Ойнаймын деп, от баспа

0 118

Қазіргі уақытта әзілдің түрі осы екен деп ойына келгенді істейтіндер көбейіп кетті. Қай елде болмасын жұртты күлдірем деп, бүлдіріп жүргендер бар. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын Филиппин елінің астанасы Маниладағы стадионда дүйім жұрттың бомба қойылды деген дауысты естіп жаппай топырлап қашқанында, 66 адам тапталып қайтыс болған болатын. Айта берсе, осы секілді мысалдар жетерлік.

Мұндай қылмыс жөнінен Астана қаласы да шашасына шаң тигізбейді. Соңғы кездері «бомба қойылды» деп жалған ақпарат таратушылар көбейіп кеткен. Мұндай хабарламаларға жедел жәрдем мен жедел қызмет көрсету және құқық қорғау органдарының көңілі алаң болып, өндіріс ошақтары мен білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің жұмыс ырғақтары бұзылуда. Сондай-ақ, ұшақтар мен пойыздардың жүру кестелеріне нұқсан келуде. Нәтижесінде мемлекет қоржынына қыруар шығындар келіп жатады. Мұндай арзан әзілдің қазына қаржысын желге ұшыратынын біреу білсе, біреу білмейді. Прокурорлардың мәлімдеуінше, жалған қоңырау шалушылардың жас ерекшеліктері де әртүрлі екен. Арасында ақыл тоқтатқан азаматтар да бар. Мәселен, жақында белгісіз біреу Астана темір жол вокзалында жарылғыш зат қойылғанын хабарлаған. Соның салдарынан, 350 адам 1 сағат бойы тас қараңғыда далада дірдектеп жүруге мәжбүр болды. 42 жастағы азамат Астана әуежайындағы ұшаққа жарылғыш зат қойылғанын жеткізген. Стамбул бағытындағы лайнерге белгісіз біреу бомба алып кірді деп қоңырау шалып, барлық шұғыл қызметті аяғынан тік тұрғызған. Астанадағы «Цеснабанк» ғимаратына жарылғыш зат қойылды деп жалған ақпар таратқан тағы біреу бар. Ол Өскеменнің 1998 жылы туған жасөспірім тұрғыны болып шыққан. Прокурорлар мұндай қылмысқа жол бергендерге жаза қаталданғанын ескертіп отыр. Мұны жұртшылық білуі тиіс. Жалған терроризмнің нәтижесі ендігі жерде бірнеше жыл темір тордың ар жағынан телміртіп қоюы әбден ықтимал.

Біреуді әбігерге салған қайбір жақсы дейсіз. Осы «ойынның» соңына түсіп кеткендер көбінесе шектен шығып, артынан опық жеп жатады. «Ақымақтық – құдайдан берілетін сый, бірақ оны шектен тыс пайдалануға болмайды», «Біреу үшін ақымақтық болып көрінген нәрсе, біреу үшін жаңалық болуы мүмкін» деген қанатты сөз тіркестері бекер айтылмаған. Сонда «бомба қойылды» деп жалған дабыл қағып, жұртты әбiгерге түсiрген бұл адамдар не ұтпақ болды екен? Ол үшiн жауапкершiлiктiң тым жоғары екенiн, әншейiн ойнапсың деп маңдайынан ешкiм сипай қоймайтынын шын бiлмей ме?

Еркежан СӘТІМБЕК,
е.satimbek@astana-akshamy.kz

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 − 4 =