«Ойының осылсын» дейтін ешкім жоқ па?!

0 158

Қазақстан телеарналарына сын аз айтылып жүрген жоқ, бірақ сол баяғы жартас күйінде қалып отырғаны жанға батады. Жақында елордалық режиссер Талғат Теменов министрге жазған ашық хатында қазақ телеарналарының барлық мінін бетке басып айтып бергенде, көптің сөзі естілді-ау деп қуанып қалып едім. Ендігісі – тәжірибесі мол Аида Ғалымқызы өзінің қайраткерлігінің арқасында бір нәтижеге жеткізеді деген үміт қана.Осы хатта Талғат Теменовтің «Осы мына карантин басталғалы қойылған киноларымыз бар, музыкалық бағдарламалар, әзіл-сықақтардың барлығын қарап отырып менің көзім жеткені, бірде-бір терең, тарихи мағлұмат алатын, адамның санасында, жүрегіне де тиетін ғылыми, болмаса бала-шағаңмен ұялмай еркін көретін арна таппадым» дегеніне мен де қосыламын. Сол себепті әлдеқашан қазақ телеарналарынан жақсылықтың нышанын көруден үміт үзіліп, жалпы теледидар қараудан қалғанымды несіне жасырайын?!
Әсіресе, жүйкемді жұқартатыны – Талғат ағамыз айтқан әзіл-сықақ бағдарламалары. Яғни күндіз-түні көгілдір экранның бетін бермейтін белгілі-белгісіз әртістердің беталды ыржалаңдаған жын ойнағы, оспадарсыз ойыны, орынсыз әзілі. Кім десеңіз, түсін түстеп айтпайын, небір шоулардың, қасы-көзін, ернін бояп, алжапқыш байлаған, әйелге айналғысы келген еркектердің, ел арасында жүретін бірлі-жарым делқұлылар мен кемістерді бейнелейтіндердің құдайы беріп теледидарда шалқып жүргеніне тура отыз жыл болған шығар. Көрермендері де қайтсін енді, ақырында олардың да талғамы бұзылып, жақсы мен жаманды ажырата алмайтын халге жетті. Сахнадағылардың сайтан ойнағына қосылып, екі иығы селкілдеп беталды ыржаңдағаннан басқа шарасы қалмағандай. Ел күлгенге ойын­шылар да есіріп, шектен шығып кетті. Қазақтың шалын, кемпірін, келіні мен жеңгесін әжуа қылғанға мәз. Ал енді одан не таптық?!
Қазағың осы екен деп басқалар мазақтайды, қазағым осы екен деп жас ұрпақ өз болмысынан безіп, қазақ тілінде сөйлеуге арланып, ұлтына деген екіұдай сезім тудырады десем артық айтпағаным. Ел болып осыншама тентекті тыя алмадық деп біздер де бармағымызды шайнаудамыз.
Жалпы, қазақтың менталитетінде әзілдің жөні бөлек болғанын мен айтпайын. Тең құрбы-құрдасымен, нағашылы-жиен болып та бірін-бірі қағытатыны болатын. Сыйлас­тықтың белгісіндей болып қана арада әзіл жүретін. Одан асып бабаларымыз артында зілі бар әзіл айтып ешкімді орынсыз қағытпаған. «Әзілің жарасса атаңмен ойна» деген сөзге де келіспеймін. Атаңмен әзілің жарастыру үшін атаңдай болу – жасы кішінің қолынан келмейтін шаруа. Ендеше жалпыға ортақ емес нәрсені желеу тұтпаңыз. Алайда «өлетін бала атасының сақалымен ойнайды» деген сөз осындайда айтылатын сияқты.
Өнер деген – мықты құрал. Халықты тәрбиелейтін өздеріңіз, осындай ойындарыңызбен өздеріңізге лайықты көрермен жасап алдыңыздар. Осы ретте «Мың бір түн» ертегісінен алынған мына жайт еске түседі. Бір қаланың халқы әмірінен басқасы жаман құдықтан су ішіп, жынды болады. Есуас халықты қалай билерін білмей әміршісі де сол құдықтан жаман су ішуге мәжбүр болған екен. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, дегенмен көбіміздің сол құдықты бетке алмасқа амалымыз қалмайтын сияқты.
Өкініштісі, өнердің құдіретін түсінбейтін, оны пайданың жолына айналдырып, жиіркенішті, қасиет-қадірі жоқ образды ойнаған болып, елдің санасын арамдайтын, бойында бір тұтам талант жоқ әртіс­тердің әрекетін бағалайтын да, бағамдайтын да арнайы талаптың жоқтығы.
Кейде ойлаймын, осындай кәссіз халықты көріп өскен бала қазақпын деуге намыстанып жатса кім кінәлі? Құйтырқылықты сахнадан үйренгендер көргенін істеп, отбасының ойранын шығарып жатса, ата мен енені сыйлаудан қалып бетімен кетсе, обалын кімнен сұрайды?
Тағы бір жаманы, сөз етіп отыр­ған түрлі театрлардың әртістері ақыл-есінде кемістігі барларды сахналауға неге құмар? Қазақы тәрбиемізде елде жүрген, ақыл есінде кемшін барларды мазақ қылмақ түгіл, саусақпен шошайтып көрсетуге тыйым салатын еді. Құдайдың салғаны аз емес деп, қолынан келсе басынан сипайтын. Теледидарда керісінше болып, халықты адамшылыққа емес, астамшылыққа, мейірім­ділікке емес, қаныпезерлікке тәрбиелеп жатыр. Қоғамда ізгіліктің ізі қалмай жатса да, себебін осы ойыны осылғыр ойыншылардан іздеймін.
Әйтсе де, сахнадан асып, теледидарды жаулап алғандардың ұпайы түгел, малы қалтада. Көз майымыз­ға татитын, көгілдір экраннан көретін ештеңе таппаған біздерге «енді не істейміз, қай жеріміз қалды ашылмаған?» деп аңырамастан басқа амал жоқ…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − 15 =