«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ойланып алмай отбасын құрма

0 209

Қоғамды толғантып отырған мәселелер, әдетте, кез келген жерде – теле-радио хабарларда, басылымдарда, кездесулерде, тіпті, қонаққа барған жерлерде де әңгіме арқауына айналады. Сондайларға куә болып, қатысып, пікір жазып жүріп байқағаным: отбасылық құндылықтар, бала тәрбиесі, ажырасу туралы сөз қозғалса болды, әңгімеге қатысушылар қақ жарылып, білектерін сыбанып, бір-бірлерін кінәлап шыға келеді екен…

Мені налытатыны: айтысушылардың ұлт тұрғысынан емес, ер-азаматтар – еркектердің, қыз-келіншектер – әйелдер­дің тұр­ғысынан қарап, әрқайсысы өз жынысының намысын жыртып, қызыл кеңірдек болатыны…
Отбасын құрған екеу оның арбасына бірдей жегіліп, жолда қирап-сынбауы, діттеген жерге аман жетуі үшін өмір бойы бірдей тер төгуі керек. Теория бойынша солай. Ал өмірде ше?
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті жыл сайын шығаратын «Қазақстандағы ерлер мен әйелдер» жинағында 2017 жылы 141791 неке тіркеліп, 54626 отбасы ажырасып кеткен. Тең жартысына жуығы. Неліктен?
Ата-аналарды тыңдасақ, әркім өз баласын ақтайды. Ол түсінікті де – қазақ «Іштен шыққан шұбар жылан» дегенді бекер айтпаған. Ажырасу ісінде салиқалы ой айтып, тоқтау салатындар сиреп бара жа­туының бір ұшы сонда – ата-ананың эгоистік көз­қарасында жатса керек.
Осы ретте мені бір жай көптен ойлантып жүр: біздің аса қадірлі «құдалық» деген салтымыздың тереңіне көпшілік бойлай бермейді-ау, сірә. Оны көбіміз төрге шығып, бас ұстау; төс қағыстырып, көңіл көтеру деп қабылдайтын сияқтымыз. Біздіңше, құдалар – қыз алып, келін түсірген екі жақты жалғастырушы көпір; егер де жастардың аралары салқындаса – жақындастырушы дәнекер. Құдалыққа бару – жас отаудың беріктігі үшін ұдайы қамқоршы болу, оның береке-бірлігі сақталуын міндетіне алу. Бізде тап осы жағы ақсап жатқандай. Ажырасуға арыз берген талай жас­тың осындай ақыл айтып, тоқтау салушының болмағанын айтып өкінгендері де менің осы ойымды бекіте түсті.

Ата-аналардың ыңға­йын байқаған соң «отбасын сақтар» деген үмітімізді «ер-азамат қой» деп күйеу жігіттерге артып, зерделей бастадық. Қанша дегенмен қызға сөз салып, шаңырақ көтеретін – солар. Яғни «отағасы» деген аттың – өзі құрған отауы, оған енгізген жары үшін жауапкершілік жүктейтінін білсе керек-ті. Әттең, үмітіміз бір ақталса, екі рет ақталмағанын… несіне жасырамыз? Өкінішке қарай, көп жағдайда бүгінгі заманның көзі ашық азаматтары Антуан де Сент-Экзюперидің кішкентай ханзадасындай «қолыңа үйреткен жан үшін жауапкершілікте болу» қасиетін бойына сіңірмеген болып шығады. Тіпті, кейбіреулерінің отбасыны сақтап қалуды мұрат етпейтіндей сөздері, істері қынжылтты. Оған не себеп?
Бір себебі – олардың көбісі өздері толық емес отбасында өскендігінен болар деген ой келеді. 90-жылдарда аналары ала дорба арқалап, бала-шағасын асырауға аттанғанда, ішкі күйзелісін арақ ішумен баспақшы болған әкелерінің «өнегесін» көрген буын өкілдері. Олардың «отағасы», «әке» болуды өз әкесіндей болу деп ұғынуының төркіні сонда жатыр-ау, сірә. Бұл – бір топ дейік.
Екінші топқа ата-аналары түрлі себептермен ажырасып кетіп, шеше тәрбиесінде өскендер жатады. Әке тәрбие­сін, әке өнегесін көр­­мей, яғни дұрыс отағасы, жақсы әке болуды көзбен көріп, сезініп, үйренбегендер. Міне, сондықтан да олар нағыз әкенің қандай болатынын білмейді. Және отбасы тағдырына жеңіл қарап, жауапсыз әке жолын әрі қарай жалғас­тыруды трагедия деп санамауына да осы білмеушілігі кінәлі болуы керек.
Тағы бір себебі және біз­діңше, қазіргі кезде аса өзектісі – ұлдарды тым өбектеп жібергенімізде. Біздер, әйелдер, аналар. Бұ­ған тарихи санада қалып қойған «еркектерді сақтау керек» деген қорқыныш әсер еткен болуы керек.
Сан ғасыр бойы ер-азамат жаудан қорғап, күңдіктен сақтап, асырап-бағып келе жатқандықтан, біздің халықтың оларды пір тұ­туы – заңдылық. Дүниеге ұл келсе қаттырақ қуануы, ұл баланы жақсырақ көруі де – біздің халықтың қанына сіңген нәрсе. Сол заманнан жеткен «Ұл туғанға күн туар» деген сөз де – соның айғағы. Бүгін де «Шаңыраққа ие болып қалатын; Ұлдың аты – ұл ғой шіркін қашанда…» деп әндетеміз.
Одан берірек замандарда болған тарихи тауқыметтер кезеңінде де ер-азаматтар қынадай қырылды: төңкерістер, азамат соғысы, зорлап ұжымдастыру, саяси қуғын-сүргін, соғыс кезінде, негізінен, зардап шеккендер – солар. Бұл жайлар да санадағы қорқынышты ұлғайтып, енді «ұлды сақтау керек» деген дабыл мүлде өшпейтін болды.
Ұл туған әйелдің мерейі үстем, ұлды әкенің еңсесі биік болатыны – бізде қай замандардан келе жатқан және бүгінгі қоғамға да тән жазылмаған заң. Сондықтан мәртебесі бөлекше балаға деген көзқарас та ерекше. Бірақ…
Ұлды болғанға қуанып, мәпелеу, әлпештеу ол есейгенде де тоқтамай, көңілін табуға тырысу, айтқанын істеп, алдында зыр жүгіру… мұның бәрінің жағымсыз әсері болатыны естен шығып кеткен сияқты. Әкесі бір жағынан, шешесі бір жағынан өбектеп, атасы мен әжесі еркелетіп, мұнымыз ұлдарымыздың көбін ерке, жалқау, ізденгісі келмейтін, өмірге бейімсіз, жауапкершілігі жоқ жандарға айналдырып жатқанын байқамадық.
Ал енді біз қызды ертең келін боласың деп тәрбиелеуді кеңес заманынан бері ұмыт қалдырғандаймыз. Қызға жат жұрттық, өзге әулеттің отанасы деген көзқарас архаизмге айнал­ғандай. Жас келін мен ене­нің арасында кикілжің көп орын алуы сондықтан. Бұл – бөлек әңгіме.
Ал қазіргі қоғамда белең алған «жартылай отбасында», яғни тек анасының тәрбиесінде өскен ұлдарды сипаттайтын көршілес елдің «маменькин сынок» дегеннен артық балама­ны таба алмай отырмын. Әңгімелесіп отырып бай­қайтыным – мұндай жігіттердің психологиясында, мінез-құлқында өз қатарластарына қарағанда өзгеше, ішкі сенімсіздік пе, қорқыныш па, соны білдірмеймін деп, қиқарлану­шылық, ерегесе кету, дау­ласуға дайын тұру сияқ­ты әдеттер болады екен.
Ол түсінікті де. Оған қоса, шеше тәрбиесінде өскен ұлдар әйел мінезді: шырт етпе, сезімге берілгіш, ұрысқақ, ауыр жұмыстан, әскерден қашатын, біреуге қамқор болудың орнына өзін өбектеуді күтіп тұратын «еркек» болып шығады. Отбасын құрғанда да мұндай еркектер «отағасылық» міндетін: табыс табуды, ұрпағын тәрбиелеуді әйелдің мойнына аса салып, мұнысын өзі дұрыс деп түсінеді.
Осы ретте қоғамда белең алғанына біраз болған, тіпті қазір орнығып қалған тағы бір келеңсіз жайға назар аудартқым келеді. Ол – «өзі үшін» бала туу құбылысы. Әдетте, ондай қа­дамға баратындар – «оты­рып» қалған қыздар.
Әркімнің тағдыры әр­түрлі. Біреулер теңін таппаса, біреулер тұрмысқа шығуды қаламайды. Біз жоғарыда сипаттаған, мо­йынға «масыл» болатын адаммен қосақтасып өмір сүруден саналы түрде бас тартады. Жаратушының маңдайға жазғаны сол деп қабылдап, ешкімнің обалына қалмайтын, кетіп бара жатқан өмір керуенінен бірдеңені жұлып алып қалуды ойламайтын жандардың ондай қадамға бара қоюы неғайбыл.
Ал өз отбасында «әкеңе айтам», «әкең не дейді?» деген теткуді көрмеген қыздар үшін еркек кіндікті көбінесе бедел иесі болмайды. Және мұндай қыздар көбінесе дәстүрлі тәрбиеден алшақ отбасында өседі: тілі басқаша, өзін ұстауы басқаша, құндылықтары басқаша болады. Бала кезінде әкені мойындамаған қыз өзіне сөз салып, көңіл білдірген жандарға да солай менсінбей қарайтыны түсінікті. Әсіресе, өз қатарластарына мойын бұрмайды: өйткені олар күйеуін (әкесін) менсінбеген әйел (шешесі) бойына сіңіріп, қалыптастырған мұның сұранысын қамтамасыз ете алмайды.
Уақыт өте «өзі үшін» бала туатындар осындай санаттан көбірек шығады. Өйткені «біреу­дің к­өз жасына қалу», «біреу­дің отбасының шыр­қын бұзу», «обал» деген ұғымдар тап осындайларға жат. Отыздан асқан соң жанталасып, түрлі қитұрқылықтарға барып, «өзі үшін» бала туады. Ең сорақысы, қазіргі заманда кейбір әкелер де қызының оң жақта отырып бала туғанына намыстанбайтын болған…
Жазушы Дулат Исабеков ағамыз бір сұхбатында: «Батырлық туралы жыр­ларымызды не болмаса тарихи кітаптарымызды оқып отырсаң – бабаларымыз кілең сен тұр да мен атайын дейтін батыр, са­йыпқыран.
Ал қазіргі ұрпағы ке­рі­сінше. Бүгежік, ынжық, на­мыссыз. Осы тұрғыдан кел­­генде кейде ойлаймын, ар­тық айтсам, кешірім өтінемін, біз шын батырлардың ұрпағымыз ба, әлде ауыл арасында бір-бірімен қырылысып жүрген барымташылардың ұрпағымыз ба?» деп таңғалады.
Шыны керек, осы ой мені де мазалайды… Бәлкім, бәрі де біздің отбасылық өмірге, ата-ана беделіне жеңіл-желпі қарауымыздан, тектілік туралы ойымыздың терең еместігінен болар…

Камал ӘЛПЕЙІСОВА,
жазушы,
филология
ғылымдарының кандидаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды