлі балалар ойыншықтарының түрлі-түсті ассортименті және сусындар сатылатын дүкені бар шағын арал орналасқан.
Фонтан, сонымен қатар, жеті түрлі су сырғанағы көлемі мен сырғанау тәсілі бойынша ерекшеленеді, әрбір сырғанақта екі құтқарушы қызмет көрсетеді, олар келушілерге дұрыс сырғанауға үйретеді. Сырғанақты пайдалану ережелерін сақтау өте маңызды.

ШОЛУ ШЕҢБЕРІ

Қазақстандағы ең үлкен шеңбер Астана қаласының көрікті орындарының біріне айналды. Адамға құс қалықтар биіктен жерді көру ежелден қызық болса керек.  Көп адамдар  сол арманға қол жеткізіп, ел астанасын биіктен көре алады. Рас, биіктен қарағандағы қала көрінісі тіптен ерекше.  Жаңа әсерге бөлейді, шабыттандырады.
Шеңбердің биіктігі – 65 метр, салмағы – 270 тонна.

Аттракцион қаланың панорамалық көрінісін тамашалауға арналған, 36 кабинамен жабдықталған, олардың төртеуі – жоғары сапалы жайлы кабина. Сыйымдылығы төрт және алты адамдық.
Конструкциясы Астананың климаттық жағдайына арнайы бейімделіп әзірленген, мұндай шеңберлер торнадо аймақтарында да тұр. Аттракцион техникалық тексерістен өткізілген, барлық талаптарға сәйкес келеді. Кабиналар ауабаптағыш және жылыту жүйесімен жабдықталған, келушілердің жылдың төрт мезгілінде де аттракционды тамашалауына мүмкіндігі бар.

 ЭКЗОТАРИУМ

Әр түрлі экзотикалық жануарлар қойылған көрме. Бұл павильонда әлемнің әр түкпірінен әкелінген жануарларды көруге болады. «Ailand» ойын-сауық орталығының  бір бұрышында жұмбақ,  экзотикалық жануарлар өмір сүруде. Олар Астанаға әлемнің әр түкпірінен әкелінген. Рептилиялар, бауырымен жорғалаушылар, жыртқыш  және шөпқоректі  жануарлар, сүтқоректілер табиғи ортаға лайықталып құрылған ортада, арнайы  жасалған жағдайларда тірлік етуде.

Экзотариумда ерекше ахуал орнатылған: қараңғыланған үй-жайлар, ауабаптағыштан салқын леп соғып тұр, қабырғалар мен төбелер көркем безендірілген. Мұнда әртүрлі террариумдер орналастырылған, олардың бірінен кейін біріне кіре отырып, қолтырауындарды, питондар мен өрмекшілерді, маймылдарды,  өзге де экзотикалық жануарларды көруге болады.  Олардың қылықтары мен әрекеттері ешкімді де бейжай қалдырмайды.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 + 4 =