Ойшылдың отанындағы рухани орда

0 120

Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей пәрменімен «Мәдениетті қолдау жылы-2000», т. б. тарихи-мәдени іс-шаралардың аясында 2004 жылы «Мәдени мұра», 2013 жылы «Халық – тарих толқынында» мемлекеттік бағдарламалары қабылданды. Кейін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын бағдарламалық мақалалар халыққа жолданды. Бұл бағдарламалар жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарттарын айқындаған тарихи-танымдық, ғылыми еңбек болды. Осы бағдарламалар аясында тәуелсіздік жылдары Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандар жаңғыртылды, археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді, ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы тұжырымдама жасалынды, жаһандық тарихтағы өз рөліміз айқындалды, Ұлы даланың ұлы тұлғалары дараланды.Осындай мемлекеттік игі шаралардың нәтижесінде республикада алғаш рет әдебиетші, этнограф, өлкетанушы Абдулла Жұмашев негізін қалап, қалыптас­тырып, ұйымдастыруымен 2011 жылы Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы әкімінің 3 наурыз­дағы 43-нөмірлі қаулысымен Әбу Насыр әл-Фарабидің музейі – «Руханият – Әбу Насыр әл-Фараби музейі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны ашылды. Аталған ғылыми-мәдени мекеме әлемде теңдесі жоқ ғұлама энциклопедист-ғалымның туған жері Отырар ауданының орталығы Шәуілдір кентінде орналасқан.
Музейдің тарихы 1980 жылы Абдулла Жұмашевтің қоғамдық негізде әл-Фараби атындағы әдебиет және өнер – Отырар – Арыстан баб музей-кітапханасын ашудан басталады. Бұл туралы мерзімді баспасөзде алғаш толымды да талғамды пікір айтып, кеңестік қоғамда түрен салған журналист Еркін ­Қыдыр болатын. Ол екі тілде – қазақ, орыс тілінде шығатын республикалық «Арай» – «Заря» журналының 1988 жылғы 9 қыркүйектегі санында жарияланған «Ақындардан қалған із» – ­«Поэзией воздвигнут храм» деген танымдық мақаласында былай әңгіме қозғаған: «Жас өрендердің жыр сайысы өткен Қызылқұм ауданының орталығы Шәуілдірде таяу күндері ашылатын оңтүстік өңірі, Отырар-Қаратау атырабының ақындары мен өнер иелерінің, ғалымдардың музей-үйінде Майлықожа Сұлтанқожаұлының (1835-1898) мұраларына, ол пайдаланған мүліктерге үлкен орын берілген. …Жиналған мол қазынаны бір жү­йеге түсіріп, кейбірін қайта қалпына келтіріп, ғылыми түсініктемелерін жазып жүрген – Отырар музейі этнография бөлімінің меңгерушісі Абдулла Жұмашев. Жұмыс­тан бос уақытында ақысыз-пұлсыз еңбек етіп, үш-төрт жылдан бері осы әл-Фараби музейін ашуды өмірінің басты бір мақсатына айналдырған… Осы музейді жасауға Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, археолог Кемел Ақышев көп еңбек сіңірді. Музейге арнап үй бергізген де сол кісі. Оны жөндеп, жабдықтап, жаңғыртуға Отырар музей-қорығының директоры Әуелхан Есжановтың да үлкен көмегі тиді.
Сонымен, ақындар мен өнер иелері музей-үйі жақын күндерде есігін айқара ашпақ. Музей – ол өткенге құрмет, болашаққа бағдар. Ал оның нағыз толыққанды мәдениет ошағына айналуы үшін жергілікті партия, совет органдары, көпшілік қауым да белсене атсалысуы керек».
Міне, осы мақаладан кейін музей туралы тау суындай тасқынды қоғамдық пікір қалыптасып, музей жұмысына әр жылдары мемлекет, қоғам, ғылым, мәдениет қайраткерлері мен еңбек және соғыс ардагерлері көмек көрсетті.
Музейдің құрылуы мәдени мұрамызға, әлемде теңдесі жоқ ұлы ғұлама жерлесіміз Әбу Насыр әл-Фараби құндылықтарына деген құрмет болып табылады.
Музей экспозициясы тақырыптық-экспозициялық жоспар бойынша мына тақырыптарға құрылған:
«Фараб-Отырар аймағы – Қазақстан аумағындағы мәдениет дамуының ең ежелгі ірі ошағы» (аймақтағы мәдениеттің ежелгі көшпелілер дәуіріндегі дамуы, арабтардың жаулап алу дәуіріндегі тарихы, араб мәдениеті мен исламның кеңінен таралуы, ислам дінінің Отырар жеріне таралу кезеңі).
«Ортағасырлық Фараб–Отырар–Весидж (Уасидж) – Зернук (Зернұқ) – Оксус (Оқсыз) – Әбу Насыр әл-Фарабидің Отаны» (Ежелгі Отырар: Отырардың археологиялық зерттелу тарихы; Отырар алқабының мәдени мұрасы: археология, өнер, көркем қолөнер ескерткіштері (археологиялық дереккөздер).
«Әбу Насыр әл-Фараби – Шығыстың ұлы философ, энциклопедист-ғалымы» (ұлы ойшылдың өмір белестері, ғылыми қызметі мен мұралары, мәдениет, музыка және мұсылмандық дін ілімі жайлы шығармашылық зерттеулері, ашқан ғылым жаңалықтарының Батыс Еуропа мен мұсылманды Шығыс елдеріндегі ғылыми ілімнің дамуына әсері, ізбасар шәкірттері, ғылыми мұраларының зерттелуі, дәстүрлі зерттеуді еуропалық ғалымдардың қалыптастыруы, жеке тұлғасы және еңбектерін отандық ғалымдардың зерттеуі, ХІV-ХVІ ғасырлардағы Отырар және отырарлық ғалымдар).
«Моңғол жорығына дейінгі Отырар өлкесінің мәдениеті мен өнері» (жазба әдебиет ескерткіштер. Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, т. б. ХІ-ХІІІ ғ. материалдық мәдениет пен өнер ескерткіштері).
Ислам және сопылық дүниетаным (сопылық поэзияның классигі Қожа Ахмет Ясауидің ілімі және Ясауийа тариқатының маңызы мен рөлі).
«Алтын Орда тұсындағы рухани мәдениет» (Дешті Қыпшақ жеріндегі сопылық ілімді таратушылар, Алтын Орда кезеңіндегі жазба әдебиеттің дамуы, материалдық мәдениет пен көркемөнер ескерткіштері).
Қазақ халқының ауыз әдебиеті (Оңтүстік Қазақстандағы әдеби ескерткіштер кешені).
«Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет пен өнер» (Қазақ хандығы және қазақ тарихшылары Қадырғали Жалайыр мен Мұхаммед Хайдар Дулаттың еңбектері бойынша және жыраулар поэзиясы өкілдерінің (Сыпыра жырау, Асан қайғы (ХV ғасыр), Қазтуған, Доспамбет жырау (ХVІ ғасыр), Шалкиіз, Жиембет жырау (ХVІІ ғасыр), Марғасқа жырау, Ақтамберді, Тәтіқара ақын, Үмбетей, Бұқар жыраулар, Көтеш ақын) материалдар кешені.
«Қаратау, Қазығұрт атырабы мен Сыр бойының ХІХ ғасыр және ХХ ғасырдың бас кезіндегі мәдениеті мен өнерінің дамуы» (ақындық-поэтикалық және әуездік (музыкалық), шығармашылық, материалдық мәдениет және халықтың сәндік қолданбалы өнері, халықтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары, наным-сенімі, діни ұғымы, халықтық білім және медицина, білім беру ісі, Алаш қозғалысы ағартушылық қызметінің өлкедегі рухани мәдениетке әсері).
«Оңтүстік өңірдің кеңестік кезеңдегі мәдениеті, өнері мен әдебиеті» (дәстүрлі халық шығармашылығының қайнар бұлағы).
Оңтүстік өңірі әдебиеті мен өнерін зерттеушілер.
«Тәуелсіздік кезеңдегі өңір мәдениетінің гүлденуі».
Тақырыптың экспозициялық шарты оның музейлік заттармен қамтамасыз етілуі десек, мұражай қорында тас дәуірінің тарихына қатысты Отырар шұратындағы Жаңашілік-1-3 тұрақтарынан табылған тастан жасалған құрал-саймандар, палеометалл, қола, ерте темір дәуірінің тарихына қатысты дәнүккіш, тас келсап, қыш тос­таған, қыш саптыаяқтар, құмыра, таңбалы тас, балбал тас, Қорқыт ата қобызының үлгісінде шабылған қобыз, Әбу Насыр әл-Фараби және рухани мәдениетіміздің басқа да көрнекті өкілдерінің қолжазба, баспа мұралары, сондай-ақ фольклор, ислам құндылықтарының бір парасы сақтаулы. Мәселен, Әбу Насыр әл-Фарабидің фарабитанушы ғалым Ақжан Машанов тапсырған 1907 жылы Мысырдың «Ніл» баспасынан басылып шыққан «Китабара аһл ал-маданиату-л фадила» – «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы кітап» деген трактаты (бұл кітаптың алғы сөзінде Әбу Насыр әл-Фарабидің Фарабта – Отырарда туғаны атап жазылған) кеңестік және тәуелсіздік кезеңде Қазақстанда, шетелде басылған трактаттары музей экспозициясына қойылған.
Жалпы, музей қорындағы жәдігерлерді насихаттау мақсатында 28 ғылыми-танымдық кітап жарық көрді. Олардың соңғы жарық көргендеріне тоқталсақ, олар – 2017 жылы жарыққа шыққан «Отырар алқабындағы қолөнер» атты ғылыми-зерттеу кітабы. Еңбекте музей қорындағы қолөнер бұйымдары, олардың жасалу жолдары, қолданылу аясы және оларды жасаған ұсталар туралы жан-жақты баяндалады (Абдулла Жұмашев. Алматы: «Арыс» баспасы, 2017 ж). Келесі 2018 жылы жарыққа шыққан кітап «Отырар жәдігерлері» деп аталады. Альбом-кітап – музей қорындағы құнды жәдігерлер, тарихи фотосуреттер, Отырар өңірінің тарихи тұлғалары жайлы ежелгі дәуірден бастап қазіргі кезеңге дейінгі аралықты қамтыған үлкен еңбек (Қ.Айтаханов, А.Жұмашев. «Шың» баспаханасы. 2018 ж.). Соңғы жарыққа шыққан кітап 2019 жылы «Шың» баспаханасынан шыққан «Отырар алқабының ақындары (әл-Фарабиден Әселханға дейін)» деп аталады. Бұл кітапта музей қорында жинақталған жазба деректер бойынша ІХ-ХV ғасырлардағы қазақ даласының ғұлама ғалым ақындары, сондай-ақ ХІХ ғасыр мен ХХІ ғасырдың басындағы Отырар алқабы ақындарының шығармашылық өмірі сөз етіледі (А.Жұмашев. «Шың» баспаханасы. 2019 ж.).
Сондай-ақ жоғарыда аталған Арыстан баб кесене-мешітінде сақталып бізге жеткен шағын мұсылман кітапханасының қорындағы кітаптардың елуінің каталогі З.Жандарбек пен Р.Мұзаффаровтың, А.Жұмашовтың құрастырып дайындауымен «Руханият – Әбу Насыр әл-Фараби музейінің қорындағы сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар каталогі» (2013 ж.) деген атпен түзілді. Бұл каталогқа енгізілген қолжазбалар мен тасбаспа кітаптар өздерінің мазмұны жағынан исламдық ғылымдардың бар саласына қатысты шығармалар деп айтуымызға болады. Олардың арасында Құран Кәрімнің көптеген нұсқалары мен тәпсірлері, хадис пен хадистану ғылымымен байланысты шығармалар, фихқ – ислам құқығы мен ислам теологиясы (ақаид), ислам тарихы мен философиясы, логика, тіл ғылымының түрлі салаларына арналған шығармалар, әдеби шығармалар, қиссалар, хикметтер, тағы басқа ғылым салаларына қатысты шығармаларды көруге болады.
«Руханият – Әбу Насыр әл-Фараби музейінің» негізгі міндеті мен мақсаты – ҚР саяси тарихы мен рухани және заттық мәдениетіне қатысты (Әбу Насыр әл-Фараби және оның ізбасарларының) дүние жүзіндегі барлық көне қолжазбалар мен қолжазба кітаптарды, сирек кітаптар мен басылымдарды, заттай жәдігерлерді жинастырып зерделеп, Еуразия кеңістігіндегі өркениеттің өткені мен бүгінін келешекке жалғастыратын білім мен мәдениет ордасы – «Руханият – Әбу Насыр әл-Фараби мұражайы» МКҚК-ға шоғырландырып, оның дербес ғылыми ұйымдастыру, ғылыми-зерттеу, ғылыми білім беру, ғылыми-мәдени ағарту жұмыстарын кешенді түрде жүзеге асыру арқылы адамдардың тарихи жады мен дәстүрін сақтауға ұмтылған терең сезімін ояту.
«Руханият – Әбу Насыр әл-Фараби музейі» – музейлік мәні зор артефактілерді (тарихи және мәдени ескерткіштерді) жинау, есепке алу, сақтау, қалпына келтіру, ғылыми зерделеуді жүзеге асыру, насихаттау жұмыстарын жүргізетін республикадағы бірден-бір ғылыми-зерттеу және мәдени таным мекемесі.

Алмас ЖҰМАШЕВ,
«Руханият – Әбу Насыр
әл-Фараби музейі» МКҚК
директоры, тарихшы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen + 19 =