Ойын алаңы – ауланың көркі

0 142

Ең ғажап қала – ол адамның бақытты болған жері. Жаңа қаланың жыл өткен сайын жасанып, жаңаруы тұрғындар көңіліне қуаныш сыйлайды. Әлбетте өзі тұрған үйдің ауласы жарқырап, сән мен салтанаты келісіп тұрғанын кім қаламайды дейсің?Нұр-Сұлтан қаласындағы 4 аудан бойынша 1500-дің үстінде аула болса, биыл оның 145-і абаттандырылады. Әлі 60-тан астам аула жөндеуді қажет етеді. Абаттандыру жұмыстарының басым бөлігі жол картасы бағдарламасы аясында іске аспақ. Енді әр аудандағы ойын алаңдарының саны мен сапасына тоқталайық. Елорданың оңтүстік жағалауындағы Сарыарқа ауданына қарасты бүгінде 540 аула бар. Былтыр аудан бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілген. 40 аула абаттандырылып, «Бюджетке қатысу» қанатқақты жобасымен 7 аулаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
«Samruk-KazynaTrust» корпоративтік қорының қаржыландыруымен Гете, 10 көшесінің ауласы заманға сай ойын, спорт алаңдарымен жабдықталды. Атап айтқанда, футбол, «Стрибол» баскетбол ойнайтын және «Workout» жаттығу алаңдары, шағын сәулет формалары қазір ауланың сәнін келтіріп, тұрғындардың игілігіне айналды.
Тұрғын үйлердің ішкі аумағындағы 16 футбол алаңы, 2 баскетбол алаңы, 24 жаттығу алаңына 180 тренажер, «Workout» спорттық тренажердің 2 түрін және 171 шағын сәулет пен 1 «Стритбол» баскетбол кешені орнатылған. Осындай жұмыстар биыл да жалғасын таппақ. Аудандағы тағы да 40 аулаға бюджет есебінен абаттандыру жұмыстары жоспарланып отыр. Жалпы, Сарыарқа ауданындағы 540 балалар алаңының 10 пайызын қайта жөндеу қажет. Сондықтан қазіргі уақытта аулаларды абаттандыру бойынша мемлекеттік сатып алуды өткізу жөнінде байқау ұйымдастыру жоспарланып отыр. Осындай игілікі жұмыстар биыл Байқоңыр ауданында да қолға алынды. Мұнда 50 ауланы абаттандыру жоспарланған. Әсіресе, «Жастар» шағын ауданындағы Абай даңғылының, Бараев, Омаров, Отырар көшелері бойындағы тұрғын үйлердің аулаларына жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Балалар үшін ойын алаңына екі орындық әткеншек, серіппелі әткеншек, балалар ойын кешені, құммен ойнау, көше тренажерлері және шағын сәулет формаларын орнату қарастырылған. Абаттандыру жұмыстарына жол картасы аясында респуб­ликалық бюджеттен қаржы құйылмақ. Қазіргі уақытта Байқоңыр ауданындағы 235 ауланың 67-сі жаңартуды қажет етсе, әзірге 50 аулаға қайта жөндеу жұмыстары жасалады. 399 ауласы бар Есіл ауданы аумағында да ойын алаңдарының құрылысына мән беріліп отыр. Мұнда 66 аулаға абаттандыру жұмысы қажет. Алайда қаражат көздеріне қарай биыл 22 ауланы жөндеу жоспарланып отыр. Бұл аулаларға қауіпсіз әрі сертификатталған шағын сәулет формалары орнатылады. Қоғамдық жерлердегі 1 учаскеде және 20 аулада жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ инвес­тор тарту арқылы 1 балалар алаңын жаңартуға мүмкіндік бар. Мұндай мүмкіндікке Алматы ауданы тұрғындары да ие болмақ. Аудан бойынша 387 аула болса, жыл сайын жоспар бойынша әр аулаға ойын алаңдары орнатылып келеді. Биылғы құрылыс жұмыстарының қатарында Қордай көшесі №75 үй мен Кенен Әзірбаев көшесіндегі №10 тұрғын үй аулаларын абаттандыру бар. Маусым айының басында қосымша шағын сәулет формалары мен тренажерлерді орнатуды бастайды. Айнакөл көшесінің №56, 56/1 және Рақымжан Қошқарбаев даңғылындағы №45, 45/1 тұрғын үй аулаларына кешенді абаттандыру жұмысы жүргізіледі. Спорт және балалар ойын алаңдары мен көлік тұрағын жасау алдағы айда басталмақ. Ағымдағы жөндеу жұмыстары өз кезегімен жүргізіледі. Мысалы, Ғабиден Мұстафин көшесіндегі №15/2 тұрғын үй ауласында осындай жұмыстар атқарылмақ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 + 3 =