Ойыннан от шыққан жоқ

0 35

Қазақ театры тарихында махаббат машақаты туралы сыр шертетін, бірнеше театрда сахналанған Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!» комедиясы бар. Қойылғанына алпыс жылға жуықтаған бұл туындыда социалистік қоғамдағы өмір, еңбек адамдары, сол заман құндылықтары насихатталады.

Елорданың «Жастар» театрында екі күн бойы премьерасы жүрген «Пранк-махаббат» комедиясын біз осы спектакльге ұқсаттық. Алайда белгілі қаламгер Қанат Жүнісовтің қаламынан туған жаңа қойылымда қазіргі заман оқиғасы баяндалады. Театр мен әдебиетті, музыканы жатсынбайтын автор бүгінгі жастар өмірін солардың тілінде шебер сипаттаған. Шығарма атауының өзі соны айтып тұр. Мәселен, «пранк» термині – осы заманның сөзі. Ағылшын тілінен аударғанда қалжың сөз, алдау дегенге келеді. Бұған көбінесе еріккен адамдар барады. Белгілі бір жерге немесе достарына телефон шалып, соларды алдайды.
Бірақ пранктың да пайдасы бар екен. Ізгі мақсатта жасалса, әрине. Жаңа спектакльде де тура солай болды. Әдетте қазақ «ойыннан от шығады» деуші еді. Алайда қойылымдағы жағдайда бәрі керісінше болды. Ойынмен басталған оқиға соңында жақсы аяқталды. Ғашықтар бір-бірімен жарасып, бір-бірінің жүректеріне жол тапты.
«Пранк-махаббат» комедиясын «Жастар» театрының белгілі, белді актері, режиссер ретінде де танылып келе жатқан Дәурен Серғазин сахналады. Ақмақта дейтін комендант-балгер әйелдің кейпіне енетін болашақ әртіс Дастан бейнесін де қоюшы режиссердің өзі сомдады. Пьеса авторы Қанат Жүнісовтің өлеңдеріне спектакль музыкасын да өзі жазды. Ал әндерді театрдың тағы бір әртісі Жандәулет Батай өңдеді.
Қоюшы суретші Ерлан Тұяқовтың да еңбегін атап өтуіміз керек. Сахнаға артық-ауыс заттарды қондырмаған ол оқиға өрбитін студенттер жатақханасын әдемі безендірді.
Түйіндеп айтқанда, әдемі әзіл-қалжыңға құрылған қойылым күлкіге қарқ қылады. Жастарға арналған спектакль болған соң, ән-би де мол. Туындыны екі сағат бойы көтеріңкі көңіл-күйде тамашалап отырып, уақыттың қалай өткенін де аңғармай қаласың.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − two =